Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қолшатыр» астындағы құзырет

21.05.2020, 11:55 1493

Қазақстанның «саяси некедегі» серіктесте­рінің бірі – Еуразия экономикалық одақ. Еліміз­дің сыртқы саясатындағы негізгі бағыт­тар­дың бір тармағы осы бестік құрамға қаратылған. Дүниежүзінде төбесі көк­жиектен көрінетін 262 мемлекет болса, Қазақстан соның 100-ге жуығымен дипло­матиялық байланыста. Импорт пен экспор­т, даму мен дағдарыс, шиеленіс пен шешім, ілгерілеу­ші­лік пен ілеспеушілік, келісім мен бас тарту секіл­ді саяси һәм экономикалық текетірестер «қол­шатыр» астындағы елдерге тән құбылыс ретінде қалыптасқанына да  бес жыл  толды.

Экономикалық-интеграциялық процесс негізінде құрылған еуропалық экономикалық одақ сауда еркіндігі аймағын, Кедендік одақ, ортақ нарық, экономикалық және саяси одақ дамуындағы сатылар­дан бірге өтіп, осы тұрғыдағы тосқауылдарды жеңуде бірлескен шешім қабылдайды. Одаққа мүше елдердің экономикасын бірлесе жаңғыртып, бәсекеге қабілеттілігін арттыр­у үшін ортақ мүддеге бас біріктіріп, маң­дай­  түйістіру қажет­тілігі нарық талабына сай туында­ған еді. Сондықтан болар бұл экономикалық одақты жаһан  жүрегімен  жалғасқан, Еуропа­ мен Азия аралдары арасындағы дәнекер көпір ретінде көреміз. ЕАЭО-ға мүшелікке өту туралы шартқа қол қойылғанда­ да тұтынушы нарығы мен энергия ресурстарының заңдық тұрғыда  ресімделгеніне  бір  қуандық.

 – Бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын, біз Еуразиялық экономи­калық одаққа көп қиындықпен жеттік. Алдымызда жаһандық тұрақсыздық жағ­дайын­дағы  қалыптасу  мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірігіп шешуге және баршамыздың күш-жігерімізбен дағда­рысты  еңсеруге  дайын болуға тиіспіз, – деген еді  сол  кезде  еліміздің  тұңғыш президенті Н.Назарбаев.

Осылайша 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрылды. Бастапқыда Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері ғана мүше болған одаққа кейіннен Қырғызстан мен Армения қосылды. Сөйтіп ХХІ ғасырдың еуразиялық интеграциялық әлеуетін жұмыла көтеруге кірісті. Жасыратын түгі жоқ, бестік одақтың «бәсін» бастап, бәсекесін бұрауға салып отырған Ресейдің бұл одақтағы үлесі басым. Бүгінгі күннің өзінде Ресеймен бірлесіп жұмыс істейтін кәсіпорындардың саны 10 мыңнан асады, оның ішінде белсендісі – 6,5 мың. Қайбір жылы 9 млрд доллар капиталын Қазақстанда ұстап отырған теріскейдегі көршіміз былтырдың өзінде 500 компания құрып үлгерген. Бұл бірлескен кәсіпорындар шығындарының 60-80%-ы логистикаға жұмсалады. Мұны айтудағы мақсат, бұл шаруалардың барлығы да – ЕАЭО жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар. Еркін сауда нарығына байланысты Вьетнаммен келісім орнаған, енді Қытай, Оңтүстік Корея және Сингапур елдерін қатарға қосу жоспардың негізгі бөлігінде тұр. Бестік одаққа Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығының елдері мүшелікке өтуге ниеті бар екенін айтқанына үш жылдың жүзі болды. Бірақ құрам әлі «жұлдызшадан» асқан жоқ.

«Бестік одаққа» мүше елдердің басшылары жылдағы дәстүрінен жаңылмай, тағы да бас қосты. «Бұл әннің бұрынғы әннен өзгерек» тұсы – әлемдік пандемияға байланысты онлайн режимде өтуі.  Саяси көшбасшылардың қатысуымен өткен жиында «COVID-19» пандемиясына байланысты әлемдік деңгейде күрделі жағдай қалыптасып отырғанын айтты. Салдарынан жаһандық экономикалық белсенділік күрт төмендеп, шикізат өнімдерінің бағасы құлдыраған. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы әлемдегі жалпы ішкі өнім 2%-дан аса төмендеуі мүмкін. Сонымен бірге АҚШ пен Еуроаймақтың жалпы ішкі өнімі сәйкесінше 3,3% және 4,2%-ға төмендейді. Қытай экономикасының өсімі      4%-ға құлдырайды деп болжануда.

 – Одақ аясында өндірілетін тауарлардың ешқандай кедергісіз тасымалын ескере отырып, өзара сауда-саттықтың жолдарын қайта қарау керек. Біз бұған дейін ішкі нарықтағы кедергілерді реттеу мәселесін бірнеше рет талқыладық. Өкінішке қарай, дағдарыс кезінде жаңа кедергілер пайда болды. Мұның тұрақты сипат алуына жол бермей, оның нормативтік және құқықтық тәжірибесін қалыптастыру маңызды, – деген еді ел президенті Қ.Тоқаев жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мәжілісінде.

Бүрсігүні онлайн форматта аталмыш  кеңестің  отырысы  өтті.  Бұл жиында Қазақстан басшысы Қ.Тоқаев экономикалық интеграцияның стратегиялық даму құжатының жобасын қолдай отырып, кей бөлімдерін қайта талқылаудан өткізу туралы ойын бүкпесіз баяндады.

Алдымен тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс жүзінде қамтамасыз етіп, бірыңғай қызмет көрсету нарығын кезеңімен құру, ортақ нарық дайындау қажеттігін жеткізді.

 – Аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстырып қарау қиын. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басы біріктірілген, кеңірдегі ортақ одаққа мүше елдердің онлайн режимдегі отырысы бұл жолы сәттілікке толы болмады. Біріншіден, Қазақстан Президенті пандемия кезінде пайда болған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алудың жоспарын жасау қажеттігін, екіншіден, одақтың ақпараттық жүйесін біріктіру жұмыстарын қолға алуды, үшіншіден, көлік-логистика қызметін дамыту қажет деп санайды. Одақтың алдағы бесжылдықтағы стратегиялық даму бағыттарына негізделген саяси, геоэкономикалық маңызы зор құжаттың мазмұны мақұлданғанымен, ашылған күйі қайта жабылды. Маңызы ауқымды себеп көп. Өйткені Франклин Бенджамин «Саясатта маңызды емес нәрсе жоқ» деген.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Коллажды жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: