Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Олимпиада чемпионы Шәміл Серіков суицидке неге барды?

26.03.2024, 10:40 1099

HALYQLINE.KZ

Ол 1956 жылы 5 наурызда Алматыда дүниеге келді, әкесі қазақ Кәрім Серіков аштықтың кесірінен жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленгендіктен, өзінің қай рудан екенін білмей, ажырап қалған еді, анасы Сара Гайнулиевна Букеева татар қызы еді. Шәміл анасына тартқандықтан сұлу жігіт болып өсті. Шәміл қатарларына қарағанда әлжуаз арықтау еді, спорт мектебінің есігін имене ашқанда, бағына қарай алғашқы жаттықтырушысы Аянбек Ысқақұлы Алдабергенов қарақты көзімен, көзінің оты бар Шәмілді күрестің әдіс-тәсілдеріне үйрете бастады. Бастапқыда мектептен келген бойда күрес секциясына түскі асын да асығыс ішіп бара жатқан Шәмілге: «Балам-ау, ап-арық сенен қандай балуан шығады» дейтін. Бірінші рет турнирде жеңіп, дипломын көрсеткенен кейін баласына тілекші болып отыратын болды.

Оның олимпке шығатын даңқты жолы осылай басталған еді. Алдымен оқушылар арасындағы республикалық турнирде төрт рет жеңімпаз атанды. Сосын 1974 жылы жасөспірімдер арасындағы СССР спартикиадасында чемпион болды. 1975 жылы СССР чемпионатында чемпион болғасын, СССР спорт шебері атанды. Сол жылы жаттықтырушысы Аянбек Алдабергенов басқа қалаға қоныс аударуына байланысты жатықтырушысы Анатолий Павлович Жарков болып, 1977 жылы СССР чемпионатына қатысқанымен, жолы болмай артқы орындардан көрінді. Осындай кезде Шәмілдің сағы сынбай қалуына Жарковтың атқарған еңбегі зор болды, ол келесі жылы өтетін чемпионатқа дайындалғанда, өзінің жаттықтыру стилін қолданды. Шәміл жеңіліп қалған қарсыластарының кинохроникасын көріп, Жарковтың өзі Шәмілдің қарсыласы болып күресті, бұрынғыдай белдесудің алғашқы минуттарында қарсыласын тану үшін кететін уақытты қысқартты. Нәтижесі де өте зор болды, 1978 жылы классикалық күрестен 57 кило салмақ дәрежесінде күрескен Шәміл СССР чемпионатында чемпион болып, сол жылы Мехикода өткен әлем чемпионатында да жеңіске жетіп, «Халықаралық спорт шебері» атанды. 1979 жылы Бухаресте Европа чемпионы, Сан-Диегода әлем чемпионатында екінші рет әлем чемпион болып, 1980 жылғы Москвадағы Олимпиадаға қатысатын үміткер болды. Бірақ оған осы 57 кило салмақ дәрежесіндегі басты қарсыласы Виталий Константинов еді. Оның басты артықшылығы ол орыс болды, 1972 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, 1975 жылы Европанның, 1976 жылы олимпиаданың чемпионы болатын және 1980 жылы СССР чемпионатында чемпион болды. Бірақ барлық кездесуде Шәмілді жеңе алған жоқ еді. Шәмілдің тағдыры талқыға түсті, «Константиновтың атақ-дәрежесі зор болғанымен, Шәміл Серіковты жеңе алмапты, одан артық не керек?» деген пікір үстем болып, Москва Олимпиадасына Шәміл қатысатын болды. Классикалық күрес мамандарының таңдауы дұрыс болып, чемпион атанды және қандай көрсеткішпен десеңізші? Соны тағы бір еске алайық: бірінші айналымда бельгиялық балуан Жульен Мевиатты 3 минутта, екінші айналымда румын балуаны Михай Боцилді 2 минутта, үшінші айналымда итальян балуаны Антонио Кельтабиацті 3:2 есебімен, төртінші айналымда чех Йозеф Крысті 8 минутта, бесінші айналымда швед Бенни Юнгбельді 3 минутта, алтыншы айналымда поляк балуаны Юзеф Липенді 11:4 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Москва олимпиадасында Шәміл Серіковтың жұлдызды сәті туды. Классикалық қазіргі атауы бойынша грек-рим күресінен бұрын-соңды болып көрмеген көрсеткішпен олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды. Алты белдесудің төртеуін мерзімінен бұрын аяқтап, екеуін айқын басымдықпен жеңді. Гиннес рекордтар кітабының мамандары балуан Ш.Серіковтың бір минут ішінде алты лақтыру (бросок) жасағанын тіркеп, кітапқа енгізді. Әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары Шәмілдің күрестің шынымен классикалық түрін көрсеткендігін жарысып жазып жатты.

Алматыға келген соң Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қабылдауында олимпиаданың алты алтын жүлдегелері Ж.Үшкемпіров пен Ш.Серіков (күрес), С.Котенко (суда жүзу), Н.Ольхова (баскетбол), В.Муравьев (жүгіру), В.Мазин (штанга), күміс жүлдегер С.Қонақбаев, т.б. болғанда, Шәміл Серіков барлығының атынан сөз сөйледі. Чемпиондардың барлығы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осылай жұлдызды сәті жалғасып кете беретін шығар деп ойладық. Алайда бәрі басқаша болды, олимпиада чемпиондарына үш бөлмелі жаңа пәтер кілті берілген кезде жалғыз Шәмілге ескі екі бөлмелі пәтер берілді. Шәміл күресті қойып, жаттықтырушы болып, шәкірттерінің жеңісін көру бақытына ие болғысы келетінін айтқан өтінішіне ешкім құлақ аспады. Одан жаңа жеңістерді талап етті. Алайда, ынтасыз қатысқандықтан жолы болмады, Европа чемпионатында бесінші орын алды, СССР чемпионатында тіпті соңғы орынан көрінді. 1981 жылы БАМ құрылысшыларымен кездесуге барудан бас тартты, себебі ескі пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Республиканың спорт басшылары Ш.Серіковке Олимпиадалық стипендиясын төлемеу туралы шешім шығарды, ол деген сол кездегі отанын сатқанмен бірдей еді, тіпті Ауғанстандағы соғысқа да жібермекші болды, тек Шәміл құрамында болған «Динамо» спорт клубы әскери емес азаматтық болғасын, оларға ондай құқық берілмегендіктен аман қалды. Ай сайын алып тұратын 680 сом олимпиадалық стипендия берілмегесін, отбасын асырау үшін қара жұмыс істеуге, қазіргі тілмен айтқанда «шабашник» болып кетті. Шәміл жүкші, күзетші, бетоншы, азық-түлік тасушылардың бригадирі болды. Маусымдық қарбыз егетін кәрістермен қарбыс екті, піскен қарбызды өткізу үшін КамАЗ-ды күзетіп баратын жерге апарды, жолда түрлі қауіп-қатерге басын тігіп жүрді. Шәмілдің бар жазығы өзінің шаршағанын ғана айтты, 1982 жылы СССР чемпионатында соңғы алтынын алған соң, өзінің жаттықтырушы болатынын айтқаны үшін жазықты болды. Өзімен бірге 48 кило салмақта чемпион болған Жақсылық Үшкемпіров көрсеткіші жағынан Қазақ ССР мен СССР чемпионатының чемпионы болса, Шәміл Серіков СССР, Европа және Әлемнің екі дүркін чемпионы болды. Жақсылық ағамыз 1981 жылы республикалық спорт комитетінің нұсқаушысы болса, 1984 жылдан бастап республикалық кәсіподаққа қарасты спорт мектебінің директоры болып, Ж.Үшкемпіров атындағы жасөспірімдер арасында турнир өткізіп тұрды. Қалайша осылай болды? Кейбіреулер Жақсылық ағамыздың аты-жөні қазақша болғандықтан және ауылдан шыққандықтан дейді, ал Серіковтың аты мен түрі кавказдыққа ұқсады және алматылық болып, жартылай татар болғандықтан дейді, оның бәрі бос әңгіме. Олай болса, Шәмілдің атағы неге тәуелсіздік алғаннан кейін де аталмай қалды? Жақсыбай Базарбиевтің он жыл бойы Ш.Серіков атында грек-рим күресінен өткізіп тұрған турнирді неге өткізбей тастады? Сұрақ көп, жауап жоқ! Жақсылық ағамыз Қазақстанның Еңбек Ері атанып, бар қошеметті басынан өткерді. Әттең сондай құрметті көрмек түгіл қудалауға түсіп, балуан Серіков суицидке барды. Шәмілге ең жоғары бағаны Жақсылық Үшкемпіров берді: «Шәмілдің кілемдегі әр күресі қайталанбас спектакль еді, оның қасында менің күресім «колхозшылық» еді. Шәмілдің әр күресі шынымен классикалық күрестің сұлулығын паш ететін». Жақсылық ағамыз олимпиада чемпионы атануына тікелей себепші болғанын былай деп еске түсіреді: «Қарсыласыммен ұпай жағынан бірдей болып белдесіп жатқанда Шәмілдің: «Жақсылық түйе сияқты шайқа, түйе сияқты шайқа»деген қазақша сөзін анық естіп, сол арқылы ұпаймен жеңіп шықтым» деген естелік бейнежазбасын ютуб каналынан көрсеңіздер болады.

Советтік саясаттың сұмдық екендігін мынадан білуге болады. Москва олимпиадасында чемпион болған штангашы Виктор Мазинге жаңа пәтермен қоса, «Волга» атокөлігі берілді және спорт мектебінің директоры қылды. Аяқ астынан келген атаққа масаттанған Мазин араққа салынып, бомж болып кетіп, өзінің туған жеріне барып қайтыс болды. Шәміл шарасыздықтан шаршап жүргенде, қорықпай көмектескен адам болды. Ол Қапшағай спорт мектебінің директоры Орынбай Тойлыбеков еді, қорықпай деген себебім, спорт саласының басшылары тарапынан Шәміл Серіковты еш жер жұмысқа алмасын деген ауызша бұйрық болса да, өзінің мектебіне жаттықтырушы қылып алған болатын. Бұл жерде үш жылдай жұмыс істегеннен соң, басшылар біліп қалып О.Тойлыбековты Шәмілді жұмыстан шығарып жіберуге мәжбүрледі. Осындай шарасыздықтан Москваға барып СССР Спорт комитетінің төрағасы Александр Пархоменкоға жолыққанда, ол таң қалып Алматыға қайта бер, жаңа штат ашқызып беремін дейді. Алматыға келген бойда Қазақ ССР спорт комитетіне келгенде, ол штатқа басқа адамды алып қойыпты. Шәмілдің келіншегі Светлана: «Пархоменкоға телефон соғып хабарлас» дегенін тыңдаған жоқ, Шәмілдің қанында біреудің үстінен шағымдану деген қасиет жоқ еді. Осылай әбден шарасы таусылып, өмірден түңіліп кетіп, 1989 жылдың 22 қарашасында өзіне-өзі қол салып, өмірден өтті. Артында келіншегі Светлана мен екі ұлы қалды. Үлкен ұлы Тимур әкесі армандаған грек-рим күресінің жаттықтырушысы болып Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында істесе, кіші ұлы Эльдар – музыкант. 2013 жылы Шәміл Серіковтың есімі Халықаралық біріккен күрес федерациясының FLA-нің Даңқ Залына алтын әріптермен жазылды. Бұндай құрметке ешқандай қазақ балуаны ие болған жоқ, енді ие бола алмайтын да шығар. Шәміл Серіковтей балуанды енді қазақтың маңдайына жаза ма, жазбай ма, белгісіз! Қазіргі уақытта Ресей мен Татарстан БАҚ-да Шәміл Серіковты өздерінің балуаны деп көрсетіліп жүр.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: