Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жәрдем беруге асыққан жедел қызмет

29.05.2024, 11:40 199

Бас ауырып, балтыр сыздағанда жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінеміз. Шақырту түсе салысымен олар көмекті қажет ететін мекен-жайдан табылуға асығады. Дер кезінде берілген көмектің арқасында үзілген үміт оянып, талай ғұмыр қайта жалғанды. Бұл саланың мамандары үшін әрбір секунд құнды. Адам өміріне араша түсіп, алғыс арқалаған сала мамандарының жұмысы жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова мен облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндап берді.

– Республика бойынша жедел медициналық жәрдем қызметі денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 30 қарашадағы жедел медициналық жәрдем оның ішіндегі медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы 225 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Біздің облыста жедел жәрдем көмегі ұйымдастырылған. Қызылорда облысы бойынша 4 бекет бар. Аудан орталықтарында да 9 бөлімше бар. Біздегі Байқоңыр қаласының ерекшелігі, қаланың ішінде Ресей Федерациясының жедел жәрдем қызметі жұмыс істейді де, біз қала сыртындағы ауылдық округтерге қызмет көрсетеміз. Жедел жәрдемді шақырған кезде шақыру себебіне қарай 4 категорияға бөлінеді. Оларды науқаспен сөйлесу барысында диспетчер анықтайды. Категория белгілі болған соң, жедел жәрдем бригадасы жіберіледі. Дертіне шипа іздеген жандарға жедел жәрдем қызметі қашанда жедел түрде қол ұшын созуға әзір, – деді Жаңыл Исақызы.

– 2016 жылдан бастап жедел жәрдем қызметін оңтайландыру мақсатында пилоттық жоба жүзеге асырылған болатын. Сол кезден бүгінге дейін бұл жоба үздіксіз өз жұмысын атқарып келеді. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы құрылымына 4 қалалық, 9 аудандық бөлімше, оперативті бөлім және медициналық авиация бөлімі кіреді. Қазіргі уақытта бұл стансаға 13 бөлімше және оперативті бөлімдер бар. Жалпы саны 50 шақырыс тобы бар. 18 дәрігерлік топ, оның ішінде 4 кардио бригада, 4 педиатриялық бригада, 10 желілік дәрігерлік бригада мен 32 фельдшерлік бригада қызмет көрсетеді. Ал, халықаралық курстар бойынша 63 дәрігер, 517 орта буынды мамандар оқытылған. Білікті дәрігерлер бүгінде арнайы көмек көрсетуге дайын, – деді Ғалия Талғатқызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: