Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сығанақ: Құм астындағы қазына

20.06.2024, 9:20 390

Керуен жолының күретамырына айналып, сауданың экономикалық мәнін арттырған Сығанақ сыр бермей тұр әлі. Қақпасынан атты әскер атой салып кірсе де, шапқыншылық тарихи келбетіне таңба сала қоймаған. Құм астында жатса да, өткеннің ізі сайрап тұрғандай. Бұған «Сығанақ тарихы» қоғамдық музейі, Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында көз жеткіздік. Ежелден ғалым мен зерттеушілерді таңдай қақтырған тарихи орын сол қалпынан таймады. Алыстан ат терлетіп келген делегацияны жұмбағымен тағы бір тәнті етті. Осылайша, Жаңақорғанға жол түсіп, Сунақ  Ата  ауылына  табан  тіредік.

– Бүгінгі Сығанақ қалашығында ұйым­дастырылып жатқан игі іс-шараға Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, облыс орталығынан да арнайы делега­циялар мен қонақтарымыз қатысуда. Бірнеше жыл бойы мемлекеттен тиісті қаражат бөлініп, тарихи нысанға «Казреставрация» мекемесінің мамандары реставрация және қазба жұмыстарын жүргізді, қаланың бұрынғы кейпін қайта қалпына келтіру үшін біраз еңбектенді. Қазақ хандығының астанасы атанған, тоғыз жолдың торабындағы сауда орталығының бірі болған қалашықтың қазақ тарихындағы  алар  орны  ерекше.

 Бұл жерден Ислам дінінің таралуына дәнекер болып, кеңінен жол ашқан небір дана бабаларымыз өтті. Тарихымызды бүгін­гі буынға, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында маңдай терін төгіп жүрген баба ұрпағы, «Сығанақ тарихы» музейі­нің негізін қалаушы Рысбек Асқарұлына, қаржылай қолдау көрсетіп, белсене қызмет етіп жүрген басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз. Осындай игі іс-шаралардың ұйытқысы болып, жастарға үлгі көрсетуді жалғастырайық, – деді аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.

Тағылымды іс-шараның шымылды­ғын түрген «Сығанақ сыры» қойылымы көп­тің көкейіндегі ойды, жүрек түкпірін­дегі сезімді түрткендей болды. Жиналған қауым  жазық далада үнсіздікпен қойы­лымға зер салды. «Мирас» антреприза театры ежелгі қалашықтағы көріністі қаз-қалпында  баяндағандай  болды.

– Ашық аспан астында өткізілген қойылым – 2017 жылы қойылған «Һиссамиддин һәм Сығанақ сыры» атты пьеса­дан үзінді. Ислам дінін дәріптеген ұстаз  болған. Қойылым  қысқартылып, 2 картинасы көрермен назарына ұсынылды. Қойылымға 8 адам қатысты. Базарда өтетін көріністе Һиссамиддин құл мен кедей жалшылардың қамқоршысы ретінде танылды. Яғни, жиылған қауым оның құлдарды азат еткеніне қанық болды. Жалпы, антреприза – театр термині. Бұл  бір қойылым үшін жан-жақтан жиналатын артистерден құралады. Дәл осылай Алматыда да атаулы қойылымдармен халық қошеметіне бөлендік. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жалғасын таба­ды, – деді драматург, режиссер, актер Дінмұхаммед  Әбжаппаров.

Кейін қонақтар мен делегация «ORDA Сығанақ» шипажайындағы «Сығанақ тари­хы» қоғамдық музейіне бет бұрды. Қазба жұмыстарынан табылған жәдігер мен тарихи мәліметтер қызығушылық тудырғаны рас. Рысбек Амандықтың архив­тер шаң басып қалмасын, ұлы мұра ұрпаққа ұлағат болып қалсын деген ұтымды ойы іске асты. Осы бағытта көпшілік музей  жұмысымен  танысты.

– Сығанақтан табылған жәдігерлер осында қойылған. Бұдан бөлек, тарихи кітап пен мақалалар, қалашықтың алғашқы және кейінгі макеті, фотоархив сынды 500-дей зат бар. Қала тарихын 2014 жылдан бастап зерттеуге кірістім. Түсінгенім, 2003 жылдан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе де, «табылған дүние қайда кетіп жатыр?», «неге құнды мұраны сақтайтын музей ашпасқа?» деген оймен жан-жаққа хат жазып, ұсыныс айттым. Қолдау таппағандықтан, өзім «Сығанақ тарихы» деген атаумен қоғамдық қор ашып, 2018 жылы музей жұмысын бастадым. Десек те, мешітте қойылған музейде көрермен аз болды. Сөйтіп 2022 жылы «ORDA Сығанақ» шипажайы ашылғаннан кейін сұрау салып, музейді осы жерден аштым. Емге келетін халық көп болғандықтан, музейге қызығушылық танытқандар көбейді. Енді дәл орнын тапқан­дай болды, – дейді музей­дің  негізін қалаушы Р.Асқарұлы.

Бұл ретте облыстық тарихи-өлкетану музейі құрқол келмей, Рысбек Асқарұлының тарихқа жанашырлығын тілге тиек етіп, құнды жәдігерлерді тарту етті. Төртқұлақ геометриялық ою-өрнегімен мозайка тәріздес глазурлі, алтыжапырақ гүл оюлы қыш қаптамалар, қошқар­мүйізді ою түскен декоративті қыш бекіткішті  сыйға  ұсынды.

– Сығанақ – ғасырлар қойнауынан өз маңызын жоғалтпаған Сыр өлкесіндегі тари­хи орын. Сондықтан, көне қала­шықты халыққа және жастарға насихаттау игі іс деп білемін. Музей – өткен мен бүгін­ді жалғайтын тарихи-мәдени, ғылыми-­зерттеу институты десек артық айтқандық емес. Сондықтан облыстағы қара шаңырақ музей қорынан глазурленген қаптамалар, терракота мен өрілген қабырғалардың бұрыштамаларын табыстадық. Мұның бәрі Сығанақ қаласына жасалған қазба жұмыстары барысында табылған. Алдағы уақытта жаңадан ашылған музей экспонаттары толығып, кеңейе берсін, – дейді облыстық тарихи-­өлкетану музейі директорының орын­басары  Жанар  Ахметова.

Сыр бүккен Сығанаққа сапар сәтті аяқталды. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі драматург Сая Қасымбектің «Нұрнама» атты премьерасы көрермен назарына ұсынылды. Кеште аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы пьеса авторы, белгілі драматург, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Сая Қасымбекті, «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы Рысбек Асқарұлын және пьесаның қоюшы режиссері Дінмұхаммед Әбжаппаровты аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, арнайы сыйын табыс­тады.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: