Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі ауданының бюджеті 15 миллиард теңгеге жуықтады

02.02.2024, 14:00 352

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес отырыстары жалғасуда. Бүгінгі кеңесте Шиелі ауданының алдағы даму бағыты, жүзеге асырылатын жобалар талқыланды. Аудан әкімі Нұржан Ахатов ұсынған әр жобаның тиімділігі талқыланып, жүзеге асыру жолдары қаралды.

Аймақ басшысы жыл қорытындысында Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай өзгерістер болғанын, әр саланың жетістіктерін, мәселелерді атап өтті.

«Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді сараласақ, Шиелі ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 47,9 млрд. теңгені құрады. Бюджет қаражаты 99,8 % игеріліп, Шиелі аудандар бөлінісінде 3-орынға тұрақтады. Өз кірісі 2022 жылы 4,5 млрд. теңге болса, 2023 жылы 5,4 млрд. теңгеге өскен. Бұған дейін атқарылған жұмыстарды әрі қарай да жүйелі жалғастыру керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Н.Ахатовтың айтуынша, Шиелі ауданының бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 14 млрд. 977 млн. теңге болып бекітілді. Өз кірістері – 4 млрд. 229 млн., субвенция – 4 млрд. 263 млн., трансферттер – 5 млрд. 635 млн., кредиттер – 850 млн. теңге. Барлық кірістерінің 28,2 пайызын өз кірістері, 29 пайызын субвенция, 37,6 пайызын трансферттер, 5,2 пайызын несиелер құрайды.

Кеңесте ұсынылған жобалар жан-жақты талқыланып, облыстық басқарма басшылары пікір білдірді. Жүзеге асатын мемлекеттік бағдарламалар, құрылыс, инфрақұрылым, жол құрылысы, кәсіпкерлік салаларының ел игілігіне айналатын жобаларының маңызы зор. Айтылған мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға түсіріліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы 2023 жылдың IV тоқсанында қоғамдық-саяси ахуалды зерделеу барысында тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген мәселелерді атап өтті. Мұнан бөлек, Қарғалы, Қоғалы ауылдық округтері тұрғындарының кентке қатынауы біраз жылдан бері шешімі табылмай келеді. Қалқымалы көпірдің қыс мезгіліндегі жай-күйіне байланысты жолаушылар айналма жолмен жүруге мәжбүр. Аудан әкіміне аталған мәселелерді қатаң бақылауға алып, тиісті шара қабылдау тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: