Тақырыпты түсінбей қалуыңыз мүмкін. Себебі осы тектес тіркестер ел ішінде көп айтылмайды. Әңгіме суррогат аналар жайында болып отыр.
Жалпы, бұл «қызметке» отбасын құрып, бірақ бала сүйе алмай жүрген отбасылыр жүгінеді. Яғни жұптардың зайыбы бедеу болса, арнайы сайттар немесе ұйымдар арқылы суррогат ананың жатырында нәрестесін жетілдіреді. Елімізде суррогат ана агенттіктері, ҚР репродуктивті клиникалары сайттарының мәліметі негізінде ranking.kz мониторинг жүргізіп, генетикалық ата-аналардың суррогат ана бағдарламасы бойынша жұмсайтын шығындарын есептеп көрді. Осы жылдың мәліметі бойынша генетикалық ата-аналар үшін ЭКҰ бағдарламасын жүргізу (медициналық тексеруді қоса алғанда) 1,5-2 млн теңге аралығында шығын шығарады. Ал келісімшартты нотариалды куәландыратын болсаңыз, ол үшін 60 мың теңге қаражат керек. Ал орта есеппен суррогат анаға 3-7 млн теңге аралығында ақы төлеуге міндеттісіз. Әйел жатырын ақыға жалдау бойынша 9 ай бойына оның тамағы, киімі, дәрі-дәрмегіне 2,2 млн теңгедей қаражат қажет болады. Қысқаша айтқанда, 1 бала үшін суррогат анаға 6,7-11,3 млн теңгеге дейін ақша қажет болады. Бұл – жалпы шығындар. Мұнан өзге суррогат ана сізден не талап етсе (киім-кешек, тамақ, тексерілулер үшін қосымша ақы), соны төлеп отыруға да міндеттелесіз. Құдай бетін аулақ қылсын, әр баланы өз анасы көтеріп, 9 айдан кейін өзі босанғаны дұрыс. Дегенмен, физиологиялық тұрғыдан босануға жарамайтын келіншектер де ана бақытын сезінуге лайықты.
Заң бойынша суррогат ана қызметіне некесі заңды тіркелген, бедеулік диагнозы қойылған, әйел физиологиялық тұрғыдан бала көтеруге және босануға қабілетсіз екені анықталса жүгіне алады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, репродуктивті денсаулығының мынадай негізгі 4 проблемасы бар аналар суррогат ананың қызметін пайдалануға жүгінеді екен:
– үйлену жасы және бірінші жүктілік туралы кеш шешім қабылдаған аналар;
– кешігіп бала көтеру, әйелдерде күрделі репродуктивті проблемаларды кеш анықтау;
– әйелдердің соматикалық денсаулығының нашарлығы, әйелдерге бала туудың зияндығы;
– ерлі-зайыптылардың бірнеше рет ЭКҰ бағдарламасынан сәтсіз өтуі сынды себептер осы әрекетке әкеледі.
Суррогат ана қызметін орындаушыларды іздеу кезінде табуға болатын ірі арна көп. Бірақ осылардың ішінен бірнеше орын осы қызметті жүзеге асыруға белсенділік танытып келеді.
Ең қарапайым және арзан, бірақ заңды түрде ең қауіптісі – агрегат сайттардағы немесе әлеуметтік желілердегі жеке жарнамалар. Қоғамдық игіліктерде жарияланған осындай жарнамаларға қарағанда, қазақстандық әлеуетті суррогат аналар 2,5 млн теңгеден 9 млн теңгеге дейінгі сомаға өзгенің баласына уақытша ана болуға дайын. Сонымен қатар, олардың қызметтеріне ең жоғары бағаларды, жарнамаларға сәйкес, бедеу жұптар үшін балаларды дүниеге әкелуде табысты тәжірибесі бар әйелдер белгілейді.
Суррогат ананы табудың екінші нұсқасы – репродуктивті медицина клиникасына тікелей хабарласу. ЭКҰ орталықтарына мониторинг жүргізген кезде олардың аз ғана бөлігінде дәлелденген суррогат аналардың жеке мәліметтер базасы бар екені белгілі болды. Бұл әйелдер қызметінің құны – 3-7 млн теңге. ЭКҰ клиникаларының көпшілігінде үміткерлердің жеке тізімі жоқ және олар ынтымақтасатын суррогат ана агенттіктерінің қызметін пайдалануды ұсынады. Қазақстанда мұндай ұйымдардың саны туралы ресми мәлімет жоқ. Нарықты саралай келе, біз Алматы мен Астанада осындай 10-нан астам агенттікті анықтадық. Олардың сайттарындағы деректерге қарағанда, ұйым агенттері ерлі-зайыптылар үшін таңдауға дайын суррогат ана төлемінің мөлшері 4,5-8 млн теңге аралығында ауытқиды. Сондай-ақ ресейлік агенттіктердің Қазақстандағы суррогат аналардың қызметтері туралы хабарландырулар да желіде жарияланған. Мұндай жағдайларда құны жоғары: 7 млн теңгеден 13 млн теңгеге дейін. Суррогат ана болу құны негізі тұрақсыз. Жоғарыда айтылғандай, 9 млн-ға дейін қаражат сұрайтын «жалдамалы аналар» да бар.
«Жатыр жалдау» құнын бағамдадық. Әлеуметтік желіде әлдебір репродуктологиялық порталдар суррогат аналарға қойылатын талаптарды тізіп қойыпты. Айтуынша, суррогат ана «қызметін» ұсынатын келіншектің денсаулығында мүлде кінәрат болмауы керек.
* Суррогат ана болғысы келетін әйел 20 жастан 35 жасқа дейін болуы керек, медициналық ұйымның қорытындысымен расталған қанағаттанарлық физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы, сонымен қатар өзінің дені сау баласы болуы тиіс.
* Егер суррогат ана шартын жасау кезінде суррогат ана тіркелген некеде (ерлі-зайыптылық) болған жағдайда нотариалды тәртіпте куәландырылған күйеуінің жазбаша келісімін тапсыру қажет.
* Қосалқы репродуктивті әдістер мен технологияны қолданатын медициналық ұйым балалы болғысы келетін тұлғалардың немесе донорлық банктың осы биоматериалдары үшін пайдаланылғаны туралы толық және жеткілікті ақпаратпен оларды қолдану жөніндегі қорытынды шығаруға міндетті, деп жазыпты persona.clinic.kz репродуктологиялық порталы.
Отау құрып, ортада бала болмағанның кесірінен екі жаққа бөлінгенше, осы суррогат ананың қызметін пайдалану дұрыс шешім секілді. Біз мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынамыз. Бірақ таңдау еркіндігі өзіңізде. Жоғарыда келтірілген статистикалық деректер – бүгінгі қоғамның көрінісі. Оны жасырудың қажеті жоқ. Тек оны қабылдай білуіміз керек. Заң да оған қарсы шықпайды.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ.
Инфографиканы жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!