Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлік нысанды негізсіз тексеруге жол берілмейді

19.04.2024, 9:15 174

HALYQLINE.KZ

Мемлекеттік кірістер Департаменті құрылыс жұмыстарымен айналысатын Серіктестікке салықтық тексеру тағайындау туралы хатпен Комитетке жүгінген. Жоғары тұрған Комитет өз кезегінде алдын ала тыңдау жүргізуді тапсырып, жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындау туралы бұйрық шығарған. Осыған байланысты, Серіктестіктің 2019-2022 жылдардағы жұмысына салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқама қабылданған. Алайда, Серіктестік жоспардан тыс тексеру негізсіз тағайындалғанын, алдын ала тыңдау жүргізу барысында заң талаптары бұзылғанын көрсетіп, сотқа жүгінеді.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, Комитеттің жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру тағайындау туралы бұйрығының Серіктестікке қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Комитет пен Департаменттің өкілдерінен апелляциялық шағымдар түскен. Шағымда бірінші сатыдағы сот іс бойынша маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамағанын, өз әрекеттерінің негізділігін көрсеткен. Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істің мән-жайын толық зерттеді. Жоспардан тыс тексеру тағайындауға байланысты алдын ала тыңдау Департаменттің басқарма басшысының төрағалығымен өткізілген. Алайда, оның қорытындысы бойынша тыңдауға қатыспаған тұлға хаттамаға қол қойған. Бұл жағдай алдын ала тыңдау жүргізу барысында заң талаптарының бұзылғанын көрсетеді. Сондықтан, шағым берушілердің тыңдаудың заңнама талаптарына сай өтті деуі негізсіз.

Кәсіпкерлік нысандарға жоспардан тыс салықтық тексеру Салық және Кәсіпкерлік Кодексінде көзделген негіздермен ғана тағайындалып, жүргізілуі тиіс. Алайда, Департамент мен Комитет серіктестікке жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындау қажеттілігінің себептерін, негіздерін және салық төлеушінің жоғары тәуекелділігі неде екенін түсіндіре алмаған. Іс құжаттарына қарағанда, Серіктестік тіркелуі жарамсыз деп танылған тұлғалармен есеп айырысу жасамаған, оның тарапынан орындалмаған камералдық хабарламалар анықталмаған. Осыған байланысты, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.

Ш.Маликова,

Қызылорда  облыстық  сотының  судьясы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: