Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік

09.10.2024, 13:05 122

Бүгін қала күні мерекесі аясында «Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік» атты зағип және нашар көретін жандар арасындағы республикалық өнер байқауы басталды. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен көзі көрмесе де көкірегі ояу, талабы бөлек талантты 10 топ қатысуда.

Естеріңізде болса, бұл дәстүрлі дода былтыр Атырау қаласында өтіп, онда байқаудың бас жүлдесін қызылордалықтар жеңіп алған еді. Биылғы сайыс сыны тағы бір топтың бағын ашпақ.

Өрісті өнер тойында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев шараның шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Қоғамда ерекше қажеттілігі бар жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету міндеті кез келген мемлекеттің маңызды мәселесі.

Бұл тұрғыда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі» деген болатын.

Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша ерекше қажеттілігі бар жандар саны – 11 728 адам болса, оның ішінде көз жанарының мүгедектігі бар адамдар саны – 1459. Олардың үшеуі тұрақты жұмыс істесе, 47-сі қоғамдық жұмысқа тартылған.

Тағдыр салған іске мойымай, қажырлы еңбегімен, өр рухымен қаланың мәдени-рухани тынысына дем беріп, өз кәсібін дөңгелентіп, ел экономикасына теңізге тамған тамшыдай үлес қосып жүрген азаматтарға алғысым шексіз, – деді Дархан Есалыұлы.

Түрлі байқауларда топ жарып жүрген жүлделі жүйріктер бүгінгі командалық сайыста көркемсөз оқу, ән салу және дәстүрлі ән орындау жанрлары бойынша өнер көрсетіп, өзара жеңімпазды анықтайтын болады.

Байқау ережесіне сәйкес, Сыр өңірінен шыққан белгілі қаламгерлер мен өнер иелерінің шығармалары орындалады.

Айта кету керек, 15 қазанда Халықаралық «Ақ таяқ» күні аталып өтіледі. Бұл байқау қос мерекенің маңызын арттыра түспек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: