Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазір бұл маған қажеті жоқ қара тас іспетті. Бірақ…

25.05.2020, 16:07 727

HALYQLINE.KZ  Мұхит Төлеген деген бауырымнан мынандай әпсана естігенім бар еді.

Бірде, рухани ұстаз шәкірттерімен сапарға аттаныпты. Шамалы жерге жеткенде алдарынан үңгір шығады. Ұстаз шәкірттеріне:

– Қазір, мына үңгірдің ішімен өтетін боламыз. Іші тас қараңғы. Адасып кетпесі үшін бір-біріңе қарайласып жүріңдер. Тағы бір айтарым, ішке кіргенде аяқ астыларыңда көп тас жатады. Соны барынша жинап, арғы бетке алып шығыңдар, өздеріңе пайдасы тиер, – дейді.

Ұстаздың бұл сөзіне шүбәсіз сенгендер тасты көп қылып жинап алады. Күмән келтіргендер бір-екі тас қана алады. Қалғандары «бұл ұстаз кейде қайдағы жоқ нәрселерді айтады, айтқанын істей берсең күлкі боласың» деп ештеңе алмайды. Сөйтіп сыртқа шыққанда қолдарына қараса, қолдарындағы тас – алтын екен.

Кітапты кеміріп, қазақтың ғана емес түріктердің де кітапханасының түбін түсірген Мұхаң айтпағанда мұндайды кім айтушы еді?!

Осы әпсананы ойға алып, демалыс уақытын барынша кітап оқып қалуға жіберіп жатырмыз.

Көп жастарға бірдеңе үйрен, уақытыңды босқа өткізбе десең, «мұның маған не керегі бар, уақыты келгенде, керек кезінде үйреніп, оқып аламын» деп бос селтеңмен уақыт өткізуді жөн көреді. Бірақ, ең қызығы да осында.

Жастайынан ештеңе үйренбеген, оқымаған, тәртіпті ұстанбаған адам, жасы келгенде өмірлік процестерде өздерін қалай ұстарын білмей сасып қалады. Санасы мен көкейі киелі құндылықтар мен білімге толмағасын, оның орнын еріксіз бос сөз, күлкі-ыржаң, түрлі сатиралық видеолар басады да адамның адамдық қасиетінен айырып, пенде қылады. Мұның түбі, орта жасқа келген шақта тағдырын өзгертуіне кедергі жасайды. Тәжірибесі жоқ жас өркен, қай жерде қалай ұстауын, қалай сөйлеуін білмей, ақыры, қоғамда ешбір салмағы, қадірі, қасиеті, керегі жоқ пендеге айналады да қалады. Ең қорқыныштысы, мұндай адамдар отбасын құрса біттің дей бер…

Осылайша, қоғамдағы болып жатқан түрлі жамандықтың бастауы осындай білінбейтін жолдармен таралып кете береді.

Мына, менің бас алмай оқып жатқан парағымда, ертең отбасымда 5-10 жыл шамасында болатын құбылыстардың алдын алу туралы жазылған. Әлбетте қазір бұл маған қажеті жоқ қара тас іспетті. Бірақ, оқып мидың бір қатпарына сақтап қойсам болашақта пайдасы алтындай құнды болады. Сол үшін де уақытты босқа өткізбей оқиық.

Жас кезіңде босқа өткен уақыттар,

Есейгенде жүрегіңе дерт болар.

Амангелді  МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

                                                                                                                                         психолог,

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: