Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтар мен балалардың әрқайсысына бір реттік әлеуметтік көмек беріледі

22.05.2024, 9:50 178

HALYQLINE.KZ

Қазіргі таңда облыста 33000-нан астам мүгедектігі бар адам тіркелсе, оның 6414-і 18 жасқа дейінгі балаларды құрайды. Ал, биыл облыстық бюджеттен алғаш рет барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедектігі бар балалардың әрқайсысына бір реттік әлеуметтік көмек берілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева мәлімдеді.

– Биыл мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасын орындауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 6,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 19 341 мүгедектігі бар адамның 14 771-і оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биыл облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет облыстағы мүгедектігі бар адамдарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек берілетін болады. Бұл көмек 25 қазан Республика күніне орай төленеді деп жоспарлануда. Айта кету керек, ерекше қажеттілігі бар балаларға қосымша оңалту қызметтерін көрсету мақсатында өңірімізде иппотерапиямен оңалту қызметі жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы бұл бағытқа облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 200 балаға қызмет көрсетілді. Ал, осы жылы 150 балаға иппотерапиямен оңалту қызметтері көрсетілуде. Сонымен қатар, биыл мүгедектігі бар адамдарға оңалту шараларын жүргізу мақсатында заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынбақ. Оңалту орталығында өткен жылда 1054 адам қызмет алса, осы жылдың 1 мамырына дейін 415 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Жүргізілген оңалту шаралары өз нәтижесін беруде, – деді Айгүл Болатқызы.

– Жалпы облыс бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылар саны 24 мыңнан асады. Сонымен қатар, 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар асыраушысынан айырылған жағдайда оларға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Ал, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, бала асырап алушыға және қамқоршыға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлемі отбасы табысына қарамастан тағайындалады. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтардың жағдайын жақсарту мақсатында арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайту қарастырылған. Мәселен, жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдері, еңбек сiңiрген жылдары үшiн төленетiн зейнетақы төлемдерi тағайындалған мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобына қарай айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне көбейту арқылы анықталады, – деді Қызылорда облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Маханова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: