Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ермексаз

28.05.2024, 10:40 305

HALYQLINE.KZ

Халықаралық  балаларды  қорғау  күніне  орай

(Әңгіме)

Мектептің кең дәлізінің кіреберісі. Қаз-қатар қойылған орындықтар. Жасы бар, жасамысы бар, қария, кейуанасы бар сол орындықтарда тізіліп отыр. Түрегеліп тұрғандары да бар. Кейбіреуі бір-бірімен шүйіркелессе, біреулері ұялы телефонға шұқшиюда.

Домбырадан төгілген күй күтіп отырғандарды елең еткізді. Бұл мектепте қоңырау орнына күй орындалады екен. Дәліздің екінші басынан көрінген сарыауыз балапандарша апайларының ізіне ерген бүлдіршіндерге мойын бұрып орындарынан тұра бастады. Әке-шешесін, ата-әжесін көрген оқушылардың жамырай жүгіргені ауылдағы енесіне жүгірген төлдердің жамырағанын еріксіз есіңе түсірердей.

Біреулері немерелерінің, біреулері балаларының әрең көтеріп келе жатқан сумкаларын алып, сырт киімдерін қымтап жатыр. Бірін-бірі тыңдамай жарыса сөйлеп жатқандар да бар.

Сәлден кейін бір-екі кейуана мен екі үш ата-ана ғана қалды. Осы кезде орта жастағы, мейірімді жүзді мұғалім бір қыз баланы ерітіп келіп екі кейуананың жанына отырғызып:

– Лаура, сен әжелердің жанында отыра тұр. Қазір мамаңа хабарласып, неге кешігіп жатқанын білейін, – деді.

Әжелердің көзі Лаураның бойымен бірдей сумкасына түсіп:

– Ой, заман-ай, енеміз, шешеміз «Отағасының ер-тұрманын көтерісіп жүруге жазғай» деп отыратын, біз «бірінші сыныпқа баратын немеренің сумкасын көтеруге жарасақ» деп отырғанымыз мынау, – деді.

– Айтпа, замандас. Мына баланың сумкасы өзінен үлкен. Кітап шығарып жатқандар не ойлаған? Кітап ауыр болған сайын, білім алу жеңіл болады деп ойлай ма екен? Біздің кезімізде бірінші класты әліппе, ана тілі, бес-алты дәптермен-ақ оқып едік. Сонда да біліміміз ешкімнен кем болған жоқ еді…

Тағы да күмбірлеген күй төгілді. Тағы да абыр-дабыр басталды. Мектеп қазақ мектебі аталғанымен, балалар қазақша оқығанымен, әке-шешелерімен орысша шүйіркелесіп жатыр. Жаңағы екі кейуана ғана немерелерімен қазақша сөйлесуде. Біреуі шыдамай:

– Айналайындар-ау, ең болмаса мектепте балаларыңа қазақша сөйлесеңдерші десе, екіншісі:

– Замандас, осыған да шүкір. Әйтеуір, беттері бері қарап келеді ғой…

Оны тыңдап жатқан да адам жоқ. Абыр-дабыр, шүлдір-шүлдір ұзаңқырап барып басылды.

Орындықта отырғандар сиреді. Орнынан қозғалмай отырған Лаура ғана. Айналасына да көңіл бөлмеді. Сабақтың үстінде он отырып, он тұратын Лаураға мүлдем ұқсамайды. Ересек адамдарша ойға шомып отыр.

Бүгінгі күн қырсық шалған күн болды. Ертеңгісін үйдегі есіктің безілдеген қоңырауынан оянды. Қасында жатқан әжесі диванда отыр екен. Ақ халатты апа келіп әжесінің қан қысымын өлшей бастағанда ғана ұйқысы ашылды. Анасымен сөйлескен жедел жәрдем дәрігері әжесін ауруханаға алып кететін болды. Ананы, мынаны жинастырып жүргенде бұның мектепке баратын уақыты да таяп қалды. Анасы мектепке апарып тастап, жұмысқа барар жолда ауруханаға әжесіне бармақшы болып такси шақырды. Әншиінде жетіп келетін такси сыртқа шығып біраз күткеннен кейін келді. Мектептің алдынан түсе сала ауыр сумкасын мықшыңдай көтеріп, киімдерін ауыстырып сыныпқа келгенде сабақ басталып кеткен екен. Сабақ беріп тұрған басқа мұғалім:

– Сабақтың қай уақытта басталатынын білмейсің бе? – деді түсін суытып.

Ол да Лаураның ашуын келтірді. Үндеместен сумкасын сүйретіп орнына барып отырды.

– Неге сөйлемейсің? – деді мұғалім. Бұл апайға ештеңе айтқысы келмеді. Айхан Ахметқызы болса айтар еді. Ол кісі бәрін түсінетін. Қырсық шалғанда бүгін ол апайының да болмауын қарашы.

Үндемей сұп-сұр болып, сазарып отырған қыз балаға қараған мұғалімнің есіне жаңа мұғалімдер бөлмесіндегі Айхан Ахметқызының «сыныпта мінезі ауыр екі-үш оқушы бар. Бір күн амалда, ертең өзім келемін ғой» деген ескертпесі есіне түсіп, сабақты бастап кетті.

Соңғы сабаққа дейін Лаура да сабасына түскендей еді. Соңғы еңбек сабағында тағы қырсық шалды. Бар бәле ермексаздан басталды. Баттасып, домаланып қатып қалған ермексазға Лаураның нәзік саусақтарының әлі келмеді. Ештеңе жасамай, қатып қалған ермексазбен әуреленіп отырған қыз балаға жақын келген апайы:

– Неге жұмыс істемей отырсың? – деді.

– Ермексазым қатты болып отыр.

– Мынау да ермексаз ба?… Қатып қалған бірдеңе ғой…

– Мамам жаңасын әкеп беретін болған. Кеше жұмыстан кеш қайтып дүкенге үлгіре алмапты.

– Мамаң жұмыста болса, әкеңе айтпадың ба?

Лаура үндемеді. Сол кезде алдында отырған ақсары қыз апайға қарап:

– Апай, оның әкесі жоқ. Ол «несчастная сиротка ғой» деп алдына қарай бергенде, жаңа домаланған ермексазын іздеп сумкасынан шығарып қойған кітаптарды қолына алған Лаура қыздың басына періп қалды. Партаға беті тиген қыздың мұрны қанады. Бақырып мұрнын ұстаған қыздың қанаған мұрнын бет орамалымен сүрткен апай қызды жетектей сыныптан шығып кетті. Сынып тып-тыныш. Лаураға құптай қарағандар да, аянышты қарағандар да үнсіз. Сынып есігі ашылып, балаларға таныс, бастауыш сыныпқа қарайтын мектеп директорының орынбасары Жамал Абайқызы сабақ беріп тұрған апаймен бірге кірді. Әлі орнында түрегеліп тұрған Лаураға:

– Атың кім? – деді апайларына еріп келген Жамал апай.

– Лаура…

– Ана баланы неге ұрдың?

– Несчастная сиротка дегесін…

Келген апай мұғалімге қарады. Мұғалім жүзін бұрып Лаураға қолындағы қан жұққан бет орамалды беріп, алдыңғы партаға жұққан қанды көрсетіп «сүрт» деді. Лаура «өзі сүртсін» деп тұра берді. Мұғалім қол орамалды Лаураның алдына тастап «айтқанды неге істемейсің. Әлде мен сүртуім керек пе?…» деді. Ашудан жарылардай болып тұрған мұғалімге жақтырмай қараған Жамал апай түсі бұзылып, сұп-сұр болып, жыларман күйде тұрған қызға:

– Лаура, айналайын, кітаптарыңды жинап жүре ғой…, – деп қолынан жетектеп екеуі сыныптан шығып кетті. Сәл-пәл тартыншақтағанымен қарсыласа қоймаған қыз директор орынбасарының кабинетіне келгесін де сазарып, бедірейіп тұрды. Орнына отырып, қағаздарын жинастырған Жамал апай қасына шақырып, мейірімді үнмен:

– Лаура, айналайын, түсіндіріп айтшы, – дегенде көңілі босаған қыз мұрнын тартып-тартып жіберіп, екі көзінен жас парлап, өксіп-өксіп қоя берді. Жамал апайдың қолында тұрған домалақ ермексазды көріп:

– Мына ермексазымды көрген апай неге басқа ермек саз әкелмегенімді сұрады. Мамамның жұмыстан кеш қайтып, ермексаз ала алмағанын айттым. Апай «папаң неге алып бермеді» деген кезде әлгі қыз «әкесі жоқ, несчастная сиротка» деді. Мен кітаппен басына ұрдым. Мұрны қанады. Ол неге маған олай деп айтады…

Лаура егіліп жылап жіберді.

Баланы бауырына басқан Жамал апай мамасының телефонын сұрады. Бұл білмейтінін айтты. Ұялы телефонмен сынып журналындағы мамасының телефонын сұрап білді. Сосын екі әженің қасына отырғызып, мамасымен хабарласуға кеткен.

Лаура осы үлкен қала Астанаға келгенше «папасы жоқ болған қандай жақсы» деп ойлайтын. Өйткені есін білгелі шағын қалада мамасының ағасы Марат ағаның жер үйінде әжесі бәрі бірге тұрды. Марат ағаның ұл-қыздары бұдан екі-үш жас үлкен болатын. Ойыншықтары да, жейтін тәттілері де көп еді. Олармен жиі таласатын. Сондай кезде әжесі «Лаураны ренжітпеңдер, папасы жоқ қой. Сендердің папаларың бар, ертең тағы әкеледі» дейтін. Төбелесіп жылатып қойғандары әжесінен, не папасынан таяқ жейтін. Ешкім бетінен қақпайтын. Айтқанын орындататын. Ал, папасы бар аға-апалары олай еркелей алмайтын.

Осы қалаға келгелі олай емес екенін сезіп жүр. Мамасының жұмысымен осы үлкен қалаға келді. Биік үйлердің бірінде пәтерлері де бар. Ал мектепке оқығалы папасы болмағаны жақсы емес екенін де көріп жүр. Балаларды бірде папасы, бірде мамалары әкеліп, алып кетіп жүр. Папалары алып берген заттарын көрсетіп мақтанатындар да, папама айтсам маған да алып береді деп олардан қалыспайтындар да бар. Папасы болса мамасы жалғыз өзі жұмыс істеп шаршамас еді. Кешегідей мамасы кешіккенде папасы ермексаздың неше түрін алып берер еді-ау…

Есіне көршідегі өзінен бір жас үлкен Асқардың үйіне барғаны түсті. Төрде ілулі тұрған үлкен суретті көрсетіп менің папам деді. Бұның «папаң қайда?» деген сұрағына мұңая тұрып «қайтыс болды» деді. Бұл:

– Менің папам ұзақ сапарға кеткен, – деді.

Асқар сәл ойланып тұрып:

 -Өткенде үйге келген бір апайлар «сендерді папалары тастап кеткен» деп айтып еді, менің мамам оларға ұрысып тастады… – деген.

«Тастап кеткен…». Бұдан да кішкентай кезінде жерде жатқан бірдеңелерді қолына алып жатса әжесі де, мамасы да «ол жаман нәрсе алма, тастап кет» дейтін. Сонда мамасы мен екеуі жаман болғаны ма?!.. Папасы неге тастап кеткен?!..

Мамасы жұмыстан келгесін «Қайтыс болған адам енді келмейді ғой я, мама, ал ұзақ сапарға кеткен адам келеді я, мама» деп сұраған. Мамасы үндемеді. Мамасының мұңды жүзіне қарап тілінің ұшында тұрған «Тастап кеткен папалар ше…» деген сұрақты бере алмаған.

– Лаура, күтіп қалдың ба?..

Кешігіп келген анасы үнсіз отырған қызын құшақтай алды.

Осы кезде қарсы бөлмеден шыққан Жамал Абайқызы анасын құшақтап тұрған Лаураны көрді. Қыздың жанарында мөлтілдеген жас тұр еді.

Қолындағы ермексазды бермекші болып ұмтылған ол Лаураның қолындағы ермексаз салынған қағаз қорапты көрді де қолындағы ермексазға қарады. Манағы қатты ермексаз қолының жылуымен жұмсарып қалған екен.

Ең аржағы ермексазға дейін бір жылулыққа зәру екен…

Құдайберген  Есекей,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: