Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шөп оратын аппаратты шашып, құрастыра беремін»

07.03.2024, 11:00 396

«Қазір Қызылордада қоқыс көрсе, кейбірі «Қызылорда тазалығы» мекемесін белгілеп, әлеуметтік желілерге салатын кезге келдік. Бұл – шаһар тұрғындарының көзі тазалыққа үйренгенін білдірсе керек, сырбойылықтар көшеде қоқыс көрмейтін жағдайға жетті. Осы орайда тазалықшылардың еңбегі ерен» дейді «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің бөлім басшысы Гүлзина Жұмабекова. 

Қала ішіне тазалық жасайтын кезде қызметкерлер бірнеше топқа бөлінеді. Бір тобы қоқыс терсе, екіншісі көгалдандыру мәселесімен айналысады. Ал енді бір тобы артық өскен шөптерді орып, оны қаптарға жинайды. Қала көркін әсем қалыпта ұстауды мақсаты еткен мекемеде 160 тазалықшы бар. Соның 148-і бұрымдылар екен. «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай біз «Қызылорда тазалығы» мекемесінде шөп орушы болып жұмыс істейтін Нұрбибі Бисенбаевамен аз-кем тілдесіп, мерекесімен құттықтадық.

– 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Бұл жұмыста жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Рақмет! 2013 жылдан бері осы «Қызылорда тазалығы» мекемесінде қызмет етіп келемін. Биыл 10 жылдан асып жатыр. Осы жұмысқа келген күннен бастап, шөп оратын аппаратты өз міндетіме алдым. Бір қызығы, бұл аппаратпен жұмыс істеуді ешкім үйреткен жоқ, өзім телефоннан қарап үйреніп алдым. Осы арқылы қазір аппаратпен жұмыс істеп ғана қоймай, оны жөндеп, қайта жұмысқа жарамды етіп даярлап жатқан жайым бар. Бір топ шөп оратын қызметкер болсақ, соның ішінде жалғыз әйел заты – өзім. Жасақтағы жігіттерге басында жұмыс барысын көрсетіп, ары қарай тіршілікті бастап кетеміз. Таңнан қара кешке дейін осы жұмысты істейтін болған соң, денсаулыққа да зиян келе бермейді. Өйткені үнемі қозғалыста, сыртта  таза  ауада жүреміз.

– Жұмысыңыз қиын емес пе? Әйел затына ер-азамат істейтін жұмыспен айналысу кейде ертегідей көрінеді. Бір күніңіз қалай өтетінін  айтып  беріңізші.

– Бізде бес күн жұмыс істеп, екі күн демалу деген болмайды. Тазалық деген дүние әрдайым жасалып отыруы тиіс. Облыс орталығы болған соң, сенбі-жексенбіге қарамай кезекшілік бойынша жұмысқа шығамыз. Өз жұмысымнан ұялмаймын. Керісінше, ләззат аламын. Таң азанымен ерте тұрып, өзімізге қозғалыс тудырып, тазалық жасауға кірісеміз. Себебі тұрғындар түнімен кейде көшені қоқысқа толтырып, ластап кетеді. Ал біз сол қоқысты тұрғындар жұмысқа шығамын дегенше тазартып, реттеп үлгеруіміз керек. Шөп орған кезде ұқыптылық пен талғам керек. Оны тым үзын немесе қысқа етіп орып қоюға болмайды. Газондар да – қала көркін ашып тұратын негізгі элемент. Сондықтан, оны  да  аса  ептілікпен  орып, қоқысын  тазалаймыз. Таңғы  сағат 7:30-8:00 аралығында  тазалықты бастап, 11:00-де түсті үзіліске үйге қайтамыз. Түскі 14:00-де жұмысқа қайта қосылып, 17:00-де біркүндік жұмысымыз аяқталады. Жалақымыз да жақсы, бастысы еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп келеді.

– Еңбек  адамдарына  құрмет        көрсету – тұтас ұлттың парызы. Бұл сөзімізді  мемлекет  басшысы Қ.Тоқаев та растайды. Ал тұрғындар тазалықшыларға қандай  қарым-қатынас  жасайды?

– Бұрынғыдай емес, қазір қуанарлықтай. Өйткені, жастар тазалықшыларға сый-құрметпен қарайды. Қыстыгүні салқында еріктілер ыстық шай әкеліп беріп жатады. Одан бөлек, тазалық жасау кезінде кәдімгі жұмысшы ретінде қарап, өз тірлігімен айналысып кете береді. Бұған дейін тазалықшыларға басқаша көзбен қарау болса, қазір мүлде басқа деп айтуға негіз бар. Мұның барлығы  «Қызылорда тазалығы» мекемесі жайлы тұрғындардың хабардар болып жатқанынан болар. Бастысы, еңбек адамдарына құрмет көрсетілуде.

– Жұмысы қиын болса да, соны жақсы көріп, одан ләззат алу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл тұста сіздей еңбек адамдарына құрмет жасау орынды. Отбасыңыз жайында айтып беріңізші.

– Екі қызым, оншақты немерем бар. Күйеуім екеуіміз қара шаңырақтамыз. Қос бұрымдымды құтты орнына қондырған бақытты анамын. Мен де әже болып той-томалаққа барамын, қонақтан қалмаймын. Немерелерім келгенде, оларға әжелік махаббатымды беріп, көңілін аулаймын. Енді қолым қалт еткенде тірлік істегім келеді. Сол үшін осы жұмысқа келгенмін. Мұнда шүкір, жұмыстың қиындығынан гөрі қызықшылығы басым. Кәдімгідей әріптестермен бітеқайнасып, бір қазанда еңбек етіп жатырмыз.

– Қысы-жазы далада істелетін жұмыстан қашатын жастар бар. Оларға не дейсіз? Еңбектің наны тәтті ме?

– Еңбектеніп, тер төгіп тапқан нан, әрине, тәтті. «Тамақты дәмді қылатын ең сиқырлы дәмдеуіш – аштық» дегендей, тапқан нәпақаның берекелі болуы осы есіл еңбек пен төгілген терде жатыр. Адам – адамға үлгі. Заман баяғыдай емес, дегенмен, мұндай жұмысты да біреу істеу керек қой. Сондықтан, жастарды бейнеті көп тірліктен қашпауға шақырар едім. Біріншіден, мұндай жұмыстарға ел куә, екіншіден, өз қалаңның таза болуына тікелей үлес қоса аласың, үшіншіден, бұл жұмыс денсаулыққа зиян емес, керісінше қимыл-қозғалыс денсаулыққа сондай пайдалы. Оны түсінгендер ғана сөзімнен құндылық таба алады. Ал түсінбегендер бұл жұмысты кемсітіп қарауы да мүмкін. Бастысы – ниет пен адал еңбек. Қалғаны орнымен бола береді. Қазіргі жастарды жалқау дей де алмаймыз. Еңбек – солардікі. Тек кейбіреуіне көзді ашып, түсінік қалыптастыру керек.

– Тағы алып-қосарыңыз бар ма?

– Заман өзгеруде. Сонымен бірге адам да өзгеріп жатыр. Мен жоғарыдағы сөздеріммен барлығы қалаға тазалық жасап кетсін демеймін, ол өз ағысымен бола береді. Бірақ бүгінгі буын шашуға құмар. Не нәрсені болса да. Ол ақша болсын, ол қоқыс болсын. Әркім өз қоқысын арнайы жәшіктерге салса, алдымен жер-анаға деген құрмет, сосын өзіне деген құрметі болар еді. Тұрғындар осыны түсінсе деймін. Қоқыс алынады. Бірақ қасиет қалыптасып қалады. Бүгін қоқыс тастамауды өз тәрбиеңізге енгізсеңіз, ертең балаңызға үйретесіз. Осы арқылы ол өз ұрпағын тәрбиелеп кетеді. Үй іші ғана емес, дүйім жұрт сол кезде көшені таза ұстайтын жағдайға жетеді. Бізге аздап осы тәрбие жетіспейтін секілді. Ал өз қоқысын тастамай немесе тек арнайы жәшіктерге салатын жастарға алғысым шексіз. Сол қалпынан таймасын.

Барша әйел затын мерейлі мерекесімен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасына амандық тілеймін! Айтарым – осы.

– Сізді де тағы мерекеңізбен құттықтаймыз, әйел бақытын сезіне беріңіз! Сұхбаттасқаныңыз үшін көп рақмет!  Жұмысыңызға  сәттілік  тілейміз!

Әңгімелескен 

Е.ҚАЛИЕВ.

Суретті  түсірген  автор.

P.S: Бүгінгі кейіпкеріміз Нұрбибі Бисенбаева – шаһардағы шөп оратын аппаратты игерген жалғыз жұмысшы әйел. Тіпті «Қызылорда тазалығы» мекемесінде қызмет ететін өзге қызметкердің ешбірі бұл құрылғыны ол секілді шашып, қайта құрастыра алмайды. Мұны мекеме қызметкері Гүлзина Жұмабековамен тілдескенде білдік. Үлгі аларлық арулар мен  бой түзеген бойжеткендер  көбейе  берсін!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: