Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Наурыз айы туғанда…

13.03.2024, 12:10 291

HALYQLINE.KZ

Наурыз айы мерекелер айы десек, қателеспейміз. Айдың алғашқы күнінен алғыс алып марқайып, аяулы аналарымыз бен ардақты арулардың құшағын гүлге толтырдық.

Енді міне, фольклортанушы Берік Жүсіпов ағамыз айтқандай, наурыз айының 13-інде 90 күнге созылған қытымыр қыс маусымы толық күрмеліп, келесі жылдың шырағы жағылды, балпақ інінен шықты. Десек те, биылғы кеткен қыстың лебі келген көктемге бәсекелесіп барын салуда, қыламықтап қар жауып, суға мұз қатып, күн аяз болып тұр.

14 наурызда енді батыстық ағайындар ғана емес, өзіміз де «Амал мерекесін (Көрісу күнін)» атап өтетін боламыз. Бұл мерекені Ресей мен Қарақалпақстанда тұратын қандастарымыз ғана емес, Кавказ халықтары, оның ішінде әзербайжандар да жыл басы деп бір-бірімен көріседі.

НАУРЫЗ  НЕГЕ  ЖЫЛ  БАСЫ?

Халқымыз наурыз айын жылдың басы, жылбасы деп атайды.

Өйткені, осы наурыз айында табиғатта сирек кездесетін құбылыс – күн мен түн теңеледі. Аспан әлемінде Үркер, Сүмбіле, Үшарқар-Таразы сынды ірі үш жұлдыз бір түзудің бойында келіп, тізіле орналасады. Бұдан кейін үш шоқжұлдыз да көзге көрінбей кетеді. Міне, бұл көктем мен жаздың басталғанын білдіреді.

Көне түркілер, қазақтар «Наурыз» мерекесін «жыл басы» ретінде ғана емес, табиғаттың жаңаруы ретінде де тойлаған. «Наурыздан соң жаз деймін» немесе «Наурыздан соң жаздаймын» дегенде «Наурыздың» көктем мезгілінің жаңаруын меңзеген.

Міржақып Дулатов жыл мезгілдеріне арнаған прозалық шығармаларын «Жаз. Жаз кеші. Шілде. Күз. Қыс» тақырыптарына бөліп, көктем табиғатын – жаз, жазды – шілде деп сипаттауы да дәстүрлі халықтық білімді игеруіне байланысты.

Сәкен Сейфуллин 1917 жылы 22 наурыз күні қазақ халқына жолдаған құттықтау сөзінде: «Ескі жыл өтіп Жаңа жыл, жаңа жаз келді», ал 1917 жылы жазған «Жаңа Жыл» атты өлең жолдарында:

Жаңа Жылды қарсы ап тұр,

Кәрі жас та, бала да, – деуі қазақтардың Наурыз мерекесіне «Жаңа жыл» атауын қоса қолданғанын нақтылай түседі.

НАУРЫЗДАҒЫ  КҮН  РАЙЫ  ҚАНДАЙ?

Бұл айда күн райы да құбылмалы болады. Есепшілер күн мен түннің теңелгенін табиғаттағы өзгерістерге, жан-жануарлардың мінез-құлқына қарап ажырататын болған. Мәселен, батыс қазақтары наурыздың 14-і күні сарышұнақ інінен шыққанын күтіп, бақылау жасайды. Егер сарышұнақ інінен ұзамай, маңайында жүрсе, демек, күн әлі суық болады деген сөз. Ал, егер інінен ұзақтау кетсе, онда күн жылынады деп болжаған.

Тасбақа інінен шыққанда, ауызына шөп тістеп шықса, онда күн мен түн теңелді әрі күн жылынады деген. Бұл шөпті халық мәриям шөп деп атап кеткен.

Күн мен түннің теңелгенін төрт түлік сезеді. Мұны әз жүру дейді. Яғни, отардағы қой күннің жылынатынын біліп марқаюы. Отардағы қошқар тұмсығын көкке көтереді.

Ұзарған күннің көзі, түн қараңғысының қысқарып, орнын жарыққа беруі, жер бетінің жылып, көктің қаулап шығуы жасарудың, жаңғырудың белгісіндей көрінеді.

Наурыз айының алғашқы онкүндігін халық түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз, ая мейіз алты күн, қырналса қатты күн деп сипаттайды.

Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанымен, артынша-ақ алай-түлей аласапыран болып, қар борап кетеді.

Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды халықтық метеорологияда отамалы деп атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген отамалының серті бар деседі есепшілер.

Малшы қауымның қарбаласқа толы тыным көрмейтін шағы наурыз айында басталады. Қой түлігі наурыздың ортасынан аса жаппай төлдей бастайды. Оны қой төгіні деп атаған. Төгіндегі қозыны тәрбиелеуге келетін сақпаншылар жаңа туған қозының аузын үкіп, аяғын сырып жылы орныға жайғастырады, шаранасын жағып енесіне табыстырады.

Егіншілер дән себетін егістік жерін баптап, тоған, арық-атыздарын тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жаңартады.

Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды.

Наурызда жауып жатқан қар үстіне құмалақ шашу арқылы көктемнің ерте, не кеш шығатынын болжап білуге болады: егер құмалақ қар үстіне кідіріп қалса, көктем қырық күн кеш туады.

Наурыз айында ашық күндері қолдан ойғандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шағылысып, шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған.

Наурызда жауған қарды халқымыз жақсы ырымға жориды. Бұл кезде қар жауса, жыл жақсы, астық мол болады деп болжам жасайды.

Наурыздың ақша қары жөнінде халқымыздың ауыз әдебиетінде де айтылатын әпсаналар аз емес. «Қыз Жібек» эпосында: «Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу бар. Сүрі қарды ерітіп, жердің бетінің жылуына жол ашатын бұл қарды құсқанаты дейді халқымыз.

НАУРЫЗ  МЕЙРАМЫ

Тыныс-тіршілікті оятып, жаңартып-жаңғыртқан, күн менен түнді теңелтіп, табиғат ананы жасартқан, Самарқанның көк тасына дейін еріткен жақсылықтар жаршысы, жақсы істер бастауы, ақыл-парасаттың, ерен еңбектің мерекесі Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызды 21-22-сінде атап өтеміз.

Ежелден барша түркі жұртына және Шығыс халқына ортақ Наурыз мейрамы – береке мен бірліктің, молшылық пен тоқшылықтың мерекесі.

Ұлыстың ұлы күнін халқымыз салтанатты тойлаған. Ауыл-ауыл болып жиналып, бір қазаннан ас ішіп, қуанысып, бір-біріне деген өкпе-ренішті ұмытып, құшақтасып табысқан.

«Бұлақ көрсең, көзін аш, тақыр көрсең, ағаш отырғыз, жоқ-жітікке жәрдем көрсет» дескен.

Бұл күні халқымыз Наурыз келді, Самарқанның көк тасы еріді деп қуанған. Диқандар жерін жыртып, дәнін ексе, ел іші бұлақ көзін ашып, ағаш еккен, ауласын тазартып, ауылын абаттандырған, жақсы істі бастаған.

Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналады.

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды.

«Наурыз» – парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда, «жаңа күн» деген сөз» (А.Байтұрсынов).

«Наурыз – табиғаттың мейрамы» (С.Қожанов).

«Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы» (М.Жұмабаев).

Наурыз халықтық мереке бола тұрса да кеңестік саясат кезінде оны тойлауға діни мейрам есебінде тыйым салынып келді.

1991 жылы наурыздың 15-інде наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.

НАУРЫЗДАҒЫ  ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАР

Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік пен адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса, халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп, адам сал ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық «әз болмай, мәз болмайды» деп қанатты қағида қалдырған.

Ұлыстың ұлы күнінде халық үйде отырмайды, далаға, көкке шығады, бой көтереді, барлық адамға құтты болсын айтады, шат-шадыманға араласады.

Наурыз жырын айтады.

Әр үй наурызкөже дайындайды.

Бұрын қателік жасағандар кешірім сұрайды, екіншісі кешірім жасап, табысады.

Ренжіскендер татуласады, қол алысады, бірін-бірі үйіне шақырады, дәм татады.

Үйді, қораны, даланы алдын ала тазартады.

Бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстайды.

Әдепсіз сөз сөйлемейді, көңілін көтеріп ұстайды.

Ешкімді ренжітпейді және біреумен ренжіспейді, қатты сөз айтпайды. Малды, тағы басқа жан-жануарды ұрмайды, зекімейді. Бұл күні жұмыс істемейді, сауда жасамайды.

Көшіп-қонбайды, сапарға шықпайды.

Шаш, тырнақ алмайды, кір жумайды.

Үлкендеріне барып сәлем береді, құттықтайды, сый ұсынады, батасын алады.

Әр адам алған қарызын осы күнге дейін қайтаруға тырысады. Жаңа немесе таза киім киеді.

Кездескен барлық адамға жақсы көзбен қарайды, сәлемдеседі, жылы сөйлеседі.

Үйдегі, даладағы мүліктер мен дүниелерді шаң-тозаңнан арылтып, тазартып қояды.

Тозығы жеткен киімдер мен ескі, бүлінген заттардан арылады.

Ағаш, гүл отырғызады.

Дәмді, тәтті, жеңсік астар әзірлейді, ішімдік ішпейді.

Алыс, жақындағы туыс-туған, жекжат-жұрағаттарға, сыйласқан кісілерге құттықтау, сәлем жолдайды, сәлемдеме жібереді.

Қара шаңыраққа сәлем береді, сыбаға апарады.

Алдымен құдайы көршіге кіріп, құттықтайды.

Үйге келген адамды қуанышты жүзбен қарсы алады, дастарқанға шақырады.

Жетімдер мен панасыздарга, ауру-сырқау мен мүгедектерге көмек көрсетеді, қайырымдылық жасайды.

Таза әрі бүтін ыдыстарды пайдаланады.

Тек жақсы хабарларды ғана таратады, жамандықты айтпайды.

НАУРЫЗКӨЖЕ

Наурыз тойының ажырамас белгісі – наурызкөже дайындау. «Наурызкөже азықтың жеті түрінен жасалады. Жеті түрлі азық халықтық дәстүрден шыққан… Қазақ тіліндегі жеті ата, жеті қазына, жеті қат жер, жетіқарақшы, жеті түн, «Жеті жарғы», т.б. тұрақты тіркестер халықтың ежелгі наным-сенімдерінен, мифологиялық, астрологиялық түсініктерінен туған. Сондықтан, кей жерлерде наурызкөженің құрамы өзгергенмен, ондағы азық-түліктің жеті түрі болуы мұқият сақталған» («Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия», 4-том, 672-бет).

Көже, негізінен, бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт, су, т.б. тағамдардан жасалады да әр үй өз отбасынан дәм татырады. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр ет сияқты сыйлы, сыбағалы мүшелер де қосылады. Наурызкөже ежелгі жомарттық, қонақжайлылық, кеңпейілділік сияқты бағалы дәстүрлердің бірі – дәм татырудың көркем көрінісі ретінде қалыптасқан. Өйткені, қазақта «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген мағыналы сөз бар.

Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Және Наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.

Наурызкөже ішілген соң қариялар: «Ауыз ақтан арылмасын, қызылды уақытымен көрсетсін, жас құтты болсын!» деп бата берген.

Наурызкөже дайындау әдісінде халқымызда аймақтық ерекшеліктер байқалады. Көжеге арпа, ағарған, сүр ет пен қазы қосу қазақ жерінің барлық өңіріне ортақ болса, Батыс Қазақстанда, Сырдың төменгі ағысы бойында жүгері, тары, Сырдың орта ағысы бойында маш, бұршақ, кеспе (қамыр жайып кесу) қосады. Шығыс бөлігінде «көп көже», «қос көже» (қосылатын жеті түрлі тағам түріне байланысты), оңтүстік шығысы мен Жетісуда «тілеу көже» (Жаңа жылдан тілек тілеумен байланысты) деп аталады. Қариялар арасында «жылы көже», «құдайы көже» деп атау да кездеседі.

Наурыз айының 11-інде отыз күн Ораза басталды.

Интернет желісінде жарияланған материалдарды пайдалана отырып әзірлеген

Айгүл  САҒЫМБАЙ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: