Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен және USAID Халықаралық даму агенттігі өңірлік миссия директорының орынбасары Моник Мосольфпен кездесті.
Басқосуда аймақ басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында 30 жылдан бері ашық әрі сенімді өзара қарым-қатынас қарқынды дамығанын атап өтті.
«Бүгінгі күні Қазақстан мен АҚШ арасында екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыттары бойынша кеңейтілген стратегиялық серіктестік орнатылған. Жоғары деңгейдегі тұрақты ресми кездесулер, өзара сауда-экономикалық қатынастың қарқынды дамуы оның айқын дәлелі деп білеміз. Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, Қызылорда облысы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тауар айналымы 10,1 млн. АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 есе өскен.
Әлемдік қауымдастық Арал теңізінің тартылуын адамзат тарихындағы экологиялық дағдарыстың бірі ретінде бағалады. Құрғаған теңіздің зардабы тек өңірге немесе бір елге ғана емес, барша әлемге тиюде. Осы іссапарда Аралдың қазіргі жағдайымен және атқарылған жұмыстармен арнайы танысқандарыңыз, Аралды құтқару ісіне қосқан елеулі үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, 2021-2023 жылдары USAID Халықаралық даму агенттігінің «Оазис» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экожүйені қалпына келтіру мақсатында 150 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер отырғызылды, 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн. гектарға сексеуіл екпелерін егуді тапсырған болатын. Биыл 276,2 мың гектар аумақта осы бағыттағы жұмыстар жоспарланған. Қазір 65 мың гектар ұлтанға 19,4 млн. сексеуіл көшеті отырғызылды, алдағы жылы 280 мың гектар алқапқа егіледі.
Бүгінгі кездесуде АҚШ елшісі Америка мен Қазақстанның өзара тиімді әріптестігін әрі қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Өңірге жұмыс сапары барысында Дэниел Розенблюм Қызылорда облысының су шаруашылығы нысандарымен, USAID Oasis жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!