Ережесіз жекпе-жек жайында білмейтін жан жоқ шығар. Сан қилы спорт түрінің басы бірігетін, көрерменге хардкор мен айрықша сезім сыйлайтын бұл жекпе-жек түрінің жанкүйерлері жыл өткен сайын артып, бұқара арасында кең ауқым алған. Бозкілем тарландары да, былғары қолғап шеберлері де бір алаңға тоғысып, сынға түседі. Еліміз үшін де бұл спорт түрі таңсық емес. Отандастарымыз жыл өткен сайын ММА бойынша халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр. Қашанда өзінің батылдығымен, жаугершілігімен дараланған қазақ халқы үшін аралас жекпе-жектің таңсық болмайтыны анық.
Аталған спортты дамыту мақсатында біршама промоушен турнирлер ұйымдастырып, бір жағынан өз бизнестерін жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, «UFC», «Bellator», «ONE Championship», «M-1 Global» секілді ұйымдар аралас жекпе-жек спортының арқасында қыруар қаржы табуда. Әсіресе, «UFC» промоушенінің ауқымы кең. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін аталған ұйымның өткізетін турнирлерін көруге құмар. Себебі, «UFC» спортшылардан қалай медиажұлдыз шығару керек екенін, араларына араздастық тудырып, шоу жасау керектігін жақсы біледі. Қазіргі сәтте ұйымның жалпы бюджеті шамамен 10 млрд долларды құрайды.
Жоғарыда айтып өткендей, қазақ халқы үшін жалпы жекпе-жек өнері жат емес. Бұған әлемнің ең мықты промоушенінде кіл мықтылармен күш сынасып жүрген отандастарымыз айқын дәлел. «UFC» ұйымы құрылғалы бері қазақтар соңғы 3-4 жылдықта ғана жетекші мамандардың көзіне түсіп, октагонға шықты. Ең алғаш рет бұл лигамен келісімшартқа отырып, жекпе-жек өткізген этникалық қазақ, бірақ қытайлық Жұмабек Тұрсын болатын. Дегенмен, үш жекпе-жектің үшеуінде де жеңіліс тапқан ол сәтсіздікке ұшырады. Жолы болмағаннан кейін де есте аса қала қойған жоқ. Одан кейін 2018 жылы Орынборда туып-өскен этникалық қазақ Дамир Исмагулов «UFC» ұйымына қосылды. Дамир бұл промоушенға дейін «M-1 Global» промоушенінің жеңіл салмақ дәрежесінің чемпионы болған-тұғын. Өзге елдің атынан шыққанымен, өзінің қазақ екенін қай жерде болсын айтып жүретін. Тіпті лақап атын «Qazaq» деп қойған. Қандасымыз «UFC» лигасында жеті мәрте октагонға шығып, бесеуінде жеңіске жетіп, екі рет жеңіліске ұшыраған. Қазір уақытша үзілісте. «UFC» төріндегі қазақтар жайында сөз қозғалғанда Шавкат Рахмоновты тілге тиек етпеске болмайды. Шавкат Рахмонов – қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері, «UFC» промоушенінің жартылай ортақ салмақ дәрежесіндегі үздік спортшыларының бірі, әлемдік рейтингте үздік алтылықтың қатарындағы мақтанышымыз. Өзінің ептілігімен, жылдамдылығымен және ең бастысы әмбебаптығымен көзге түскен ол 2019 жылы аталған ұйыммен келісімге келген. «UFC» турнирінде бес рет жекпе-жекке шығып, оның бесеуін де уақытынан бұрын аяқтаған. Жалпы рекорды – 17-0. Шавкат аздаған уақыт ішінде үлкен танымалдылыққа ие болды. Тіпті шетелдік ММА сүйер қауымның да ерекше ықыласына бөленген. ММА сарапшыларының айтуынша, Рахмонов жартылай орта салмақтың потенциалды чемпионы болып есептеледі. Жуырда 16 желтоқсан күні «UFC 296» турнирі аясында американдық Стивен Томпсонмен жұдырықтаспақ ниетте. Егер жеңген жағдайда еліміздің тәуелсіздік күніне ерекше тарту болайын деп тұр. Жартылай орта салмақтың қазіргі жеңімпазы – британдық Леон Эдвардс. Титул жолында енді 1-2 жекпе-жек өткізсе, «UFC» чемпионы атанатын күн де алыс емес. ММА жанкүйерлерінің көп бөлігі Шавкаттың шешендік спортшы Хамзат Чимаевпен белдескенін қалайды. Хамзат та Шавкатпен түйдей құрдас, ұлттары жақын. Бұл факторлар екі жауынгердің «UFC» президенті Дана Уайттың алдағы жекпе-жегін өткізуге ерекше серпін беретіні анық. Шавкаттың кезекті қарсыласы да осал емес. Өзінің кикбоксингтегі карьерасында 57 мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, жеңіліс дәмін татып көрмеген атлет. ММА-дегі рекорды – 17-6-1.
Шавкаттың ізімен және ММА-менеджер Саят Абдрахмановтың арқасында отандастырмыз әлемнің бірінші промоушенімен келіссөздер жүргізу үстінде. Бір жылдың қарсаңында Азат Мақсұм, Асу Алмабаев есімді жігіттер «UFC» жауынгерлерінің қатарына қосылды. Екеуі де аса жеңіл салмақта бағын сынайды. Азат та, Асу да бір-бірден жекпе-жек өткізіп үлгерді. Асу дебюттік жекпе-жегін 6 тамыз күні «UFC on ESPN» турнирі аясында өткізіп, қарсыласы Оди Осберннен қылқындыру әдісімен басым түсті. Ал Мақсұм «UFC Vegas 77» турнирінде американдық ардагер спортшы Тайсон Нэмді қапы қалдырды.
Елімізде потенциалы жоғары UFC-ден үмітті спортшылар жеткілікті. «Naiza», «Alash Pride», «Octagon» сынды отандық промоушендер бірқатар жауынгерді үлкен мансапқа ептеп, шыңдап жатыр. Қазақстандықтардың ережесіз жекпе-жектегі бүгінгі әуселесі тіпті дағыстандықтардан да кем емес деуге толықтай негіз бар. Биылғы жыл спортшыларымыз үшін табысты жыл болды. Қазақстанның қай аймағында болмасын аралас жекпе-жек, панкратион спорт түрлерінің секциялары бүлдіршіндер үшін қызмет етіп жатыр. Сол себепті Шавкат, Асу, Азат секілді жүректі жігіттердің қатары толып, «UFC-ді» бағындырады деген үміттеміз.
Айтілес АБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!