Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ине ұшындағы сұлулық

22.08.2024, 10:00 267

Қазір сұлулық индустриясында мүмкіндік көп. Көркіне көрік қосам десе, тәсілі жетіп жатыр. Қабақ қалыбынан бастап, өңіне өзгеріс енгізуге болады. Пластикалық хирургия әлемде де дамыған. Бірақ, кей сәтсіз ота жұрттың  жағасын  ұстатып, жасанды  сұлулықтың жайы  жиі  талқыланады. Десек те, шешімді әр ару өзі  қабылдайды. Сондай-ақ,  қай-қайсысының  да талғамы  мен  таңдауы  бөлек.

Қыз-келіншектердің  өзіне  күтіммен  қарап, сұлулықпен қатар саулығын да назарда ұстағаны маңызды. Олар бет-әлпетін әрлеуден бөлек, дене бітіміндегі артық майдан арылуға асық. Қыз-келіншектердің қалауын орындайтын маман көп. Тиісінше сұлулықтың стандартын сайлаған салон да жетерлік. Соның ішінде «артық қылам деп тыртық қылмайтын» біліктісін табу оңай емес. Қандай да процедура жасауда арнайы кеңес берілсе құба-құп. Әйтпегенде отадан жапа шегуі ықтимал. Кейіпкеріміз Назерке Әбдіғаниева (суретте) хирургия  саласын  терең  меңгерген.

Блефаропластика таңсық ұғым емес. Сал­быраған теріні қалыпқа келтіріп, қабақты ашудың оңтайлы тәсілі. Адамның қос жанары жанды жер екені рас. Өйткені, сәтсіз отадан сан соғып, көзі қуарып кеткендер жоқ емес. Ал Назерке арулардың қалауын орындап, табиғи сұлулықтың трендтен түспейтінін де түсіндіруге тырысады  екен.

– Бұл  салада  жүргеніме 6 жылдан астам уақыт өтті. Астана медицина университетінде хирург-­оториноларинголог мамандығы бойынша білім алдым. Пластикалық хирургияға қызығу­шылығым жоғары. Әр пациенттің процедура мен отадан кейінгі қуанышы жігерлендіре түседі. Қызметім­ді  ыждағатты  атқаруға  тырысамын.

Қабақ жасатуға күніне үш адам, кейде одан көп келеді. Жас ұлғайған сайын қыртыс тері пайда болып, көру қабілетіне әсер етеді. Сондықтан алдын алу үшін қабақты қалыпқа келтіреміз. Негізі орта жастағы адамдарға жасаймын. Жастарға табиғи көзі әдемі екенін мейлінше айтамын. Себеп табылмаса, бет-әлпетін бейберекет түртпектеуге де болмас. Қабақты фейс-фитнес арқылы оңалтуға болады. Егер алдын алып бетке тұрақты жаттығу жасаса табиғи жолмен реттеудің тәсілі – осы. Ал қабақ түсіп кеткен жағдайда амал жоқ, блефаропластика ғана  көмектеседі, – дейді  ол.

Ерінге де екпе алып, ажарланып жүрген арулар бар. Біріне жарасса, енді бірінде жасандылық бірден байқалады. Шүртиген еріннен шошып, күтімсіз қалса салбырап қалады деген күдік те басым. Бірақ кәсіби маманның ісі мұндай келеңсіздікке жол бермейтін көрінеді. Оның айтуынша, ерінге филлер салынады. Ол – гиалу­рон қышқылы, біздің ағзамызда бар. Бастысы салынатын  филлер  сертификатталған болуы керек. Маманның кеңесіне құлақ түріп, ескертуін  ескерсе  оқыс  оқиға  болмайды.

Ажарлы болудың амалын былай қойғанда, дене бітімге де көңіл бөлу маңызды. Мүсінінде мін болмас үшін фитнес залына біразы барады. Ол – саламатты өмір салтын ұстанудың да негізі. Жаттығу жасағанмен майды алып тастау үшін де күрделі оталар жүргізілуде. Иә, липосакция жайында бірі білсе, бірі білмес. Дене сымбатын көз тартар еткенмен, қаупі де жоғары. Тек алдын ала анализ жасалып, қарсы көрсетілім болса ота жасатпаған  жөн.

– Липосакция – жүрдім-бардым қарайтын ота емес. Оған дайындық, ағза үшін тиянақты тексеріс керек. Бұл – сұранысқа ие ота түрі. Алынатын майдың көлемін пациентпен бірге ақылдасып, байламға келеміз. Өйткені 3 литрден артық май алуға болмайды. Негізі отадан кейін тыртық қалмайды. Кейбір жағдайда ағзаның ерекшілігіне байланысты келоидты тыртық қалуы ықтимал. Осының бәрін келген адамға түсіндіріп, жолын бірге қарастырамыз, – дейді  Назерке.

Әйел айнадан өзін адам шошырлық кейіпте көрмей, өзіне көңілі толып, бақытты екенін сезуі тиіс. Жан мен тән сұлулығы тоғысып, көркем­дік пен күміс күлкі үйлесім тапқанда, сұлулық  байқалады.

Лағыл БАЙМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: