Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ғалам мен қалам» поэтикалық дуэлі өтті

19.09.2024, 10:40 148

Қала күні мерекесінің көрігін қыздырған кезекті тағылымды кеш қайта жаңғыртудан өткен орталық алаңда өтті.
Республикаға танымал жас ақындар арасындағы «Ғалам мен қалам» поэтикалық дуэль жобасына еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 9 ақын қатысты.

Қала тұрғындарына ғажайып кеш сыйласақ деп жиылған ақындардың қадамына сәттілік тілеген қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев «Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен тасқа басылған. Бұл ретте «көшесінде жүріп сағынатын» ғажап қаланың жылнамасын жырмен жазып жүрген Сіздердің орындарыңыз бір төбе» деді.

Содан соң қаламыздың мәдени-рухани тынысына дем беріп жүрген бір топ зиялы қауым өкілдеріне қала әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етіп, биыл 80 жасқа толған балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаеваға арнайы құрмет көрсетті.

Ерекше айта кеткен жөн, жас та болса бас болып, әрқайсысы бір елдің сөзін айтып жүрген жас ақындар додасына Ақтөбе қаласынан Дәурен Тілеухан, Шымкент қаласынан Арайлым Мұратәлиева, Елорда мен Алатау бөктерінен Мөлдір Айтбай, Дина Бөкебай сынды ақындардың келуі бүгінгі кештің маңызын арттырды.

Қазақстан жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, Елубай Әуезов, Ғазиза Әбілда төрелік еткен поэтикалық дуэльдің бірінші кезеңінде ақындар Қызылорда қаласы туралы жазған жырларын оқыса, екінші айналымға өткен 8 ақын өзара жұптасып сарындас, үндес өлеңдерімен шын мықтыны анықтады.

Нәтижесінде қызылордалық Аружан Оралбай Сыр елінде алғаш рет өткізілген поэтикалық дуэль жобасының жеңімпазы атанып, 300 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Басқа қатысушылардың барлығы 50 мың теңге ақшалай сыйлық және қала әкімінің алғыс хатын иеленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: