Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны

01.12.2023, 8:50 466

HALYQLINE.KZ

Депутаттық  сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Екінші ұстаз Әл-Фараби «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» деген екен.

Менің депутаттық сауалым жастар тәрбиесі мен олардың бойына руханиятымыз бен салт-дәстүрімізге негізделген құндылықтарды сіңіру мәселесіне қатысты болмақ. Заман дамып, технология алға озған сайын, біздің балаларымыз салт-санамыздан, өмір салтымыздан алыстап барады. Себебі біз олардың күнделікті тіршілігін, айналасын, тұтынатын контенттерін төл руханиятымызға сабақтай алмай отырмыз.

Жапонның түрколог ғалымы Наката Юконың «Біздегі ең үлкен миф – ол Жапон императоры құдайдан туды деген миф, біз оған тиіспейміз, өйткені ол біздің рухани матрицамыз, Жапония осындай киелі құндылықтардан бастау алады» деген сөзі бар. Біздің қоғамға да бүгінгі таңда жетпей жатқаны осы деп ойлаймын.

Біздің мұндай қасиетті ұғымдарымыздың бастауы – фольклор, жыр, дастан, ертегі, қиссаларымызда. Бұл құндылықтарды біз балаларымыздың бойына ерте бастан қондыра білсек, олар ешқандай жат ағымдарға илікпейтін діңгегі берік, рухы асқақ, мызғымас тұлға болып қалыптасары сөзсіз. Алайда, біз оларға осындай дәстүрлі танымды сіңірудің алғышарттарын жасай алмай отырмыз деп санаймын.

Бұрынырақ, отбасы институтының қағидаты берік кезде осы құндылықтарды біз ата-әжелерімізден жадымызға тоқыдық. Бұл контенттер арқылы жақсылық пен жамандықты, мейірімділік пен жауыздықты, ізгілік пен озбырлықты айыратын танымды сіңірдік. Соның арқасында батылдыққа, елдікке, әлсізге көмекке ұмтылатын асқақ ұғымдарға үйір болдық.

Ал бүгінде ше? Бүгінгі таңда бала тұрмақ, жас ата-аналардың басым көпшілігі бұл құндылықтарды игере алмай отыр. Олардың түсінігінде бала тәрбиелеу – тек, оны ас-су, жылы орын, киім-кешек тағы басқадан мұқтаж етпей өсіру болып қалды. Ал баланың әлемді тануға ұмтылатын рухани болмысы бар тұлға екенін ойлау кемшін түсуде. Бұл – өте алаңдатарлық тенденция.

Сондықтан, өркениеттер қақтығысында ұрпағымыздың опық жемеуін ойласақ, шұғыл түрде ескеретін кейбір мәселелерді айтқым келеді.

Бірінші, балалар санасында еліктеушілік тудыратын батыр бейнелерді қалыптастыруымыз керек. Біз ұлттық-фольклорлық жыр дастандарымыздағы Алпамыс, Ер Төстік, Қобыланды, Ер Тарғын және ел қорғаған – Бөгенбай, Қабанбай, тағы басқа батырлардың, сондай-ақ Саққұлақ, Көлтауысар, Таусоғар сынды кейіпкерлердің бірегей бейнесін жасай алмай келеміз. Бұл кейіпкерлер кітаптарда, анимациялық фильмдерде автордың қиялына сәйкес әртүрлі бейнеленіп жүр. Сондықтан оларды балалар танымайды, еліктемейді. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі кейіпкерлердің бір бейнесін анықтап, оны барлық ақпараттық арналар арқылы насихаттауды және шығармашылық ұйымдар мен авторларға тек сол бейнелерді ғана пайдалануды міндеттеу бойынша шаралар қабылдауды қолға алуы қажет деп санаймын.

Сонда ғана балалар Бэтмен, Спайдермен сынды жасанды қаһармандардан бөлек өз батырларымыздың кейіптерін санасында бірегей бейнеде сақтайтын болады.

Екінші, бізде әлі де ұлттық контент жеткіліксіз, тіпті өте аз деуге болады. Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, таным-түсінігі қалыптасуда. Бұл – ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Сол себепті, ұлттық контент қалыптастыруға стратегиялық деңгейде маңыз беріп, ұлттық кейіпкерлеріміз бен жыр-дастандарымызға негізделген шығармашылық өнімдерді субсидиялау мүмкіндіктерін қарастырған жөн.

Үшінші, театрларға жүйелі қолдау қажет. Бізде бүгінгі таңда балалар театры мен қуыршақ театрлары жоқтың қасы.

Театр – балалардың санасына адамзатқа ортақ мәдениетті, ізгілікті, ұлттық құндылықты сіңірудің ең үлкен ұтымды құралы. Бүгінгі таңда республика бойынша бар болғаны 7 балалар мен жасөспірімдер театры, 7 қуыршақ театры бар. Алайда, бұлардың барлығы тек облыс орталықтарында орналасқан. Аудандық деңгейлерде қуыршақ театрлары тіпті жоқ. Сондықтан өңірлерде балалар театрлары мен қуыршақ театрларын ашудың мемлекеттік- жекеменшік әріптестік тәсілдерін қарастыру аса маңызды.

Бүгінгі таңда республика бойынша шамамен 260 мешіттің құрылысы жүріп жатыр екен. Олардың барлығы жеке кәсіптегі азаматтардың, демеушілердің көмегімен салынуда. Әрине біз мешіт салуға қарсы емеспіз, десек те жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерді мәдени ағарту нысандарын салуға да үндеуі, оның болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын түсіндіруі керек деп ойлаймын.

Төртінші, балалар театрларының, қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорымызға негізделген қазақтілді қойылымдар жоқтың қасы. Бірен-саран қойылымдардың өзі ескірген, тартымдылығы аз. Отандық балалар драматургиясы мүлде кенжелеп қалды. Осы ретте оқу орындарын аяқтап жатқан жас режиссерлар, драматург-қаламгерлер, креативті индустрияның жарқын өкілдері осы салаға баса назар аударғаны жөн болар еді. Біздің әдебиетімізде, фольклорымызда, ертегі, жыр, дастандарымызда тақырып та, мазмұн да, контент те әбден жеткілікті. Тек оны тартымды заманауи форматқа салып көпшілікке жеткізу ғана қалып отыр.

Бесінші, бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған мәселе балалар музейін ашу бастамасын қолдау деп санаймын. Жалпы, музей ісі – маңызды салалардың бірі. Әлемдегі дамыған елдер Музей индустриясын әлдеқашан құндылықты дәріптеудің кешенді құралына айналдырып үлгерді.

Мысалы, Жапонияда концептуалдық тұрғыда өте жоғары бағаланатын қарапайым ғана бір музей бар. Ол – балықшы кәсібіне арналған музей. Ол жерде балықшының еңбек құрал-саймандары, киім-кешегі, үй-жайы көне заманнан бүгінгі күнге дейін қандай эволюциялық жолдан өткені тегіс көрсетілген. Жапондар «әлемдік кеңістікке шығуға бізге себепші болған осы балықшы кәсібі, біз осы балықшылардың ұрпағымыз» дегенді мақтанышпен айтады. Бұл – жапондардың ұлт ретінде атакәсібіне деген құрметі.

Ондай музейлердегі жәдігерлер, материалдық құндылықтар арқылы олар өздерінің бүгінгі тұрмыс тіршілігін өткенімен сабақтай алады.

Мәселен, біздің ата-бабаларымыз ең алғаш жылқыны қолға үйретті, осындай қатал табиғатта мал бағудың жүздеген тәсілін меңгерді, мал өнімдерін керегіне жаратып, талай азық-түлік түрлерін шығарды, осы шаруашылыққа қажет мыңдаған құрал жабдықтарды ойлап тапты. Бұған Ұлы Даламызды әлемге танытқан ежелгі ескерткіштеріміз – Ботай мәдениеті мен Бозоқ қалашығы айқын дәлел.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда біздің кейбір ұрпағымыз ата-бабасының малшы болғанын қабылдай алмайды, тіпті намыстанады. Бұл біздің осындай шаруашылық сабақтастықтан ажырап қалғанымыздың салдары деп білемін.

Осы орайда, әлемдік тәжірибені кеңінен зерделеп, музей ісін дамытудың жаңа тұжырымдамасын әрлеу, соның ішінде Еуропа елдеріндегі секілді балалар музейін дамыту ісіне баса көңіл бөлу керек деп пайымдаймын.

Алтыншы, ұлттық құндылықтарды, фольклорлық тұлғаларды онлайн платформаларда дәріптеу мақсатында, тартымды комикстер, әлеуметтік желілерге арналған позитивті стикерлер, тез таралатын вирусты роликтер әзірлеуді қолға алу қажет. Бұл жұмыстарды іске асыруға, жоғарыда айтып кеткенімдей креативті индустрия өкілдерін кеңінен тарту аса маңызды.

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Атақты америкалық «Дисней» компаниясының белді өкілі Рой Диснейдің «Құндылықтарыңның не екенін білгенде шешім жасау қиын емес» деген сөзі бар. Біздің ел өз құндылықтарын анық түсіне бастады. Енді оны жанымызды сала қорғап, ұрпақ санасына сіңіретін уақыт келді деп ойлаймын.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймын.

Руслан  РҮСТЕМОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: