Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірден алынған оқиға немесе осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқушы келбеті

14.02.2024, 11:05 266

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ КҮННІҢ ТАҚЫРЫБЫНА ОРАЙ

«Балаңыздың тәртібі нашар», «Жәдөк терезе сындырды», «Балаңыз төбелесті»…

Осындай сын-ескертпе оқушы күнделігіне қызыл сиямен жазылып, үйге үшбу хаттай жиі келетін… Ал, Жәдөкке бәрібір. Үш қойы – бір сом.

6 «а» сыныбына сабақ беретін мұғалім кластағы осы бір сотқар оқушының жалғыз анасын да көзге ілмей жүргенінен хабардар болды. Әлгі бұзық ұлдың шешесі ауруханада санитарка екен. Белі бүгілген, еңсесі түскен, көнетоз киімін тастамайтын әйелдің сұрқы баласына ұнамайтын. Әсіресе анасының «балам» деп мейірлене құшағына тартқан сәтінде өзінше намыстанып «ой, қойшы, ей» деп итеріп тастайтын. Әкесі төтенше оқиға барысында көз жұмған, ол кезде бұл бала екіден енді асқан. Содан бері шеше байғұс барын осы ұлының аузына тосып, үстіне жапсырып келеді.

Еден жуып, аурулардың горшогын тасып жүрген адам қайбір көп ақша алатын еді, тапқаны тек жалғыз ұлдың қажетіне әзер жетіп жүрді. Ал, өзі? Өзі әркімнің көнетоз киімін жамап-жасқап, қыстық киімін тоқып киіп жүріп жатты.

Ата-аналар жиналысында мұғалім «переходной возраст» дегенді айтып, балаға көңіл бөлуді күшейтуді тапсырды. Тапсырды, бірақ іштей дәл осы тапсырманы Жәдөктің анасы орындай алмайтынын іші сезіп тұрды. Әйел тым момын еді.

Сосын, сосын класс жетекші өзінше жоспар ойлап тапты.

Директордың бөлмесінен класс жетекшінің жүзі жадырап шықты. Ертеңіне мектепке санаулы ата-ана шақырылып, үлкен жиын өткізіп, соның үстінде үлгілі, озат оқушылардың әке-шешелерін мақтау грамотасымен марапаттады. Оның ішінде Жәдөктің бір жапырақ шешесі де бар еді. Ду қол шапалақ, жақсы сөз айтылып ортаға шақырғанда әлгі байғұс әйелдің беті ду ете қалды. Бұрышта тұрған баласы аңтарылып қарап қалды. Директор мұның анасының қандай жақсы адам, еңбексүйгіш маман екенін ұзақ әрі әсерлі етіп айтты. Сөйтіп қып-қызыл грамотаны табыс етті.

Бозөкпе бала ыстық жас қалай көз шарасын толтырғанын өзі де сезбей қалды. Осыған дейін киімі жаман, еңсесін төмен деп менсінбей келген анасы да дәл осы сәтте тіктеліп, әдемі болып кеткендей көрінді. Иә, иә, әдемі. Әдемілік іштегі көңілдің бүр жарған сәтінде екен ғой! … Жылдар өтті. Жәдөк жақсы азамат боп қалыптасты. Анасын қолынан келгенше аялады.

Бұл оқиға 80-жылдарда болған… Қып-қызыл грамотаны класс жетекші өз ақшасына арнайы барып кеңсе тауары дүкенінен сатып алыпты… Сол қып-қызыл грамота бүтін бір отбасының тағдырын шешті…

Жай, есіме түсіп кетті Қызылордадағы білім ордаларындағы жағдайлар жадыма қайта жүктеу (перезагрузка) берді ме…

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: