Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚШ пен Қазақстанның IT-дағы білім беру саласында аса өзгеріс жоқ

22.02.2024, 11:20 3233

Тимур  БЕКТҰР,  IT-ағартушы,  аналитик:

Осыдан бір ғасыр бұрын өнеркәсіп кәрі құрлықта өркендеп жатқан сәтте жұртшылық адамзат өркениеттің шегіне жетті, бұдан артық дами алмайды деп дабыл қаққан еді. Дегенмен, адам баласы жасап шығарған жасанды интеллект, ақпараттық-коммуникациялық технология, транспорттар бұл айтылған пікірді жоққа шығарды. Осыдан кейін-ақ интеллект пен креативті ұштастыра білген қоғамның тұсында адамзаттың әрқашан ілгерілей беретініне, өміріміздің одан әрі жеңілдей түсетініне көзіміз жетті. Қазақстандықтар үшін де ақпараттық технология саласы таңсық емес. Бүгінде көптеген жас жаңа технологияларды игеру жолында елімізде, кейбірі мұхит асып білім алып жатыр. Сондай-ақ бұл сфераға ерекше ден қойып, IT-мамандарды дәріптеп жатқан Astana IT University, Назарбаев университеті, КБТУ және IITU секілді университеттердің де қарасы көп. Қысқасын айтқанда, еліміз жаһандағы ақпараттық бәсекеден тысқары емес, жастар арасында қызығушылық бар, сұраныс көп. Осы тұста жасанды сананың мүмкіндігі мен қаупі, еліміздегі және әлемдегі IT саласының ахуалы жөнінде IT-ағартушы әрі талдаушы Тимур Бектұрмен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Ассалаумағалайкум, Тимур! Американың Бостон университетінде білім алдыңыз. Бәріміз білетіндей IT саласының кіл мықтылары АҚШ-тан шығады. Американдықтар ақпараттық технологиядағы біліктілігінің арқасында әлемдік медианы басқарып отыр десек артық айтпаймыз. Магистратураны сол жақтан бітіріп, теориялық тұрғыдан шыңдалған маман ретінде айтыңызшы, американдықтардың өзге мемлекеттерге қарағанда бұл сала бойынша ілгері екендігінің  себебі  неде?

– Жалпы, Америка мен Қазақстанның айырма­шылығы жер мен көктей. Сондықтан бұл екі мемлекетті төтесінен салыстыруды орынсыз деп есептеймін. Себебі, Америка тәуел­сіздігін 2 ғасыр бұрын алса, Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 40 жыл болған жоқ. Американың өзгелерден ілгері болу себебі: АҚШ билігі халықтың мұқтаждығы мен қажеттілігін ескеріп, оның шешімін табу үшін кідірместен әрекет жасауы. Айталық, адам саны артып, сәйкесінше, қалалар да көбейе түскен. Сол уақыттары тұрғындарды байланыс­тыру, қашықтан хабар алу, ақпарат жет­кізу мәселе­лерін шешу мақсатында ең алғашқы ақпарат­тық технологиялардың іргетасы қалана бас­тады. Нәтижесінде, компьютер, телефон, интернет желісі кезең-кезеңімен дами түсті. Бәріңіз білетіндей, ХХ ғасырдың орта тұсында АҚШ пен Кеңес үкіметінің арасында қырғи­қабақ соғысы басталған еді. Осы фактор да технологияның қарқын алып, ғарышты игеру, дербес компьютерлердің қолданысқа ену процесін үдетті. Әрбір телефония, телеграф дамыған сәтте байланыстағы екі адамнан тыс, үшінші адам тыңдап тұруы мүмкін. Бұны қазіргі тілмен айтқанда, хакерлік дейміз. Осыдан ке­йін криптография, яғни ақпараттық қауіп­сіздік те қарқын ала бастады. Осылайша, бірінен соң бірі IT саласы сан түрлі саңылау­ға бөлініп, бүтін бір ғылымға айналды деуге толық негіз бар. Тағы бір айтатын жайт, Амери­када қаржы көзі ресурстары өте көп.  Сондай-ақ, қаражат тек қана мемлекетте ғана емес, жеке адамдарда да көп шоғырланған.

Қазіргі таңда елімізде IT саласы дамып келе жатыр. Дегенмен, ілгері даму бар деп те айтуға болмайды. Бірақ, біздің еліміздегі ақпараттық технология мемлекеттік қызметті жеңілдетуге, электронды үкіметке, жалпы мемлекеттік қызметтің айналасында жүреді. Ал АҚШ-та аталған сала жеке компанияларға тікелей қатыс­ты. Біз бұның үлгісін Facebook, Google, Amozon секілді платформаларынан байқай аламыз. Бұның бәрі – жеке компания­лар. Қазақ­станның да ақпараттық әуселесінің бұндай дәрежеге жетуі үшін біраз жыл керек болуы мүмкін. Бүгінде көп мемлекет Америкадағы Кремлий алқабын қайталағысы келіп жатыр. Оған мысал, БАӘ ЖИ-ді дамытуға әрекет етіп жатқан жайы бар. Әлемдегі ең алғашқы ЖИ университеті ашылды. Және де, күні кеше ChatGPT Open AI компаниясының негізін қалаушы Сэм Альтман ЖИ микропроцессорын жасауды қолға алғысы келіп отыр. Сол тұста БАӘ бұл жобаға 2 трлн доллар қаражат құймақ ниетте  екенін  жеткізді.

– АҚШ пен Қазақстанның аталған сала бойынша білім беру методикасында өзгеріс бар ма?

– Қазақстанда Kaspi.kz, Krisha.kz секілді бірнеше компанияның басын қосқан Kolesa Group бар. Аталған компания Қазақстанның IT нарығын зерттеудегі есебін шығарады. Сол репорттардың бірінде олар қазақстандық  компаниялардың басшыларынан сұхбат алған. Сол сұхбатта «Қазақстандық бакалавр дәрежесіндегі университетті бітіріп шыққан бағдарламалаушы мықты ма, әлде Америкада білім алған IT маманы мықты ма?» деген сұрақ қойылған екен. Сұрақ қоюшы «қазақстандық мамандардың әуселесі жоғарырақ» деген жауап алды. Сондықтан да, АҚШ-та өзгеше методика деп дөп басып айта алмас едім. Теория бәрінде бірдей. Егер шетелдік университеттердің теориясын меңгергің келген жағдайда МIT, Стэнфорд, Гарвард секілді білім ордаларының лекциясын емін-еркін YouTube қосымшасынан болсын ағылшынша немесе орысша, не болмаса Яндекс қосымшасы арқылы қазақшаға да аударып тыңдай аласың. Демек, мәселе теория мен білім беру методикасында емес, мәселе олардың индустриядағы тәжірибелі компания­лармен  интеграциясында  жатыр.

– АҚШ-тан IT мамандарының көптеп шығуының бір себебі ондағы мүмкіндіктерде шығар. Дегенмен, бір қызығы үндістандықтардың да бұл сферадан ауылы алыс емес. Тіпті тума талант жағынан американдықтардан кем емес десек, артық айтпағандық шығар. Әлемдік мен деген компаниялардың тізгінінде жүріп, ақпараттық бәсекеде топ жарып жүргендері қаншама. Ал олардың әлеуметтік жағдайына қарап ақпараттық технологиямен тығыз байланыста, мүмкіндік жоғары деп айта алмайсың. Жалпы үнді халқының бұл салада, сондай-ақ өзге де техникалық мамандықтарды басқа ұлт өкілдеріне қарағанда тез игеруіне не себеп?

– Бұл тек қана үндіс халқы емес, қытайлықтардың, жапондықтардың, кәрістердің неме­се өзге де ұлт өкілдерінің АҚШ-та көрініп жүргендерінің себебі – олардың Америкаға иммиграциясының ерте басталуында. Жалпы, кез келген нәрсе ертерек бастау алса, нәтижесі уақыт өте келе көріне береді. Мысалға айталық, 2000 жылдардың басында қазақстандық IT мамандардың Google, Facebook, Microsoft компанияларында жұмыс істеуі өте таңсық немесе мүлде мүмкін еместей көрінетін. Ал, қазіргі таңда мыңдаған қазақтың ұл-қыздары аталған компанияларда қызмет етіп жүр. Өйткені, олардың әрқайсысы 2010-2015 жылдардан бастап-ақ АҚШ-қа келіп, «Болашақ» секілді әртүрлі білім беру бағдарламасының көмегімен ертерек шыңдалды. Бетке ұстар білім ордаларының практикасымен танысты. Яғни, қазақша жалпақ тілмен айтар болсақ, «Қырқынан ерте шыққан бала ит көйлегін ерте тоздырған». Ал үнді халқына келер болсақ, олар АҚШ-қа 30-40 жыл бұрын келген сәтінде осы IT саласында биіктерден көрініп, беделді компаниялардың басшылығында жұмыс атқарып, топ менеджменттен көрінеміз деген ой ешкімнің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Олар ең алдымен төменгі сатыдан бастағаны бәрімізге белгілі. Бірінші толқынның үлкен қиындықтарымен алысып, жеңе білді. Бертін келе ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін меңгеріп, алдыға қадам басты, сатыдан сатыға көтеріліп, бүгінгі дәрежеге жетіп отыр. Дәл сол сияқты, бұл – қазақтардың да қолынан келетін іс. Ортастатистикалық қазақтың потенциалы да, интеллекті де өзгелерден кем емес. Тіпті артық деуге де толық негіз бар. Мысалға, біз тілді еркін меңгеруге қауқарымыз бар, біз кез келген нәрсеге өте тез икемделеміз, тек бойдағы перспективаны ашу үшін сәл уақыт керек. Шамамен он шақты жыл бұрын бой түзе­ген қазақтың алғашқы толқыны енді икемге келіп, ілгері жылжып жатыр. Енді араға сәл уақыт салсақ, 2030 жылдарға таяу қазақтар алпа­уыт компанияларға менеджерлік ете алады деген ойдамын. Бұдан бөлек АҚШ-та нетворкинг деген жаргон тілмен айтқанда «тема» бар. Дәлірек айтсақ, қандай да бір компания­ға қазақ болсын, кәріс болсын, үнді болсын келген жағдайда, басшылық ат ерттеп, алыс­тан адам іздегенді жөн көрмейді. Өз қарамағындағы жұмысшылардың айналасындағы икемі бар адамдарды тарттыра береді. «Сенің қолыңнан осы іс келетін еді ғой, менің қасыма келсеңші» деген әңгіме ғой жалпақ тілмен айтқанда. Бұның түк жасыратыны жоқ, ашық дүние. Осылайша жаңа қауымдастық, бір ұлтты адамдардың шоғырлануы секілді факторлар жүзеге асады.

– Ақпараттық технология дегеннен шығады ғой. Жасанды интеллекті мәселесіне кезек берейікші. Жақында ғана жасанды интеллектінің «кіндік әкесі» саналатын ардагер ғалым Джеффри Хинтон «Google» компаниясындағы орнын босатты. Соңғы берген сұхбаттарынан оның нейрожүйенің қауіпті екені жайында айтып, дабыл қағып жүргенін байқадық. Жасанды интеллекті болашақ үшін шынымен қауіпті ме?

– Негізінде мен бұл сұраққа әр сұхбатымда жауап беріп жүрмін. Жалпы, дамыған елдер мен дамушы елдердің сұрақтары екі түрлі болады. Дамыған елдер жан-жағын қымтап алғаннан кейін ғана басқа деңгейге өтеді. Мәселен, Маслоудың пирамидасы бар. Сол Маслоу пира­мидасына сүйенсек, ең төменгі деңгейде адамның қауіпсіздігі, ішіп-жемі, баспанасы болу қажет. Одан кейін әртүрлі бренд киімдерге қызығушылық артады. Мысалы, бұрын жыртық-жамау болса да, соның табылғанына шүкір деп киіп жүретін адамдар уақыт өте келе түзу киінуге тырысады. Бүтін киім киіп жүре келе,  жағдай жақсарғаннан кейін қымбаттау дүние алуды жөн көреді. Одан кейін пирамиданың келесі сатысына өткендер тек қана қазіргі маусымдағы сәнді киімдерді киюді ұйғарады. Яғни, ортастатистикалық адамның күнкөрістік стандарты көбейген сайын қажетсіну сатысы да жоғарылай түседі. Ал жасанды интеллект қауіпті ме деген сұрақты сол секілді дамыған елдер бас қатыратын мәселе деп санаймын. Әрине, көбі менің бұл сөзімді дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Біреулер «біз сонда қауіпсіздіктің алдын алу шараларын жаса­мауымыз керек пе?» деуі де ықтимал. Мысалы, сіз баспалдақпен көтерілгенде де біртіндеп басасыз ғой. Бірден бірінші сатыдан алтыншы сатыға аттап кете алмайсыз. Бәрі өз кезеңімен. Өзіңіз айтқандай, ЖИ-дің қауіп-қатері мәселесін Джеффри Хинтон секілді азаматтар көтеріп жүр. Ол – бұл саланың жілігін шаққан адам. Сол секілді Apple де, Google-де және тағы да басқа ірі компаниялар жасанды сананы жақсылап меңгеріп, көпшілікке ұсынып, өз жүйелеріне енгізіп қойған. Сәйкесінше, практикадан өткізіп болғасын барып қауіпсіздігі жөнінде ойланып жатыр. Ал біздің елімізде жасанды интеллектіні қарық қылып меңгергендер жоқ, соның негізінде жасалған архитектуралық нысан жоқ. Біз қалай өзгелердің ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі пікірталасқа араласып, диллемаға түсе аламыз? Сондықтан да, біз бұл сатыдан өтпей тұрып, жасанды интеллектінің қаупі жайында бас қатырғанымыз­ды жөн деп есептемеймін. Әлеуметтік желі қауіпті ме, қауіп­ті. Смартфон қауіпті ме, қауіп­ті. Компьютер қауіпті ме, қауіпті. Интернет қауіпті ме, қауіпті. Бірақ адамзат бұлардың қауіптілігіне қарамай, қолданысын жалғастырып жатыр ғой. Мысалы, әлемжелінің кесірінен қаншама адам буллингке ұшырауда, жала да жабылып жатыр, ұрлықты да айлақорлар смартфонның көмегімен жүргізу үстінде. Десе де,  ХХІ ғасырдың әр адамы смартфон мен ғаламторды және басқа да технологияларды қанымызға сіңіріп, күн тәртібімізге енгізіп қойған.  Заман соны талап етеді. Жасанды интелеллекті де дәл сондай. Біз алдымен онымен етене танысып, дұрыс жақтарын меңгеріп, кейінірек ғана қай жерінің дұрыс емес екендігі жайында алаңдау­ға болады. Әлем жасанды сананың көмегімен күшейіп жатқанда біз олардан тысқары жалған консервативті идеямен бір орында тұрып қала алмаймыз. Нейрожүйенің қауіпті тұсын дамы­ған елдер мен компаниялар ескеріп, әртүрлі ережелер шығарды, стандарттар ойлап тапты. Ал енді біздің басты мәселеміз – жасанды сананың қараңғысына үңіле бермей, жақсы жақтарын пайдаланып үйрену, ел мүддесіне орай  қолдану  болып  тұр.

– Жалпы, жасанды сананың қарқын алуын көбі ғылыми-фантастикалық киберпанк фильмдеріндегі утопия тақырыбымен және сондағы матрица, робототехниканың адамзатты артта қалдырып, көтеріліс жасауымен жиі байланыстырады. Илон Маск және бір топ футуролог-ғалым да осыған ұқсас дүниелерді айтып жүр. Қалай ойлайсыз, бұл жай әншейін мардымсыз үрей ме, әлде расымен сескенетін жайт па?

– Қазіргі сәтте осы ЖИ төңірегінде бірқатар қызмет атқарған, тер төккен, ғылыми ортада біршама атақ-абырой жинаған азаматтар баршылық. Соның бірі – Meta компаниясында қызмет етіп жүрген Ян Ли Кун. Ян Ли Кун және де ғұмырының жартысын осы ғылымға арнаған азаматтар Илон Масктың айтқанын құптамай­ды. Тағы бір мәселе, Илон Маск – ғалым емес, бизнесмен. Сондықтан, ол кісінің пікірін нағыз компьютер ғылымын жетік меңгерген­дер құлаққа ілмейді де. Илон Маскты мойындауымыз керек, ол бала кезінен информати­ка саласымен етене таныс, ғылымды қаржыландыруда ешкімге дес бермейді. Бірақ, қаржыландыру мен онымен айналысу, зерттеу – екі бөлек нәрсе екенін ұғу қажет. Илон Масктың өзі жасанды интеллект зиян, онымен біз арпалысуымыз керек деп дабыл қағып жатқанымен, өзі Neuralik атты компа­нияны  ашты. Аталған компания жасанды  сана­ның  қуаты­мен арнайы чипті еңгізу арқылы көптеген экспериментті жүзеге асырып жатыр. Илон Масктың  артына  ергендер көп екен деп айт­қанының  бәрін  түбегейлі  дұрысқа да шығаруға  болмайды. Масктың жеке ойы баршамыз­ға объективті ой болып қалыптаспау қажет. Екі жақты көзқарас қай жерде де жүреді. Әр нәрсенің қараңғы тұсы, керітартпа теориясы бар дегендей. Жаңа айтып өткендей, дамыған елдерден тысқары қалмай, инфрақұрылымды дамытуға, цифрлы мемлекет болу үшін күш салуымыз қажет. Асық­пасақ, әрекет етпесек, артынша  бармақ  тістеп  қалуымыз   ықтимал.

– Сұхбаттасқаныңыз  үшін  рақмет! Жұмысыңызға  сәттілік  тілейміз.

Сұхбаттасқан

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: