Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қышқала – ірі сауда әрі қолөнер орталығы

25.05.2020, 18:00 1654

HALYQLINE.KZ ҚЫШҚАЛА ҚАЛАШЫҒЫ (ХІІІ-ХҮ ғ.ғ.) – Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырымда орналасқан. Ескерткіш мемлекет қорғауында.

«Қышқала» қалашығы Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент, Қызқала деп те аталады. Қалашық ортағасырға жатады, Сырдарияның төменгі ағысы бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырымда орналасқан. 1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.П.Толстов) зерттеген. Монғол шапқыншылығы кезеңінде қала ең ірі сауда-саттық орталығы болған.

Бұл шаһар жөнінде алғаш рет 1242 жылы итальян саяхатшысы Рубрук жазып қалдырған делінеді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала жайында Қышқала деп аталғанымен қаланың тарихи аты ұмыт қалған. 2018 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесімен экспедиция жетекшісі М.Елеуов айтуынша, шаһар жобамен ХІІІ ғасырдың орта тұсымен мерзімделеді. Көненің көзіндей қастерлі мекен 50 гектардай аумақты алып жатыр. Қала үйлерінің жалпы биіктігі 1-1,5 метрді шамалайды. Олардың күйдірілген қыштан соғылғаны көрініп тұр. Алайда өткен ғасырдың 50-жылдарында қыштан жасалған ғимараттардың басым бөлігі бұзылған.

Қышқаланың уақытында ірі сауда әрі қолөнер орталығы болғандығы туралы айтылады. Қайнаған тіршіліктің орталығы болған қала Алтын Орда заманында дәуірлеп тұрыпты. Көне шаһардағы екі қазбаның бірі мавзолей болса, екіншісі шаруашылық орталығы делініп отыр. Қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдардың болжауынша, Қышқала Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен қалалардың орталығы болған. 2018 жылы қалашықтың шетінде орналасқан кесененің орнын аршылды. Қасбеті қима өрнекпен әрленген екен. Оның биіктігі 3 метрге жуықтайды. Оның мүжілуіне табиғи жағдайлар да әсер етуі әбден мүмкін. Атап айтқанда, желдің, дауылдың, жаңбырдың әсері тиюі ғажап емес. Осындай жағдайлардың әсерінен батысқа қарай құлағаны аңғарылады. Қыш материалдардың негізінде жасалған зерттеу қала тіршілігінің хронологиялық шеңберін ХІІІ-ХV ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді.

«Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың ел аузындағы аңызға сүйеніп, бұл қала Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынды қалдырып кеткен шаһар екендігін еске салған. Кейбір жазба деректерде бұл қала ертеректе Баршынкент деп те аталған екен. Қышқала жайлы XV ғасырдан кейін жазба деректердің кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты сияқты. Әйтсе де, үлкен ауқымды жерді алып жатқан көне шаһар қазақтың қилы тарихының бір тармағындай сезіледі.

Айта кететін жайт, Қышқала қалашығындағы археологиялық зерттеулер М.Елеуовтің жетекшілігімен 2018 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда.

Өткен жылы Қышқала туралы мынадай материал дайындаған болатынбыз.

Қызылорда облыстық тарихи және мәде­ни­

ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық

мемлекеттік мекемесінің фейсбук

парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: