Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жоспарлаған жұмыстар мерзімінде әрі сапалы орындалуы тиіс

06.06.2024, 9:50 426

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде өртке қауіпті кезеңге дайындық, «Таза Қазақстан» республикалық акциясын және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды.

Одан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған мәселелер бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.

«Қызылорда облысының мемлекеттік орман қоры жерлерінде өртке қауіпті кезең 20 наурыздан басталды. Қала және аудан әкімдері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімдерімен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер. Өрттің алдын алу шараларын қатаң бақылауда ұстаңыздар. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі ақпараттандыру жұмыстарына жете мән беріңіздер», – деп тапсырды аймақ басшысы.

Айта кетейік, облыс аумағында өрт оқиғаларының алдын алу бағытында кешенді профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың 29 ақпанында «Қызылорда облысы аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу, жою жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Орман шаруашылығы мекемелерінде 13 өрт сөндіру автокөлігі мен 65 өрт сөндіруші тұрақты қызмет атқарады.

Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2022 жылдан бері 1 млрд. 544 млн теңге бөлінді. Өртке қауіпті маусымға 18,2 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 15 қадағалау мұнарасында тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған. Орман қоры жерлерінде 527 шақырым өрт жолақтары жаңартылып, 5 918 шақырым ескі жолақтар қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, 61 аншлаг пен панно орналастырылды.

Облыста мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі 7 млн. гектар, оның 3,8 млн. гектары – орманды алқаптар.

Облыс әкімі күн тәртібіндегі екінші мәселеге тоқталып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жыл соңына дейін жалғасатынын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде сәуір айынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жай ғана маусымдық акция өткізу емес, халық санасында экологиялық мәдениетті, тазалыққа, ең бастысы, тәртіпке деген жауапкершілікті арттыру.
Экологиялық акция жыл соңына дейін жалғасады. Облыстық іс-шаралар жоспары бекітілуде. Ел Президенті айтқандай «Таза Қазақстан» «бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес, туған жерімізді үнемі таза ұстауымыз керек». Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, өз аумақтарыңыздағы көше-жол желісінде, аулаларда, жасыл желек аймақтарында, ғимараттар қасбетінде тазалық шараларының сапалы жүргізілуін қадағалаңыздар. Облыстық басқарма басшылары, салаларыңызға қатысты нысандарда тазалық, абаттандыру, көркейту жұмыстарының тұрақты жүргізілуіне жеке жауаптысыздар»,
– деді аймақ басшысы.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы, аудан әкімдерімен бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерінің, халық көп шоғырланатын сауда базарларының тазалығын тұрақты бақылау тапсырылды.

Нұрлыбек Машбекұлы барлық жұмыс бекітілген іс-шараға сәйкес, дер кезінде, сапалы жүргізілуі керектігін атап өтіп, экологиялық акцияны жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттандыруды міндеттеді.

Мұнан бөлек, жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды. Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне жоспарланған жұмыстың мерзімінде, сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, ұлттық жоба аясында облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салынады. Өткен жылы 6900 орындық 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 5400 орындық 11 мектеп құрылысы жүргізілмек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: