Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күтпеген кету мен келу

07.05.2020, 12:05 678

Дүрбелеңге толы дүние күн сайын сан құбылып тұр емес пе? Саясат сал­қыны да лезде өзгеріп сала береді. Мұндай салқындық Ақорданың өз ішінде де сезілетіні бар. Нені меңзедік? Ол – соңғы саяси лауазымы – Қазақстан Республикасы Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның сенбіде ойламаған жерден қызметінен кетуі. Әрине, өз еркімен емес, президенттің жарлығымен оның өкілеттігі тоқтады. Сарапшылардың пікірінше, бұл – мемлекет басшысының өз өкілеттігін бекіте түсуге ба­ғытталған қадам. Ал, апта басында ҚР Орталы­қ сайлау комиссиясының отырысында парламент сенатының депутаты Дариға Нұрсұлтанқызының өкілеттігін заңға сәйкес тоқтату туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, Д.Назар­баева 2016 жылы 13 қыркүйектен сенат депутаты, 2019 жылы 20 нау­рыздан бастап сенат төрағасы болды. Ал өткен жылы қыркүйекте парламент сенат­ының төрағасы болып қайта сайланды. Сол жолғы Сенат отырысында президент Қ.Тоқаевтың бұл лауазымға оның кандидатурасын өзі ұсынғаны белгілі. Жасырын дауыс беру нәтижесін­де жоғарғы палатаның жиынына қатыс­қан 48 депутаттың барлығы Дариға Назар­баеваны қолдап, дауыс берген еді. Сенатор болғанға дейін ол әр жылдары «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті, «Хабар» агенттігінің директоры, бас директоры, президенті, директорлар кеңесінің төрағасы, «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті, Тұңғыш Президент қорының директоры қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, парламент мәжі­лісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, мәжіліс төрағасының орынбасары, «Nur Otan» фракциясының жетекшісі, премьер-минист­рдің  орынбасары  болған.

Бір қызығы, бұған дейін үлкен үйдегі ауыс-түйістерден ел алдын ала құлағдар болып отыратын, ал мамырдың 2-сіндегі «кету» көптің көңілін күпті етті. Мұны неге жоритынын білмей дағдарғандар да аз болмады. Саясаткерлер де, сарапшылар да, былайғы жұрт та әралуан ой-пікір айтады. Сенатты бар-жоғы 1 жылдан сәл астам уақыт «билеген» оны «азусыз» төрағаға балайтындар да бар. Сонымен, бұл күтпеген «кетуге» не себепші болды? Мұндай шешім кімнің тарапынан жасалса да, оған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Оның орынтағын босатуына Айсұлтан Назар­баевтың әлеуметтік желідегі жазбалары, оффшор дауы, әлде Қазақстанның экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің дағдарыс кезінд­егі прези­дент Қ.Тоқаев­қа жол­даған сәлемі, немесе Елбасы, ҚР  Қауіпсіздік кеңесі төраға­сының  Ресейге сапарының нәти­же­сі, болмаса, Президенттің шеші­мі, мүмкін, елдегі басқару жүйесінде парла­менттік билікті күшейту идея­сы итермеледі  ме? Қалай десек те, бір нәрсе анық: оның сенаттан кетуі «ел президен­ті болып бірер жылда транзиттік жолмен сенат төрағасы Дариға Назарбаева келе­ді» деген әңгімеге нүкте қойды. Бұл тура­лы әлеуметтік желілерде пікір жазып­ жатқандар көп. Соның бірі сая­саттанушы Расул­ Жұмалы Face­book парақшасында: «Соңғы отс­тавка бойынша  әліптің артын күтейік. Біз­дегі саяси жүйеде кім қайдан кеткені емес, қайда келгені маңыз­дырақ. Әзірге анығы бір – Дариға Назарбаеваның келесі президент болу­ы мүм­кін деген алыпқашпа әңгі­мелерге нүкте қойылды», – деп жазды.

Ал, енді көпшілікті оның қандай қызметке баратыны қызықтырып отырғанын да жасыра алмаймыз. Бұл жөнінде де түрлі болжамдар бар: «Nur Otan» партиясының төрағалығы, Үкімет басшысы, бір облыстың әкімі. Тіпті саяси карьер­асы аяқталды деп болжаушылар да бар. «Саяси мансабында 10 жыл парламентте түрлі «креслоларда» отырған Назарбаеваның өкілет­тігінің тоқтатылуы ешкім күтпеген саяси шешім болды. Әсіресе, пенсияға бір-екі жыл қалғанда. Премьер бола ма? Оның үкіметбасы болатындай салмағы жоқ. Іс-тәжірибесінде дәл 1 жыл вице-премьер болғаны демесеңіз, Үкіметте ешқаш­ан салалық министрліктерді басқармаған. «Nur Otan»-ға бара ма? Бірінші орынбасарлық – айтарлықтай маңызды саяси орын. Алайда  бұл партия саяси модернизация процесі жүре бастаған, қыр астында сайлау тұрған осындай кезеңде отбасылық авторитеттен гөрі керісінше мықты менеджерге зәру. Партияның саяси кеңесі­нде онсыз да Нұрсұлтанқызы бір жылдан бері бар. Қалалардың біріне әкім бола ма? Пан­де­мия белең алып, экономика тұралатып тұрған бұл кезеңде ірі қалалардың біріне немесе өңірге әкім боп баруды Назарбаева қалайды деп айта алмаймын. Меніңше партия құрып, белсенді болған 20 жылындағы саяси карьерасы осымен аяқталды», – деп жазды журналист Нұрғали Нұртай  өзінің  Facebook  парақшасында.

Бір сөзбен айтқанда, бұл «кетудің» алдағы саяси өзгерістерге қаншалықты әсер ететінін қазір болжауға болмас. Былтырғы 19 наурызда күтпеген оқиға болса, бүгінгі күнді де күтпеген едік. Сол сияқты апта басындағы «келуді» де көпшіліктің күтпегені рас. Иә, сол күні Парламент Сенатының жаңа төрағасы да сайланды. Ол – Мәулен Әшімбаев. Бұған дейін ол ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған болатын. Алдымен президент жарлығымен сенатор болып тағай­ындалған оның кандидатурасын жоғарғы палата депутаттары бірауыздан мақұлдады. Оны парламент сенатының отырысына қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі таныстырды. «Ол мемлекет ісінің қыр-сырын­ жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүк­телген міндеттерді  абыроймен  атқарып  келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына  күмәнім  жоқ», – деді президент.

Жасыратыны жоқ, Әшімбаев – екі президентке де ыңғайлы адам. Әрі сарапшылар оны элитаішілік тартыстардан тыс тұрған, таза адам деп те санайды. «Мәулен Әшімбаев – белгілі әрі ықпалды тұлға. Саясатта тәжірибесі мол. Меніңше,­ ол – Сенат төрағалығына лайықты адам. Президент дұрыс шешім жасаған. Және оның билікті, өкілеттіктерді ақырындап өз қолына алып жатқаны байқалады. Бізде мемле­кеттің тізгіні бір қолда болғаны жөн. Әсіресе, қазіргідей ахуалда. Біздегі саяси өмір қызық болып келеді. Әліптің артын бағу керек», – дейді сарапшы Қазбек Бейсебаев nege.kz ақпарат порталы­на берген пікірінде. Сондай-ақ, «Әшімбаев спикер болғаннан ешнәрсе өзгермейтінін» алға тартатындар да бар. Бірақ, саясаткер Балташ Тұрсынбаев олай ойламайды екен. «Мәулен Әшімбаев – білімді һәм зиялы жігіт. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған кезімде Мәулен менің қарамағымда істеген. Ғылыми атағын өз күшімен қорғаған жігіт. Өзгелердің қалай қорғағандарын білеміз ғой. Жалпы саясатта орындаушы және қоғамға керек­ саясат жүргізетін қайраткерлер болады. Бұл біріншісіне жатады. Содан кейін Мәулен Әшімбаевтың 100 млн доллар тұратын Лон­донда сарайлары жоқ. Қоғамға пайдасы да, залал­ы да жоқ адам ғой. Сондықтан спикерлікке  келіп  жатыр», – депті ол malim.kz қоғамдық-саяси  сайтына.

Осылайша, Қазақстан парламенті тарихында Мәулен Сағатханұлы ең жас сенат төрағасы болып отыр. 49 жастағы саясаткер соңғы жылдары «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, президент көмекшісі, президент әкімшілігі төрағасының орынбасары сынды лауазы­мды  қызметтерді  атқарған.

Айтпақшы, Әшімбаевтың да орны бос қалмады, ол орынтаққа сол күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылған  Дәурен Абаев отырды. Мемлекет басшысының жарлығымен Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған ол көпшілікке алғыс айтып, жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді. «Құрметті достар! Баршаңызға лебіз-тілектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Еліміздің ақпарат саласына жауапты министрлікке жетекшілік еткен жылдары өздеріңізбен бірге табанды, жемісті еңбек еттік деп санаймын. Біз көтерген бастамаларды қолдап, әркез ой-пікірлеріңіз бен сын-ескерт­пелеріңізді ашық білдіріп, қоғам үшін маңызд­ы мәселелерге жанашырлық танытқандарыңыз үшін сіздерге зор алғыс айтамын. Қазірг­ідей күрделі уақытта қоғамның тас түйін ауызбірлігі мен белсенді азаматтық ұстаным ауадай қажет. Сондай-ақ, министрліктің және министрлікке қарасты ұйымдардағы сарапшыдан бастап басшылық құрамына дейін әрбір қызметкеріне ерекше құрмет білдіріп, алғыс айта­мын. Ал бүгінгі тағайындау, ең алдымен, маған артылған үлкен сенім деп білемін. Тапсыр­ылған қызметті абыроймен атқарып, қажыр-қайрат пен білім-білігімізді Отанымыздың игілігіне арнаймыз», – деп жазды экс-минист­р  Facebook  парақшасында.

Ал, Абаевтың орнына Балаева барды. Аида Ғалымқызы – 46 жаста, Абай атындағы Алматы­ мемлекеттік университетін және Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген. Көбіне саяси қызметі Алматы қаласындағы ақпарат, ішкі саясат­ саласында өткен оның 2010-2014 жылда­ры Астана қаласы әкімінің орынбасары, 5 жылдай ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болғаны бар. Ал Ақпарат және  қоғамдық  даму  министрі қызметіне мемлекет  басшысының  көмекшілігінен келді.

Сонымен, бұл ауыс-түйістердің астарында не жатыр? Осы сауалды «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімге қойып көрдік.

– Айта кетуім керек, жоғарыда болып жатқан ауыс-түйістерге мән бермейтін адаммын. Қосылғыштардың  орнын  ауыстырғанмен, қосындының өзгермейтіні белгілі… Сондықтан менің көзқарасымды – сарапшының бағасы деп емес, жеке адамның субъективті пікірі деп қабыл­даңыздар.

Біріншіден, біздің билік – 30-40 адамның бір бөлмеге жиналып алып, мезгіл-мезгіл бірінің орнына­ бірі келіп, енді біреуі кетіп жатқан жабық кабинет сияқты. Жаңа адам, жаңа тұлға, жаңа атауды көрмейсіз, естімейсіз. Әрине, жаңа басшы­ келгенде кабинеттегі адамдардың қыз­меттерінің өзгеруі, ауысуы – заңды құбылыс. (Ал халық­тың, қоғамның рөлі – сыртан қарап, не кіжініп, не тамсанып  тұру  сияқты).

Екіншіден, Тоқаев бастаған биліктің басты кемшілігі, қателігі – Дариғаның не себепті Парламенттен (әлі бір жыл уақыты бар), сонымен бірге Сенаттың басшылығынан кеткенін халыққа түсіндірмегені дер едім. Басқасы басқа, екінші рөлдегі тұлғаны кенеттен алып тастау – баяғы «өзіміз білеміздің» көрінісі. Ең болмаса, «басқа қызметке кетуіне байланысты» немесе «денсаулығына қарай» деген шығарып салма сөздер де естім­едік. Дариға қарындасымыз да өзінің тарапы­нан  түсінік  берген  жоқ…

Үшіншіден, қоғамдағы «кейін Тоқаев кетіп (не қызметін атқара алмай жағдайды сылтауратып), оның орнына Дариға Президент болатын жоспар бар екен» деген алаңдаушылық, уақытша болса да тоқтайтын секілді. Бірақ ертең, не парламе­нттік, не президенттік-парламентік жүйе болғанда Дариғаның «Nur Otan»-ның бас­шысы­  болып Парламентті өз қолына ала ала­тындығын  да  жоққа  шығармайық…

Өз басым, Тоқаевтың бүгінгі жариялап отырға­н бағытын есепке алсақ, спикерлік орынға Мәуленнің келгенін дұрыс деп білемін. Ал Дәурен мырза пен Аида бикештің (ханым деген сөз орынсыз­ болар) жаңа лауазым алуларын – отыз жыл бойы араластырған картаның тағы бір «жатысы»­ дер едім, – деді Дос Көшім.

Ал, 2019 жылғы президент сайлауының кандидаты, саясаткер Әміржан Қосанов бұл тағайындаула­р  туралы  Facebook парақша­сында:

«Бір нәрсе қуантады: билік басына зейнеткерлер емес, орта буын (біздің жүйеде оларды «жастар» десе  де  жарасады) келіп жатыр. Бұл – жақсы  тренд. Ұзағынан  сүйіндірсін.

Бірақ та бір нәрсе анық: әр жаңа мансап иесін қалай мақтаса да (шыққан тегі, білімі, тәжірибесі дегендей) олардың бәрі – 30 жыл бойына қалыптасып қалған қатаң жүйенің өкілдері. Соның адепттері, антына адал сол­даттары. Бұған дейін ешқайсысы да ашық демокр­атиялық пиғылымен көзге түсе қоймаған  тұлғалар.

Сондықтан да олардың жекебас талаптары мен таланттарына сай жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері өзгергенмен, олар тұтас бір жүйені өзгерте  алмайды.

Ал халықтың күтіп отырғаны сол: жүйенің өзгеруі.

Бізде  жүйені  өзгерте  алатын екі күш бар: бірі – халық, екіншісі – Конституция бо­йынша толыққанды (заң шығарушылық, практикалық) билікке ие президент. Елбасы да өз күш-қуатынан айрыла қоймаған сияқты.

Сенат төрағасы туралы бөлек айту керек. Өйткені, ол – Конституция бойынша мемлекеттегі екінші адам, алда-жалда президентпен бір нәрсе боп қалса, билік, уақытша болса да, соның  қолына  көшеді.

Оған бұған дейін дербес әрекет жасап, өзіндік мінез танытып,  көзге  түсе  қоймаған  49 жастағы Мәулен Әшімбаевтың «духы» жете ме? Оны уақыт көрсетеді. Бұл оның нағыз сынала­р, қайраткер  ретінде  қалыптасып, пісіп-жетілер  шағы  болмақ.

Меніңше, оның тағайындалуы – Ақорда мен «Кітапхана» арасындағы компромисс. Бәлкім, Тоқаевқа да дербес қимыл-әрекет жасай алатын,­ өзіне болашақта саяси бәсекелес болатындай Сенат спикері керек болмады ма?

Енді спикердің саяси болашағы екі сұрақтың жауабына байланысты.

Бірі – компромистік тұлға ретінде өз-өзін ұстап  жүре ала ма әлде екі түйе сүйкенсе, шыбын­ секілді құрбан боп кете ме? Олай дейтінім, біздегі екі саяси орталықтың арасы күннен-күнге ушығып бара жатқан сияқты. Ертең тағы да бір саяси қақтығыс не дағдарыс боп  қалса, ол  қай  жақтың  сойылын  соғады?

Екіншісі – оның күнделікті қызметіне екін­ші президент қандай қолдау көрсете алады – ол да өте-мөте маңызды. Өйткені, қалай дегенмен, уақыт өткен сайын екінші президенттің саяси рөлі  арта  бермек.

Ең бастысы сол: кезінде президент боп сайла­нғанда Нұрсұлтан Назарбаев та тек өзіне берілген адамдардан ғана команда құрып, елдің саяси элитасын түзеп еді. Ол критирийлер ішінде жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық, отбасылық принциптер орнықты. Содан бүгінгі құбыжық жүйе дүниеге келіп, ел болашағын, соның ішінде, президентке жақпаған талай қайраткердің тағдырын анықтап тастаған.

Енді Тоқаев та сол жолға түсіп, тек өзінің жеке басына адал адамдардан ғана мемлекеттік органдар басшыларын таңдаса, сол суперпрезиденттік жүйе өзгере ме?

Ол да өзіне жақпаған тұлғаларды тұқырта бастай ма? Қудалай бастай ма?

Онда оның Назарбаевтан не айырмашылығы  болмақ?

Олай болса, біздің, демократтардың, президенттік билік тұсында парламенттің рөлін күшейту туралы талаптарымыз өзекті бола береді!»­, –  деп  пікір  қалдырыпты.

Сөйтіп, аптаның айтулы оқиғасының біріне баланған  Сенат  төрағасы  да  өзгерді. Өзгергенді көз көрді. Қызығы сол, қызмет жаңарт­қандар – «жетпісінші жылғылар», жетекші партия мүшелері әрі экс-президенттің «сенім кредитіне» ие болғандар. Оларға бүгінгі президент те сеніп қызмет тапсырып отыр. Айтпақшы, кешегі сенат отырысында Қ.Тоқаев: «Сенат­ депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар бары­сында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдата­тын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы» деді. Демек, алдағы күннен не күтуді болжау да қиын, сайлау нау­қанының да ауылы алыс емес сияқты, бұл өзгерістер соның алғышартындай көрінеді. Әрине, бізге, жоғарыдағы сарапшылардың айтқанындай, әліптің артын бағудан басқа амал жоқ.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: