Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Балбөбектегі» бір күн

06.12.2023, 8:50 311

HALYQLINE.KZ

Жаңақұрылыс ауылының орталығында орналасқан «Балбөбек» балабақшасына қарай бет алған ауыл аналарының бастарына тартқан ақ жаулықтары, киген қазақы қалың камзолдары өздеріне сән беріп, көшенің ажарын келтіріп, алғашқы желтоқсан айының салқынына қарамай жүздеріндегі жылулық жан-жаққа шуақ шашып келеді. Бұлар – «Балбөбек» балабақшасының ашылғанына 16 жыл толуына орай балабақша ұжымын құттықтауға және балаларының өнерлерін көруге асығып келе жатқан аналар. Әрбір мереке қарсаңында мұндай іс-шаралар балабақшада жиі өтіп тұрады. Бұл балабақша мен ата-аналар арасындағы ынтымақты, жарасымды байланыс деп білемін. Ауыл ардагерлерін «Балбөбек» балабақшасының мерекелік кешіне шақырған соң біз де балаларымыздың, немерелеріміздің қуаныштарына ортақтасуға бардық. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген. Осыдан 50 жыл бұрын жатақхана есебінде каркастан салынған совхоздың көне кеңсесінде орналасқан балабақшаның айналасы жинақы, боялған шарбақ, балалардың ойын алаңдары бірден көз тартып, көңілімізді сергітті. Табалдырықтан аттаған бойда балабақшадағы балалардың ата-әжелерінің «біздің «Балбөбек» балабақшамыздың 16 жыл толу мерекесіне қош келдіңіздер» деген дауыстары бойымызға қуат бергендей елжіретіп жіберді. «Балбөбек» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлсайран Ахмедуллаева қатысушы ата-аналарға жүрекжарды тілектерін білдіре отырып, өтетін іс-шаралармен таныстырды. Әрине, іс-шара мазмұны бүгінгі таңда өте қажетті, мазмұнды, ұрпақтарға тәрбиелі іс-шара деп түсіндім.

«Әкем, анам және мен» отбасылық спорттық сайыс – бүлдіршіндердің денсаулығы күшті болуы үшін, денені шынықтыру, спортпен айналысу қажет екендігінің маңызын түсіндіру. Саламаттану – адам жанының да, тәнінің де тазаруы, денсаулығының жақсаруы. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу дей келе:

Келіңіздер, көріңіздер,

Тек ынта бөліңіздер.

Мықты боп шынығып,

Шығам деп сеніңіздер, – деп, ортаға 4 топ шығып, өз өнерлерін көрсетті. Сайыс арасындағы үзілісте бүлдіршіндер ән шырқап, көңілімізді көтеріп отырды.

«Ал, кәнеки, әжелер» сайысы бүлдіршіндеріміздің бал мекені «Балбөбек» балабақшасының туған күніне орай ұйымдастырылған. Мақсаты – әже тәрбиесін үлгі ету, әжелер өнегесінің ерекшелігін ашу, баланы кішіпейілдікке, қарт адамдарды құрметтеуге үйрету. «Әлемнің жарығын сыйлаған» ана болса, сол ананың анасы, яғни әже немересі үшін шапағатын аямайды, тіпті кейбір әженің мейірімі сонша немересіне тас емшегі жібіп, ақ сүті бұлақ болып ағады. Әженің немересіне деген қамқорлығы туған анадан да жоғары болады. Сондықтан халқымыз әжелерді ардақтай білуді ұрпағына борыш деп есептейді. Әженің көңіліне дақ салмай оның тілектерін орындап отырсақ, әже үшін үлкен бақыт. Әжелердің өнерін көріп, өлеңдерін тыңдаған бүлдіршіндердің көңілдері шат. Оларды көріп біз де шат. Домбырасыз шаттыққа бөленбеген деп әжелердің домбырамен тартқан күйлері балабақша ішін тербетіп тұрды.

Ойды ой қозғайды, ойламасаң сөз қайдан туады. «Адамның бір қызығы – бала» деген деп Абай атамыз айтқандай, бала – өмірдің мәні мен сәні. Олардың сыңғырлаған бал күлкісі, қуанышқа толы жүзі, ешбір байлыққа тең келмесі анық. Бар жақсысын баласына арнаған ата-аналар қашанда өз ұрпағының кемелді келешегі үшін тынбай еңбек етеді. Баласының өмірге келгеннен кейін, оның дұрыс өсуін қадағалап, саналы тәрбие беруге талпынады. Әрине мұндай тәрбие берудің ең алғашқы сатысы – отбасы, балабақша, одан кейін мектеп. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, бала – жас шыбық. Осы шыбықтың түзу өсуіне жоғарыда айтқандай отбасы мен балабақша, одан кейін мектеп және орта ықпал етеді. Осындай балаларға тәрбие беріп, ата-аналардың құрметіне ие болып жүрген ауданнан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс елді мекеніндегі «Балбөбек» балабақшасының 16 жыл толу мерекесінде өткен толымды істерін ой елегінен өткізе отырып, бүлдіршіндердің жарқын жүздері жарқырай беріп, қабақтарына ешқашан кірбің түспесін, дендері сау болсын деген ойда отырдық.

Ата-аналар «Балбөбек» балабақшасының мерекесімен құттықтап, балаларын ұйымшылдық пен достыққа тәрбиелеген балабақша тәрбиешілеріне, жалпы ұжымына өз алғыстарын айтты. Балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлсайранмен тілдескенімде, балабақша жайлы жан-жақты айтып берді. «Үй салғанда үйдің беріктігі іргетасының беріктігіне байланысты емес пе?! Сол секілді ұжымның да ауызбіршілігі мықты. Балабақша ашылғаннан бері 1-сыныпқа баратын балаларды біз алғаш рет партаға отырғызып, қолдарына қалам ұстауды үйретіп, «Әліппені» оқытып, сандарды санатып, мектепке дайындап береміз. Бізден алған білімді мектепте ұштастырып, жаңаша өмір жолын бастайды. Өзіңіз білесіз, 1974 жылы совхоз құрылғанда алғаш жатақхана есебінде салынған совхоз кеңсесі бүгінгі таңда балабақша болып тұр. Салынғанына 50 жыл, яғни жарты ғасыр болған. Іргетасы мүжіліп, төбесі жұқарған. Балабақша үйінің бүгінгі таңда кеткенін бүтіндеп, іші-сыртын тазалап ұстап келеміз», – деп сөзін аяқтады.

Шынында да әр бөлмесіне кірсең, көз тартатын өрнектермен безендірілген. Әдістемелік құралдармен жабдықталып, жаңарғанын көріп, көнелігін ұмытып кетесің. Әрине, бұл «Балбөбек» балабақшасы ұжымының ауызбірлігі деп білемін. Әжелер мен бүлдіршіндердің өнерлеріне риза болып, екі жарым сағат уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Балаларымыздың саналарын рухани құндылықтармен дамытып, адамгершілік қарым-қатынастар мен әдептілікті бойларына сіңіріп, саналы да саламатты тәрбие беріп, елдің алғысына бөлене беріңіздер дей келе, «Балбөбек» балабақшасының 16 жыл толу күніне орай өткізілген іс-шараның жан-жақты қамтылғанын, бүгінгі таңда бала тәрбиесі жөнінде өте маңыздылығын айта отырып, тәрбиелі ұрпақтарыңыз көп болсын, елдің алғысына бөлене берсін деген тілектерімізді білдірдік.

Сердалы  Шалбаев,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: