Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда Қазақ мұнайының 125 жылдығын атап өтті

27.08.2024, 17:45 555

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіби мерекесімен, Қазақ мұнайының 125 жылдығымен және алдағы Конституция күнімен құттықтады. Өнер орталығында өткен салтанатты іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Аймақ басшысы «қара алтынды» игерген, жер қойнауындағы қазына-байлықты халық игілігіне айналдырған мұнайшыларды құттықтап, игі тілегін жеткізді.

«Сыр өңірінде кейінгі жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жыл басынан бері 296,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 75,6 пайызы – жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарымыз бар.

Мұнай компаниялары да аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешуге, жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуде. Соңғы 10 жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 16 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы аударған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 15 млрд. 700 млн. теңге қаржылай демеушілік көрсетті.

«ҚазГерМұнай» компаниясы 2 млрд. 350 млн. теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салуда. Нысан жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің құны 4 млрд. 800 млн. теңге болатын, заманауи үлгідегі 650 орындық жаңа ғимаратының құрылысы басталды. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жыл сайын түрлі қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, 150 млн. теңгеден астам қаржы аударып келеді. Еліміз басынан өткерген су тасқыны кезінде «Торғай Петролеум» және «Қазгермұнай» компаниялары 70 млн. теңгенің гуманитарлық көмегін көрсетіп, батыс өңірлерге жөнелтті», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында жер қойнауын игеру саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды. Бүгінгі күні жаңа перспективалық учаскелерді барлау мәселесі өзекті. Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелерінде геологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 6 млрд. 300 млн. теңге қаржы қаралған. Биыл «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5 500 метр ұңғыманы бұрғылау басталды.

Жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек қызылордалық мұнайшыларды құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан бөлек, іс-шарада сала үздіктері марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: