Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ күресіндегі тұңғыш төреші қыз

15.05.2020, 17:00 740

HALYQLINE.KZ Былтыр Ақтөбе қаласында Ұлттық спорт түрлерінен V фестиваль өтті. Қазақ күресінен Гүлнұр Ерболқызы жарыстың бірінші күні 57 келі салмақта күресіп жүлдегер атанса, екінші күні кілемде қазылық жасады. Гүлнұр – қазақ күресіндегі тұңғыш нәзік жанды төреші.

– Бұл өзі қызық болды. Сол сәтте үш жарысқа қатыстым, мерзімдері тым жақын, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – Әуелі Оңтүстік Кореяда дүниежүзілік жауынгерлік ойындар бағдарламасына тұңғыш енген қазақ күресінен (Гүлнұрдың бұл жетістігі дүниежүзілік жауынгерлік ойындардағы қазақтың тұңғыш алтыны — С.Қ.) және Үндістанда самбодан өткен Азия біріншілігінде алтын алдым, ал кейін Ақтөбедегі фестивальде қазақ күресінен екінші орыннан көріндім. Шыны керек, күш-қуатым соған жетті.

Гүлнұрға шетелдегі екі жарыстан кейінгі жарыс қиындау болды. Оның үстіне, Үндістанда әуежайда түнеп, қолында бар тамақты тауысқан. Осының бәрі жарыс кезінде әсер етпей қойсын ба? «Ақтөбегі жарыстың финалын көрсеңіз, басымдық менде болды. Бір бүк, бір жартылай жеңіспен алда келе жатып, соңғы сәтте босаңсып қалдым. Айта кететіні, самбодан Азия чемпионатында аяғымды ауыртып алдым. Жарыста қатты әсерін тигізді (Алматы облысының ұл-қыздары сол жарыста тек жалғыз жүлде алды. Оны Гүлнұр алып берді). Оның үстіне Ақтөбедегі жарыстан кейін мені самбодан әлем чемпионаты күтіп тұрды. Оған да жарақатсыз, тың қатысуым керек болды» дейді ол.

Сол жарыста Гүлнұр бас хатшы болған Бақдәулет Сәбитовтің айтуымен қазылық жасайды. «Бастапқыда тек басы-қасында жүрсең болды деп костюм-шалбар алдыртқан. Алайда өзім қатысқаннан кейінгі күннен бастап жарыстың соңына дейін алаң ортасында төреші болдым. Төреші қыздарға арнайы бір киім үлгісі болмағандықтан, өзім алып барған костюм-шалбармен қазылық еттім» дейді кейіпкеріміз.

Біз тұңғыш төрешіге: «Қазақша күрестен төрелік жасау үшін қандай да бір білім, болмаса белгілі бір мекеменің рұқсаты қажет пе?» – деген сауал қойдық. Ол бұл орайда 2016 жылдан бері самбо күресінде төрешілікпен айналысып келе жатқанын, алаңдағы жағдайға байланысты тез шешім қабылдап, ақиқатын көрсету керектігін айтты.

– Қазақ күресімен 2015 жылдан бастап айналысып келемін. Сол аралықта қанша жарыстарға қатыстым, үйренгендерім бар және қасымдағы ағалар ақыл-кеңес берді. Төрешілерге арнайы семинарлар ұйымдастырылады. Бір қызығы, осыған дейінгі семинарларға Меруерт, Самал сынды алдыңғы буын әпкелеріміз қатысқан, бірақ ол кісілер алаңда төреші болмады. Мен сол бір басталған іске нүкте қойғандай болдым. Сол жарыстан кейін төреші болды деген арнайы қағаз берді және ресми хаттамаларға менің есімім жазылды. Алдағы уақытта төреші есебінде шақырса, баруға дайынмын, – дейді Гүлнұр.

Бүгінде Гүлнұр өзі оқып бітірген Қаркен Ахметов атындағы олимпиялық резервтегі мамандандырылған республикалық мектеп-интернат колледжінде оқытушы болып қызмет істейді.

Серік ҚАНТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: