Арал ауданының Полиция бөлімінде егіз полицей қызмет жасайды. Егіздің жұптары жазылмай бір саланы таңдаған, полиция майоры Сағиев Байқазақ Аралбайұлы және сыңары, полиция капитаны Аралбаев Әліби Аралбайұлы да осы бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарып келеді.
Полиция капитаны Әліби Аралбайұлы қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысып, өнер жағынан өзі шығарған жүрекжарды жыр шумақтарымен бөлімнің қоғамдық жұмыстарына қатысып белсенділік танытса, ал полиция майоры Байқазақ Аралбайұлы бос уақытында түрлі музыкалық аспапта ойнағанды жақсы көреді.
Полиция майоры Б.Сағиев нәтижелі жұмысының арқасында мақтаулы маман атанды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде өткен үздік учаскелік полиция инспекторларының слетіне қатысып, грамота мен «Үздік учаскелік инспекторы» төсбелгісімен марапатталды.
Адамға көмектесу – оның өмірлік ұстанымы мен басты борышы. Олар – аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтау мен қамтамасыз етуге қызмет етіп жүрген жауапты мамандар. 31 жастағы жігіттердің қатарласып бір салада жұмыс істеп жүргендеріне біріне 7 жыл, екіншісіне 10 жыл болды. Екеуі де қызметтерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше ретҚызылорда ОПД-нің, бөлім бастығының, аудан әкімінің Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Екеуміз де өскенде форма киген полиция қызметкерлеріне қызығатын едік, екеуміз біруақытта шаңырақ көтеріп, ата-анамызды қуанттық. Әкеміз Сағиев Аралбай Сағиұлы және анамыз Абдуллаева Қазына Абдуллақызы медицина саласында дәрігер қызметін атқарып, абыройлы зейнетке шықты. Қатарымыздан кем қылмай өсіріп, оқытты. Ата-анамызға деген алғысымыз шексіз», – дейді полиция майоры Байқазақ Аралбайұлы.
Егіздер бұл саланы таңдағандарына ешқашан өкінген емес. Әріптестері де оларды адал қызметкер ретінде құрмет тұтады.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызмет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!