Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысы Қазақстан үшін заманауи сын-қатерлер жағдайында даму мен жаңғыруға ұмтылысын атап көрсеткен келелі кездесу болды. Осы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның саяси және экономикалық ахуалын ғана емес, мәдениет, өнер, дін, даму стратегиялары тақырыбында да өз ой-пікірімен бөлісті. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінде көтерілген басты мәселелердің бірі ел экономикасын жаңғырту жолы болды. Қазақстан өз экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық ахуалды нығайтуға және инновациялар, ақпараттық технологиялар және жасыл энергетика сияқты дәстүрлі ғана емес, сонымен қатар жаңа салалардың дамуын ынталандыруға ұмтылуда. Бұл қадамдардың маңыздылығы – өзгермелі жаһандық үрдістерге тиімді бейімделе алатын тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуде жатыр.
Сонымен қатар, климаттың өзгеруі мен экологиялық проблемаларға байланысты жаһандық сын-қатерлер тұрғысында Мемлекет басшысы тұрақты даму мен экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды. Бұл қоршаған ортаны қорғау ұлттық стратегияның және күн тәртібінің құрамдас бөлігі екенін мойындауды көрсетеді.
Қазіргі заманғы геосаяси қиындықтар мен әлемдік аренадағы серпінді өзгерістер аясында мемлекет басшысы еліміздің халықаралық ұстанымын нығайтудың, басқа мемлекеттермен диалог пен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – аймақта және одан тыс жерлерде бейбітшілікті, тұрақтылық пен гүлденуді қамтамасыз етуге бағытталған ойлы қадам.
Алайда, бұл нәтижеге қол жеткізетін мақсаттардың жүзеге асуы үшін қоғамның барлық саласы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірге әрекет етуі тиіс. Елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени ресурстарын біріктіру арқылы ғана тұрақты және үйлесімді дамуға қол жеткізе алатынымыз ел президентінің сөзінде де айтылды.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда қозғаған тақырыптары осы оқиғалардың маңыздылығының көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар ел дамуының стратегиялық бағыттарын пайымдау екені байқалады. Бұл маңызды басқосуда айтылған ауқымды да мәнді ойлар бүкіл қазақ қоғамының алдағы болашағына негіз болғалы тұр. Бұл идеяларды жүзеге асыру тек саяси ерік-жігерді ғана емес, ұлтқа лайықты болашақ құруға әрбір азаматтың белсене қатысуын талап етеді.
Ұлттық құрылтайдың өткеніне үш аптаға жуық уақыт болғанымен, онда айтылған мәселелер әрдайым өзекті. Сол үшін басылымның алдағы сандарында сала мамандары, қоғамдық пікір иелерінен Ұлттық құрылтайда айтылған дүниелерге байланысты ұсыныс-пікірін біліп, жариялап отыруды жөн көрдік.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы:
ӨРКЕНИЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ – БІЛІМДЕ
Атырауда өткен құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақ тілінің қолданысын күшейту», «Кітапханаларды жаңғырту», «Дәстүрлі дінге ден қою», «Мемлекеттік нышандарға қатысты көзқарас», «IT-технологияларды дамыту», «Бизнестегі белсенділік» сынды мемлекет үшін өмірлік маңызды бірқатар мәселеге тоқталып, ұлттың келбетін айқындайтын басты құндылықтарды атап өткенін білесіздер.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп, ерекше дамытуы керек құндылықтардың бірі ретінде кітап оқуды ұсынды.
Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деп атап көрсеткендей, өркениетті қоғамның басты тірегі – білімде. Ал білімнің кілті – кітапта. Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және тәрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың – рухани қазына аталуы да сондықтан. Мұндай ойды ертеден білген ел билеушілері мен патшалар сонау ықылым заманның өзінде-ақ ең әуелі кітап оқу және кітапхана ісін өркендетуге ерекше назар аударғанын байқауға болады. Оның жарқын үлгісі – бүгінге аңыз болып жеткен әлем кереметтерінің бірі Мысырдағы Александрия кітапханасы болса, екіншісі – түркі халықтарына ортақ құндылық көне Отырар кітапханасы. Одан бөлек те талай дәуірдің кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан кітапханалар санында шек жоқ. Заман дамыған сайын, адамзат баласы кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түспесе, кеміген емес. Өйткені, ұлы француз жазушысы Дени Дидро айтқандай, «Адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады». Сондықтан өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді салуымыз керек.
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір жастардың қолында. Қай заманда болмасын, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте, Ұлттық құрылтайда аға буынның жас ұрпаққа жүйелі жол нұсқап, бағыт беруі керектігі туралы да айтылды. Қоғамның құндылығы халық дейтін болсақ, оның ішінде жастар – жаңа идеялар иесі. Біздің ұлт болып ұйысуымыздың, ұлттық болмысты сақтаудың негізгі тетігі де – бүгінгі жас буын.
Осы орайда бұған дейін халық үніне құлақ түрудің платформасы ретінде қарастырылып келген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін алмастырған Ұлттық құрылтайдың да ұлық істерге ұйытқы боларына күмәніміз жоқ. Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді.
Талғат МЕҢДІБАЕВ,
«Кітап құрттары»
кітап клубының жетекшісі:
КІТАП ОҚУ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ БОЛУЫ ТИІС
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында кітап және кітапхана мәселесін ашық көтерді. Әбділда Тәжібаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп мірдің оғындай дөп сөзді айтып кеткен. Рас, адамзат болуымызда, рухани кемелденуімізде кітаптың да, кітапхананың да алар орны айрықша асқақ!
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деді ҚР Президенті.
Расында, жастарды кітап оқуға үйрету өз дәуіріміздің кірпішін берік қалау деп ойлаймын. Бұл тұрғыда оқырман қауымға жасалған жағдайды жетілдіру керек. Қазірде «Мазмұндама» секілді кітап сататын орын көп, бірақ, мемлекеттен оларға аса қолдаудың жоқтығы кітапхана ісінің аса өркендемеуіне алып келеді.
«Қоғамдық мәдениетті қайтсек қалыптастырамыз?» деген сауалға «кітап оқитын мемлекетті жасағанда ғана өркендеу идеялогиясына түсеміз» дер едім. Кітап оқу – кітапханадағы барлық кітапты оқып тауысу деген сөз емес, жүректен шыққан дүниені оқу арқылы жүрекке қабылдай білу. Біз осы жағынан ақсап жатырмыз. Ұлттық сана, мейірім, руханият, адамзаттың бір-бірін қолдауы сынды дүниелерді кітаптан оқымасақ, оны іс жүзінде іске асыру әсте қиын дүние. Сондықтан оқу, ізденіс жасау дағды ғана емес, ұлттық идеология болуы тиіс деп есептеймін.
Бұған дейін кітапхана тақырыбы жетікілікті деңгейде көтеріліп келе жатыр. Бірақ оған көңіл бөліп жатқандар шамалы. Мемлекет басшысы бұған дейінгі Ұлттық құрылтайда да кітапхана ісін тақырыптан тыс қалдырмады. Айтылған тапсырманы орындау кемшін. Кітап деген дүниеге жанашырлық жетіспейді. Біздің елде бұйрық уақытылы орындалса, мәселе бола бермейді. Қиындық та, дұрыс емес дүние де салғырттық пен санға жұмыс істеуден басталады. Осыдан келіп, жоғарыдан басталып, төменге «тасталған» дүние емес, төменнен жоғарыға «өркендеген» дүние өсіп шығатынына тағы бір көзім жетті. Елімізді кітап оқитын елге айналдыру – өз қолымызда!
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор:
ЕЛДІК ІСТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – БЕРЕКЕ-БІРЛІК
Жыл сайын өтіп келе жатқан Ұлттық құрылтай еліміздің түрлі саласындағы дамуды ілгерілетуге бағытталған маңызды бастамаларды көтеруге арналған алаңға айналды. Бұл бастамалар саяси ұсыныстардан бастап, өзекті мәселелерді шешуге және жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға бағытталған тәжірибелік жобаларды қамтиды. Осы уақытқа дейін Құрылтайда бірнеше бастама көтерілді. Мәселен, мәдениетаралық алмасу мен қоғамның түрлі сегменттері арасындағы айырмашылықтарды жоюға арналған бастамалар әлеуметтік береке-бірлікті ілгерілетуге үлес қосты. Бұқаралық іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтар, дәстүрлер және мәдени мұраны насихаттау бойынша көптеген жұмыс жүзеге асты. Экономикалық дамуды ынталандыру үшін сапалы білімге қол жеткізуді жақсарту және өмір бойы білім алу бастамаларын ілгерілетуге бағытталған жұмыстар азаматтардың тиімді дағдыларын дамытуға серпін берді. Инновациялар мен технологияларды жеделдетуге бағытталған ұсыныстар академиялық орта, өнеркәсіп және үкімет арасындағы серіктестікті ынталандыруға бастама бола білді. Теңгерімді өңірлік дамуды ынталандыру, инфрақұрылымдық жаңа жобалар және жергілікті өндіріс пен бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру өңірлік дамуға өзгерістер әкелді.
Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы үшінші Құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін айтты. Расында да, халықтың береке-бірлігін сақтау кез келген ел тұрақтылығының, ілгерілеуінің, өркендеуінің негізі болып табылады. Біртұтас қоғам ел алдында туындаған мәселелерді жеңуге, ортақ мақсаттарға жетуге және ортақ бірегейлік пен мақсаттар сезімін қалыптастыруға әрдайым дайын тұрады.
Береке-бірлікке қатысты көтерілген бірқатар өзекті мәселе көптеген өзгеріске әкелетіні анық. Біріншіден, қоғамның барлық мүшесінің шығу тегі, этникалық тегі, діні мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан өздерін құрметті және белсенді сезінуін қамтамасыз ететін инклюзивтілікке ықпал жасайды. Екіншіден, түрлі қауымдастық, топтар мен жеке адамдар арасындағы ашық диалогты ілгерілету өзара түсіністік пен төзімділікті ынталандырады, шиеленіс мен келіспеушілік ықтималдығын азайтады. Үшіншіден, қоғамдағы мәдениеттер, тілдер, дәстүрлер мен көзқарастардың әралуандылығын қабылдау ұжымдық бірегейлікті байытады және әлеуметтік келісімді нығайтады. Төртіншіден, жүйелік теңсіздіктер мен әділетсіздіктермен күресу мемлекеттік институттарға сенімділікті арттыруға көмектеседі және береке-бірлікке қажет адалдық пен әділеттілік сезімін тудырады. Бесіншіден, ұлттық бірегейлік, тарих, жетістіктер және рәміздерге мақтаныш сезімін ояту ұжымдық әрекет пен ұлт болашағы үшін ортақ жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан береке-бірлікті сақтауға бағытталған басымдықтар елдің сын-қатерлерге төтеп бере алатын және барлық азаматтың игілігі үшін мүмкіндіктерді пайдалана алатын тұрақты және ұйымшыл қоғам құру үшін маңызды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ұлттық бірегейлігімізді нығайту міндетін де айтады. Ұлттық бірегейлікке негативті ықпал жасап отырған нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм және ысырапшылдық секілді бес кеселге тосқауыл қойылу қажеттілігі белгіленеді. Сондықтан нашақорлық пен оған тәуелділіктің негізгі себептерін жою үшін есірткіге тәуелділерді алдын алу мен оңалтудың кешенді бағдарламаларын қайта қарау қажет секілді. Құмар ойындарға тәуелділіктің қаупі және көмек алу үшін қажетті білім мен ақпарат берумен қатар, осы тәуелділіктен зардап шеккен азаматтарға қолдау қызметтері мен емдеу нұсқаларын ұсынған дұрыс. Зиянды қарым-қатынастар мен мінез-құлықпен күресуге бағытталған білім беру және ақпараттық науқандармен қатар, дұрыс қарым-қатынастар мен шиеленістерді шешу дағдыларын дамытуға негізделген жұмыстарға мән бергенді жөн санаймыз. Қоғамдық орындардағы вандализмді алдын алу үшін бақылау мен қауіпсіздік шараларын күшейтіп қана қоймай, ел игілігіне пайдалануға берілген нысандарды күтіп-ұстау және жақсартуға қоғамның қатысуын ынталандырып отыру қажет. Ысырапшылдыққа жол бермеу үшін қоршаған ортаға қалдықтардың ықпалын азайтуды басқару және қайта өңдеу бағдарламаларын іске асырған жөн. Бұл тұста рухани ысырапшылдыққа да мән беріліп отырғанын айтқымыз келеді. Материалдық және рухани ысырапшылдық мәселесін шеше отырып, қоғам жеке және ұжымдық әл-ауқатқа неғұрлым теңдестірілген және тұрақты көзқарасқа ұмтыла алады. Материалдық байлықпен бірге ішкі байлықты бағалайтын мәдениетті дамыту билік, оқу орындары, қоғамдық ұйымдар, діни мекемелер және халықтың өздерінің мүдделерін қамтитын бірлескен күш-жігерін қажет етеді. Демек, жауапкершілік пен заңды құрметтеу мәдениетін тәрбиелеу осы әлеуметтік бес кеселдің таралуына жол бермеу үшін маңызды.
Қорыта айтқанда, осы жылғы Ұлттық құрылтай кезінде айтылған барлық бастама қоғам мүшелері мен билік, ғылыми орта, азаматтық қоғам ұйымдары және жеке сектор сынды мүдделі тараптардың ұжымдық үлесі мен қолдауы арқылы дамиды. Сондықтан еліміздің дамуындағы күн тәртібін ілгерілету және халықтың қажеттіліктері мен тілектерін қанағаттандыру ортақ пікірден туындайтындығын айтқымыз келеді.
Пікір жинаған Е.СӘРСЕНҰЛЫ
Инфографиканы жасаған Е.Қалиев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!