Бүгінгі қышқыл сатира
Сіздерге кеше естіген жаңалығымды айтсам деймін. Айтайын ба? Айтпай, сабыр сақтайын ба? Айта салайын ба? Жоқ, айтпайын. Сәл күтейін. Жоқ, айта салайыншы? Айтпасам, жыбырлап, біреулерге сыбырлап кетемін. Айтайын енді. Жоқ, айтпай тұра тұрсам ба? Бір түрлі болып қалдыңыз ба? Жарайды, көңілдеріңіз қалмасын, айта салайын. Былай ғой. Түу, сеніңкіремей тұрғаным, өтірік болса, ұят шығар? Айпай тұра тұрайыншы? А? Айта салайын, жаман көңілшекпін ғой.
Бастадым ба, айтайын деп оқталып отырмын. Бірақ, не айтқым келіп тұрғанын іштеріңіз сезіп отырған жоқ қой? Сондықтан, айтпаймын. Жалған ақпарат таратқанға айыппұл бар дейді ме? Айтпай-ақ, тым-тырыс жүре берсем ше? Ренжімеңіздер. Солай шештім. Е, жарайды. Айта салайын! Онда тұрған не бар? Айтамын! Аузыма кім қақпақ болады? Айтамын! Айтқанда, қандай! Айтып-айтып жіберейін бе? Жоқ, бір түрлі болып… Әліптің артын бағайын, ә? Айтпай-ақ қояйыншы? Бірақ, қуанып кетіп едім, қуана алмай тұрғаным. Айта салайыншы, тәңір жарылқасын!
Ал, тыңдаңыздар, онда. Айтамын! Бетке айтамын! Турасын айтамын! Жақында үкімет қаулы қабылдап, мәжіліс депутаттары мақұлдап, «Мемлекеттік ұрылар» күнін жариялады! Тағы бір мереке қосылды! Сіз осы мерекені тойлайсыз ба? Жоқ, әлде, «халыққа қатысы жоқ!» деп ойлайсыз ба? А?
Мұхтар ШЕРІМ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!