Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аққан жұлдыздай жарқ еткен

22.05.2024, 11:30 593

HALYQLINE.KZ

Мен еңбек жолымды бастаған сонау 1978 жылы Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Ә.Айбосынов еді. Ол кісінің мені қызметке қабылдағаны туралы мөрі мен қолы еңбек кітапшамда ескерткіш болып қалды. Содан бері осы қызметте болған талай азаматты көрдім, барлығы да заман талабына сай қызмет атқарған жақсы азаматтар болды. 2022 жылы зейнетке шығар кезде қазіргі білім бөлімінің басшысы, шәкіртім Ә.Жөлекшов болды. Бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған азамат Ерболат Қалнияз осы аудандық білім бөліміне 38 жасында басшылыққа келген болатын. Осы қызметте жүргенде кенеттен қайтыс болған Ерболат ініміз туралы айту – біздерге парыз. Ерболатты мен сыртай танушы едім, дәлірек айтқанда, ауданда білім саласында басшылық қызметте болған әкесі Бегарал Қалниязовпен қызметтес болғасын жақсы танитым едім. Ұзын бойлы, көрсең көзін тоятын, сымбатты жас жігіт Ерболат кейін менімен көрші болды. Үйдің үстінен қызметке бара жатқанда кейде ақ түсті «Нива» көлігін өзі айдап бара жатса, тоқтап амандасып тұратын. Сөйтсем менің көшілікке арналған тарихи-танымдық мақалаларымды газеттен оқып тұрады екен. Кейде кезекті мақаламды оқығаннан кейін, ол туралы деректерді қайдан алғаныма қызығушылық танытып сұрап тұратын. Осындай тегі асыл азамат, аудандық білім бөлімін небәрі екі-ақ жылдан астам уақыт басқарып, кенеттен жүрегі тоқтап, аққан жұлдыздай есімізде қалған болатын. Міне, сол Ерболат осы жылы  ердің жасы – 50-ге келетінін біліп, еріксіз қолыма қалам алдым.

Ерболат 1974 жылдың 27 мамырында ұстаздар отбасында дүниеге келді. Әкесі Бегерал Қалниязов – ауданға танымал ұстаз, анасы Саяш Алпысбайқызы – №204 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып 40 жыл қызмет істеген ұлағатты ұстаз. Ерболат осы Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепті 1990 жылы үзік бітіргесін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің физика факультетіне оқуға түсті. Мектепте те, жоғары оқу орнында да қатарларының алды болды. Университет бітірген жас маман Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда физика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Жалындаған жас Ерболат білікті мұғалімдер қатарына тез қосылды, келесі жылы аудандық мұғалімдер сайысында «Физика пәнінің үздік мұғалімі-97» атағын жеңіп алды. Тағы да бір жылдан кейін аудандық мұғалімдер арасында «Жыл мұғалімі-1998» сайысында бас жүлдені жеңіп алды. Осы сайыс Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің акт залында өткенде мектебімізден қатысқан мұғалімдерге жанкүйер ретінде әрі көрермен ретінде көргенмін. Сол кезде Ерболаттың сөз саптауына, өзінің көрермендер алдында ұстау мәнеріне, ең бастысы, шешендік қабілетіне іштей риза болғанмын. Кейін мектебіміздің директоры болған КСРО білім беру ісінің үздігі Б.Сатбаев педкеңес үстінде Ерболат туралы: «Бәрің көрдіңдер ғой, қандай дарынды әрі сөзге шешен бала. Көрерсіңдер Қалниязовтың баласы Ерболат келешекте зав. РайОНО болады» деген еді. Бар өмірін білім саласына арнаған Б.Сатбаев 40 жыл директор болғасын адамды тани біледі ғой, айтқаны дәл келіп, Ерболат аудандық білім бөлімінің бастығы болатынын көрегендікпен айтып кеткен болатын.

Бас жүлдені жеңіп алған Ерболат Қызылорда қаласындағы облыстық мұғалімдер сайысына да қатысып, «Облыстың ең таңдаулы мұғалімі – 1998» атанды. Сол жылдың желтоқсанында республикалық сайысқа қатысып, «Үздік физика пән мұалімі» атанып, 24 жасында Алматы қаласынан кеудесіне «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін тағып қайтты. 2015 жылы тамыз конференциясында Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісін ие болған еді. Білікті мұғалім ретінде көзге түскесін 27 жасында 2001 жылы Б. Әбдіразақов атындағы №88 мектап директоры, 2005-2006 жылдары аудандық білім бастығының орынбасары болып тәжірибеден өтіп ысылды, 2006-2012 жылдары қайтадан №88 мектеп директоры болды. 2012 жылы Қазалы аудандық білім бөлімінің бастығы болды. Осы кезеңде оның іскерлік қабілеті барынша ашыла түсті. Аудан мектептерінің оқушылары облыс, республикалық олимпиадаларына топ жарды, ҰБТ көрсеткіші жағынан да жоғары жетістікке жете бастаған еді… 2016 жылдың 8 қаңтарында Ерболат кенеттен жүректен қайтыс болды. Соңғы сапарға шығарып салған қаралы митингіге жиналған халықтың қарасын санау мүмкін емес еді. Небәрі пешенесіне 41 жас бұйырған Ерболатпен аудан халқы қимай қоштасты.

Міне, мамыр айында Ерболат Бегаралұлы Қалнияздың туғанына да 50 жыл толуына байланысты ауданда түрлі іс-шара өтуде, оның басы-қасында Ерболаттың адал жары Нәзігүл жүр. 2022 жылы Ерболат директор болған Ү.Түктібаев ауылындағы №88 мектепте Ерболаттың атындағы физика кабинеті ашылды. Сосын Ерболатты еске түсіру үшін 5-6-сыныптар арасында математикадан, 7-8-сыныптар арасында физика пәнінен мектепішілік олимпиадалар өтіп тұрады.

Келіншегі Нәзігүл Меңдіқарқызы Ерман – №70 мектепте биология пәнінің білікті мұғалімі, үлкен қызы Ақтоты Ерболатқызы – Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің фармация факультетінің 5-курс студенті, Нұрайымы – Астана қаласындағы медицианлық университетінің жалпы медицина факультетінің 4-курс студенті, Ұлпаны – №266 мектеп-лицейдің 9-сынып үздік оқушысы.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

ҚР  Журналистер  Одағының  мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: