Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Чемпион болу оңай, адам болып қалу қиын

29.02.2024, 11:00 5926

Қожахмет  ИМАНҒАЛИ:

ММА спорты жайында бәріміз білетін шығармыз. Соңғы уақыттары аталған спорт түрі ерекше қарқын алған. Тіпті жекпе-жек өнерінің символы саналатын бокстан да көбірек көрермен жинап, аудиториясын кеңейтіп жатыр. Бір жылдары, дәлірек айтсақ, 2000 жылдардың бас жағында ең алғаш Грейси, Сакураба сынды спортшылар аралас жекпе-жекпен айналысып, алғаш әлемге танытып жүрген жылдары да көпшілік ММА ережесі бойынша турнирлер ұйымдастыруға қарсылық көрсетті, ал телеарналар лицензия беруден бас тартты. Дегенмен, жекпе-жек спорт түрлерінің қайсысының әуселесі жоғары екенін білгісі келетін, хардкорқұмар жанкүйерлердің арқасында ММА бүгінгі деңгейге дейін жетіп отыр. Нақты ережелер қойылып, өзгеріс енгізілумен қатар, біршама телеарнамен келісімшартқа отырып, бүгінде PPV түрінде эфирді сатуды қолға алды. Сатылымның көмегімен мил­лиардтап қаржы жинап, UFC секілді промоушендердің атқарушы директорлары Американың ең бай адамдарының  қатарына кірді.

Аталған спорт түрінің еліміздегі бүгіні көңіл қуантады. Оған себеп – Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Азат Мақсұм, Бекзат Алмахан сынды жауынгерлеріміздің әлемнің ең үздік лигасында жұдырықтасып, жетістікке жетуі. Сыр елінде де ММА қарқынды дамып келеді. Қызылордада турнирлер ұйымдастырылып, «Orda Jekpe Jek» мектебінен шыққан бірқатар жауынгер Octagon сынды еліміздің белді промоушендерінде біраз жетістікке жетіп жүр. Соның бірі – қызылордалық Қожахмет Иманғали. Ол жақында ғана Octagon-55 турниріне қатысып, қарсыласы Данияр Жанбосынмен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Қожахмет үшін бұл жеңіс аса қиынға соққан жоқ. Тіземен соққан соққысы «Турнирдің үздік нокауты» номинациясын алды. Болашағынан көп үміт күтті­ретін жас спортшымен сұхбаттасып, алдағы жоспары мен аралас жекпе-жек тақырыбының төңірегінде  кішігірім  әңгіме  өрбіткен  едік.

– Қайырлы күн, Қожахмет! Данияр Жанбосынмен болған жекпе-жекті көрдік. Қуаныштымыз, кезекті мәрте жеңіске жетіп, жеңіліссіз серияны әрмен қарай ұзарттың. Жалпы, болған жекпе-жек, қарсыласың жайлы айтып өтсең.

– Ассалаумағалайкүм, құттықтап жатқандарыңыз үшін көп-көп рақмет дегім келе­ді. Аллаға шүкір, Данияр Жанбосынмен бол­ған жекпе-жек жақсы, мен ойлағандай өтті. Мерзімінен бұрын жеңіске жеттім. Ал енді қарсыласқа келер болсақ, Данияр Жан­босын бауырымыз да – өзіміз секілді қазақтың туын көкке желбіретіп, үлкен ареналар­ды бағындырып жүрген спортшы. Жекпе-­жекті қабылдап, менімен күш сынас­қаны үшін оған да алғысымды айтамын. Жеңіс сериямызды одан  әрі жалғас­тырып жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта ең ауқымды ареналарда еліміздің көк байра­ғын  желбірету  жоспарда  тұр.

– Жекпе-жек стиліңді көріп отырып, сенің нақты базаңды білу қиынға соғады. Жекпе-жек барысында қолмен де, аяқпен де жақсы жұмыс істейсің. Күрестен де, жалпы грепплингтен де кем емессің. Осы тұста «ММА-ға келмес бұрын қандай  жекпе-жек  түрімен  айналыстың?» деген сұрақ  туындайды.

– Жекпе-жек стиліме келер болсақ, менде нақты бір база бар деп айта алмаймын. Бала кезімде бір спортқа ден қойып  шұғылданып, жаттығу жасағандардың қатарынан емеспін. Іргетас дейді ғой, менде ондай іргетас болып қалыптасқан спорт түрі жоқ. Осы ММА-ға келген уақытымда ғана Олжас Ақсейітов ағамыз мені дайындап, жол көрсетіп, арнайы уақытын бөліп, жаттықтырды. Универсалдық қасиетім де сол кісінің көмегі арқылы қалыптасқан болу керек. Бүгінгі жеткен жетістігім сол азаматтың арқасы десем, артық айтпағаным  шығар.

– Сенің әр жетістігіңнің артында бар білгенін үйретіп, арнайы уақытын арнап, бапкерлік еткен Василий Тахтайдың тұратыны айқын. Васи­лийдің өзі осал адам емес. Джиу-джитсу шебе­рі, панкратион мен ММА-дан біршама турнир жүлдегері. Қазіргі таңда да аралас жекпе-жекке көп үлесін қосып жүрген азамат. Василиймен алғаш мәрте жолығуың, жаттығуың жөнінде қысқаша  айтып  өтсең.

– Василий Тахтаймен 2022 жылдың басынан бері етене таныспын. Инстаграмда ММА-контент жүргізетіндердің қатары ол кезде аз еді. Мен инстаграм желісі арқылы ол кісінің жекесіне «сіздермен бірге жаттық­қым келеді» деп арман-­мақсатымды айтқанмын. Сол сәттен бері Василий ағамыз менің бо­йымдағы потенциалды байқап, залына қабылдаған болатын. Жұмыс, жаттығу, жататын жеріміз жағынан қиналтпай, әрқашан жәрдемдесіп жүрді. Бүгінге дейін жәрдемін, қолынан келгенін аямай келеді. Василий ағама алғысым  шексіз!

– Ризамыз, қазірдің өзінде қазақстандық  үздік  промоушен Octagon турнирлерінде белде­сіп жүрсің. Octagon-нан UFC-ге тікелей аттанып жатқан отандастарымыз жоқ емес. Азат Мақсұм да, жақында ғана аталған промоушенмен келі­сімге келген Бекзат Алмахан да – Octagon-ның түлектері. Бәсекелесі ең мықты дивизион санала­тын жеңіл салмақта Чарльз Оливейра, Арман Царукян, Ислам Махачев сынды мық­тылармен  күш  сынасқаныңды  көру қашан бұйы­рады?  Алдағы 2-3 жылдыққа  амбиция  қандай?

– Иә, UFC – ММА саласында жүрген кез келген спортшының арманы. Олимпиадалық спорт түрінің спортшылары олимпиадаға қатысу­ды армандаса, аралас жекпе-жек шебер­лері UFC-ді бағындыруды мақсат етеді. Осы арманымыз үшін тер төгіп, еңбектеніп жатырмыз. Бұйырса, Қазақстанға, Қызыл­ордаға UFC-дің жеңіл салмақ дивизионы белдігін  алып  келеміз.

– Қызылорда қаласында спорт жолындағы карьераңды жаттықтырушылық қызметпен де жалғап жүр екенсің. Жалпы, ММА бойынша Сыр жастарының қарқынын қалай бағалайсың?

– Иә, қазіргі таңда туған жерімде зал ашып, біршама шәкірт тәрбиелеудемін. Жастардың ынтасы жақсы. Бүгінгі жасөспірімдердің үлгі тұтатын азаматтары біз ғой. Біз қандай жолмен жүрсек, олар да сол жолға бағытталады. Арттағы көшті қозғалтатын күш – қазіргі жауынгерлер, спортшылар. Тек спорт саласынан емес, тәртіп жөнінен де, тәрбиелік мүдде жайында да өзімізден кейінгі келе жатқан жігіттерге қол ұшын созуымыз керек, бар білгенімізді үйреткеніміз абзал. «Чемпион болу оңай, адам болып қалу қиын» дегендей, жастарға өнеге болуымыз – әрқайсысымыз үшін парыз. Шүкір, жастар келіп жатыр, мотивация­лары  тәуір.

– Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет, ақ жол  тілейміз. Биік  белестерді  бағын­дыра  беріңіз!

Сұхбаттасқан 

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: