Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бесарық ауылында мерекелік іс-шара өтті

20.03.2024, 16:50 309

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сырдария ауданы, Бесарық ауылында «Әз-Наурыз – игіліктер бастауы» атты мерекелік шара өтті. Жиынға ауыл тұрғындары, аймақ ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды, ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Баршаңызды ырыс пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің, жақсы істердің бастауы – Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы Наурызға Сыр елі Мемлекет басшысының ерекше қамқорлығының, қолдауының арқасында айтулы жетістіктер, толайым табыстармен жетті. Мерейлі мейрам аясында төтенше жағдайлар қызметіне өрт сөндіру автокөліктері, тұрғындарға жаңа баспаналардың кілті табысталып, бірқатар елді мекендер «көгілдір отынға» қосылды. Бүгін, міне, «Үстел теннисі орталығының» іргетасы қалануда. Өздеріңізбен бірге атқарған ортақ ісіміз өңірдің өсіп-өркендеуіне бағытталады. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің, тынымсыз тірліктеріңіздің жемісі.

Облыстың биылғы бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Бұл қаражат өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Халықтың қуанышын еселейтін мақсатты бастамаларымызға жеке инвесторлар да қолдау көрсетті. Инвесторлар қолдауымен 37 млрд 600 млн теңгенің жобалары іске асуда. Сырдария ауданы да серпінді өзгерістердің ордасына айналды. Биылғы аудан бюджеті 11 млрд теңгеден асты. Елдігімізді нығайтып, тұрмысқа тың серпін беретін байыпты бастамаларымыз бен жобаларымыз жалғасын табады. Ұлыстың ұлы күнінде тілеген игі тілектеріңіз қабыл болып, істеріңіз жемісті, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мерекелік жиында Сырдария ауданының дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Сырдария және Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақай Бодықбаев сөз сөйледі. Сонымен қатар, қазақтың дәстүріне сай «Ат қою», «Тұсаукесер», «Селтеткізер» рәсімдері өткізіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Айта кетейік, биыл Сырдарияда 1,7 млрд теңгеге жолдар жөнделіп, жаңа шағын аудандарға инфрақұрылым жеткізілуде. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында Қоғалыкөл, Шаған ауылдарында су құбырлары жаңартылса, Тереңөзек кентінде құрылыс жұмыстары қарқын алды. Сондай-ақ, Аманкелді елді мекенінің су құбырларын жаңғырту басталады. Өткен жылы Қалжан ахун ауылы табиғи газға қосылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Тереңөзек кентінде 1 мектептің құрылысы басталады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория 103 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілуде. Биыл Бесарық ауылында спорт кешені пайдалануға беріледі.

С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов елді мекендеріне газ құбыры тартылуда. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталып, Шаған ауылын газдандыру басталмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: