Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылаған еркек

18.07.2024, 17:00 413

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Түннің бір уағы болатын, дала қараңғы. Кенет, еңселі үйдің ауласынан әйелдің шаңқылдаған дауысы шықты.

– Кет үйден, кет! «Кет» дегенде, ит те кетеді!

– Қатын-ау, зәулім үй салып бердім, астыңа машина алып бердім, не ішем, не кием демейсің. Жазығым не?

– Қатын деме! Қатын емеспін!

– Енді кімсің?

– Ханыммын.

Ақырын жылжып, сәнді дарбазаның жартылай ашық жерінен аулаға көз жіберсем, әйелі мен күйеуі ұрысып тұр екен. «Әйел билеген, күйеулерін қамырдай илеген заман-ай!» деп ойладым ішімнен. Бір кезде, көкбет әйелі гүл өсіп тұрған құмырамен күйеуінің басына бір ұрды. Құмыра менің басыма тигендей күй кешіп, басымды бұғып қалдым.

– Жексұрын! Оңбаған! Шикі піскен манты! Шіріп кеткен балық! Еті жоқ палау! Еттің езіліп кеткен қамыры! Қатып қалған макорон! Құрттап кеткен вермишель! Сарысы жоқ жұмыртқа!

Күйеуі тізесін бүгіп, отырып қалды. Байқаймын, иығы селкілдеп, жылап отыр. Масқара! Еркек те жылайды екен ғой? Әйелі оны дарбазаға қарай сүйрей бастады. Күйеуі кері қашады дейсің.

– Дариға, «жаман әйел күйеуін көрге сүйрейді, жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді» деген мақал бар, төрге қарай сүйресеңші? – деді күйеуі міңгірлеп.

– Ойбай, мақалшылын! Піспеген перашкі! Шикі бауырсақ! Арасында қоқымы көп перловка! Құрттап кеткен алма! Жартысын торғай жеп кеткен шие! Ашып кеткен айран! Іріп кеткен сүт! – деген әйелі таяқпен күйеуін салып қалды.

Мәссаған! Таяқ менің басыма тигендей, әр ұрған сайын, басымды бұға түстім. Таяқтан қашқан күйеуі көрші кемпірдің үйіне кіріп кетті. Әйелі дарбазаның есігін тарс жауып алды! Ойпаңдау жерге жасырына қалған едім, кемпір көршісін жетектеп, дарбазаның есігін тоқпақтады.

– Әй, Дариға! Аш деймін!

Дариға есікті ашты.

– Апа, сіздің шаруаңыз болмасын! – деді.

– Сен ұрған сайын, біздің үйге қашып келе береді. Күйеуіңді құрметтемесең, сыйламасаң, басында неге тидің?

– Аулақ жүріңіз, апа!

Кемпір кеткен соң, Дариға күйеуіне айғайлап берсін:

– Сүмелек! Срогы өтіп кеткен пицца! Қаны шығып тұрған окарашка! Кеуіп қалған котлет! Не бар ол үйде?

– Енді қайда барамын? Кешір, Дариға, енді саған сөйлемеймін.

– Мақаусың ба не? – деген әйелі қорғанның бұрышында сүйеулі тұрған күрекпен басына бір ұрды. Күректің басы басыма тигендей, жерге жата кеттім!

Масқара! Біздің қоғамдағы әйелдер бейнесі осындай ма? «Әйел мен еркек тең құқылы» деген саясаттың ақыры осы ма? Күрекпен сабағанға кім шыдасын, еңірей жылаған күйеуі ауладан атып шығып, көрші кемпірдің үйіне кіріп кетті. Сәлден соң, көршісін жетектеп, кемпір шықты.

– Әй, Дариға! Аш деймін! – деді дарбаза есігін тоқпақтап. Дариға көрінді.

– Немене пәлесің? Сен ұрған сайын, Тоймұрат біздің үйге қашып келе береді. Күйеуің өзіңе! Тыныштық беріңдерші!

– Апа, есігіңізді іліп алыңыз!

– Шарбақтан асып түседі ғой? Төркіні сияқтымыз!

– Әй, бері жүр! – деді әйелі күйеуін жұлқылып, – темекі тартпайсың ба?

– Тартпаймын.

– Шешеңе жамандап, мені сатпайсың ба?

–Сатпаймын!

– Ыдыс-аяқты жуасың ба?

– Жуамын…

– Бала туасың ба?

– Ту… туамын… – деген күйеуі ыржалақтай берді. Әйелі оны сүйрелеп әкетті. Беу, заман-ай!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

фото: funny.klev.club

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: