Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысы бойынша өңірлік кадрлық резервке 25 адам қабылданды

29.08.2024, 15:00 661

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу жұмыстарының басталғаны белгілі. Жобаның басты мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастырып, өңірлерді дамытуға талантты жастарды тартуды көздейді. Облыс бойынша іріктеудің алғашқы кезеңінде 235 үміткердің құжаты қабылданып, 23 тамыз күні өткен комиссияның соңғы отырысы бойынша 25 үміткер жеңімпаз боп танылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев мәлімдеді.

– Өңірімізде өткізілген кадр резервіне іріктеуге қатысты тапсырмаға орай, өткен жылдың 11 қазанында Қызылорда облысының кадр комиссиясы құрылды. Комиссияның алғашқы отырысында өңірлік резервтерге іріктеудің сапалық бағыттары айқындалды. Іріктеудің бірінші кезеңінде өңірлік кадрлық резервке 235 үміткердің құжаты қабылданды. Екінші кезең екі блокта өтті. Алғашқы блогы – заңнаманы білуге арналған тестілеуге 226 үміткер тіркеліп, оның 220-сы тестілеу тапсырды, 6 үміткер тестілеу өтуден бас тартты. Ал, екінші блок – жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге 115 үміткер жіберіліп, оның 114-і тіркеліп, тестілеуден өтті.

Нәтижесінде, 51 үміткер кадр резервінің үшінші кезеңіне жіберілді. Бұл «Құзыреттерді бағалау» кезеңі осы жылдың 13-29 мамыр аралығында Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында оффлайн форматта жүргізілді. Аталған 51 үміткердің басым бөлігі мемлекеттік қызметшілер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының және жеке сектордың қызметкерлері мен мұғалімдерді құрады. Конкурстың 4 кезеңіне ниет білдірген үміткерлер саны 48 адам болды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы басқару академиясында жүргізілген ассесмент қорытындысымен 40 үміткер конкурстың төртінші кезеңі комиссияның құрылымдық сұқбаттасуына жіберілді. Олардың 3-еуі жеке себептерімен конкурсқа қатысудан бас тартып, 37 үміткердің қатысуымен 20 және 22 тамыз күндері өңірлік комиссияның құрылымдық сұқбаты өтті.

Айта кету керек, құрылымдық сұқбат барысында іс-сапардағы немесе өзге өңірлерден қатысушы кандидаттарға қашықтықтан «ZOOM» платформасы арқылы қатысу мүмкіндігі берілді. Ал, 23 тамызы күні комиссияның соңғы бесінші кезеңі өңірлік комиссия жұмысының қорытындысы шығып, 25 үміткер жеңімпаз болып танылды. Олардың 12-сі әлеуметтік салада, 4-еуі индустрия және өнеркәсіп саласында, 3-еуі агроөнеркәсіп, 3-еуі экономика, 2-еуі экология және 1 үміткеріміз цифрландыру саласы бойынша өңірлік кадрлық резервтің тізіміне енгізілді. Резервте болу мерзімі 2 жылды құрайды. Алдағы екі жыл ішінде кадр резервіне қабылданған үміткерлерге жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналаса алады,- деді Ерлеген Жәрдемұлы.

Конкурс жеңімпаздарының тізімін https://pkrezerv.gov.kz/ сілтемесінен көре аласыздар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: