Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл айтқыштары

07.05.2020, 10:10 1190

Қызылорда облысы Жаңа­қорған  ауданына қарасты Қыраш және Задарья ауылында «сен тұр, мен атайын» дейтін жатыпата­р айтқыштар көп. Солард­ың бірі де бірегейі – Мақсат­  Нұртазаев. Оның  айт­қан ұтымды сөздері мен әзіл әңгімелерін дүйім халық, мұқым ел әлі күнге дейін айтып жүр. Соларды­ң бір парасын сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн  санадық.

ҚЫЗДАРЫНЫҢ  «ТӨЛІ»  БАР  ЕКЕН

Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны белгілі. Мақсат көкеміз де қыздай алған Нұржамал жеңгемізбен дәм-тұзы жараспай, ажырасып тынады. Ер­кект­ің әйелсіз күні қараң екені тағы анық. Дереу көрші ауылдың бір қызына алдымен көз, содан кейін сөз салады. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген сөз рас болса керек, сірә. Қыз қылығын көрсетіп, қылымсымай, келісімін береді­.

Болашақ жеңгеміздің бір баласы бар екен. Шын ғашықтарға ол да кедергі бола алмайды. Содан не керек, Әламан деген досын күйеу жолдас етіп, көрші ауылға тартып  кетеді.

Сөйтсе, қыздың ата-анасы қалыңмалды азсынып, үстіне тағы біраз сома қосуын талап етеді. Оған күйеу жолдас болып­ келіп отырған Әламан көнбейтін көрінеді. Күйеу баланың ағасы Әбдіғаппар Нұр­тазаев атақты «Задарья» кеңшарының директо­ры екенін білетін ауыл ақсақал­дары сұраған соманы қалайда аламыз деп ойлайды. Сонда тілінің тікені бар Мақсат ағамыз  досына  қарап:

– Әй, Әламан, бұлар сұрап отырған соманы берсек берейікші, қыздарының төлі бар көрінеді, – деген екен жұрттың бәріне естірте отырып. Мына сөзден кейін ауыл ақсақалдары ләм дей алмай, екі жасқа ақ баталарын  беріп, шығарып  салған  екен.

«ИСАНЫҢ   НАҒАШЫСЫ»

«Задарья» кеңшарының директоры Әбдіғаппар Нұртазаев қайтыс болады. Көңіл айтып келушілерде есеп жоқ. Марқұмның қырқы өткенше әр бейсенбі сайын­ ас беріледі. Уақытысында келе алмай қалған жиені Бәйден Исаұлы сондай бейсенбілікке санаторияда ем алып жатқан бір орыстың көлігімен келеді. Таза қазақы ауылға орыстың келуі – жүн шыққан тасбақ­а көргенмен бірдей болатыны заңды­. Дастарқан үстінде бір қария Бәй­денге  қарап:

– Мынау орысың кім? – деп сұрапты. Сонда  әңгімеге  Мақсат  араласып:

– Исаның нағашысы ғой, – деген екен. Сол жерде отырған жұрт ду күліпті.

ТӘЖІКШЕ  АУДАРМА

«Задарья» елді мекенінде тұратын Оразбек­ деген кісі ылғи әңгі есек мініп жүреді екен. Кемпірі бұл жалғаннан бақиға озғаннан кейін мәші есекке мінетін болып­ты. Бір күні Оразбек ақсақал әлгі мәші есегін мініп, ас беріп жатқан үйге келеді­. Дастарқан үстінде кезінде Тәжік­станнан көшіп келген Әлмер мен Төлеш деген кісілер екеуара тәжікшелеп әңгіме айтып отырады. Олардың сөздерін түсін­беген жұрт:

– Бұлар не деп шүлдірлеп отыр? – дейді ғой. Сонда Мақсат:

– «Оразбек байғұс кемпірі өлген соң, мәші есек мінетін болыпты ғой» деп отыр Әлмер, – депті тәжікше білетін адам құсап.

Мақсаттың бұл қитұрқы сөзін Әлмер естімепті. Оразбек Әлмерге қарап:

– Мақсаттың айтып отырғаны рас па?- депті. Әңгіменің мәнісін түсінбеген Әлмер:

– Рас, – дей салыпты. Сөйтсе, Оразбек алдында тұрған табақты Әлмердің үстіне аудара салыпты. Түкке түсінбеген Әлмер Оразбекке жұдырығын ала жүгіреді. Жұрт екеуін әрең ажыратып алады.

– Мұның не? – дейді арашаға түскен ағайын Оразбекке.

– Әлмер тәжікшелеп менің намысыма тиетін сөз айтты, – дейді. Әлмер азарда-безер­  болып:

– Мен олай дегенім жоқ, – деп ақталады. Әлмердің сөзін Төлеш те қостайды. Айналып келгенде Мақсат айыпты боп шығады.

– Мақсат, мұның не, ұят емес пе? – десе:

– Қайдам, мен білетін тәжікшенің аудармасы солай болатын, – депті міз бақпай.

МАҚСАТТЫҢ   КӘСІБІ

«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген қағиданы ұран етіп, Мақсат прораб боп істейтін Әсет құрдасына картоп егіп бермек болады. Екеуі қол алысып, төс қа­ғыстырып келісімге келеді. «Мынаны тұқым етерсің» деп Әсет Мақсат­қа 4 қап өнген картоп береді. Сол күннен бастап Мәкең Әсеттің есебінен ауылдағы буфеттен ауызбастырық алып, ас-суын айырып тұрады. Содан күз келеді. «Картобын жинап­ алсын» деп, Мәкең Әсетке хабар жібереді. Жағымды жаңалықты естісімен Әсет бала-шағасы мен туған-туыстарын жиып, егістік басына жетеді. Жақсылап дастар­қан жайып, Мақсатты құда күт­кендей сыйлайды. Бала-шағасын картоп жинауға жұмсайды. Олар әп-сәтте кеп қалады.

– Неше қап жинадыңдар? – деп сұрайды Әсет.

– Бар болғаны 4 қап, – дейді олар шулап.­

– Мәке, бұл қалай? – дейді Әсет таңырқап.

Сонда Мақсат еш саспастан:

– Енді не дейсіңдер, бірдеңелерің кетті ме, ескі картөшкелеріңді жаңартып алдыңдар ғой, – деген екен.

«ПАХТАКОР»

Жаңақорған ауданында Қыркеңсе деген­ шағын елді мекен бар. Ол ауылда негізін­ен қарашалар мен божбандар тұрады­ екен. Өзге ұлттан, тек бір өзбек үй болса керек. Шағын ғана ауылда екі-ақ рудың адамдары тұрған соң, олардың бір-біріне қыз алысып, қыз берісіп, құда-жекжат боп жататыны белгілі. Сондай кезде ел азаматтары бір-біріне 1:0, 2:1, 2:2 болдық деп әзілдесіп жүреді екен. Сөйтіп жүр­генде, әлгі өзбектің баласы божбанның қызын алып қашады. Оны Мақсат біледі екен. Бір күні қарашаның қызы бож­бандарға қашып кетеді. Соның ертесіне божбанның  жігіттері  Мақсатқа:

– Оу, Мәке, 1:0 болдық қой, – деп әзілдепті.

Сонда Мақсат:

– Е, осы күнге дейін бірде сендер, бірде біз, итжығыс боп келеміз ғой. Бірақ біз сендер сияқты «Пахтакорға» гол соқтыр­ған жоқпыз, – деген  екен.

АМАНАТ

Ауылға айтқыштығымен аты шыққан Мақсат Нұртазаев қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Оның көңілін сұрап, ауыл азаматтарының бірі келеді. Ол жігіттің әкесі жақында ғана қайтыс болса керек. Ауырып жатқан адамның ахуалын ойлаған жеңгеміз:

– Ағаңның мазасы болыңқырамай жатыр­, кірмей-ақ қойшы, – депті алаңдап. Осы сөзді естіп жатқан Мақсат баяғы әдетіне­  басып:

– Әй, кемпір, кіре берсін, мен 2-3 күн­нен кейін о дүниеге жүрейін деп жатырмын ғой, мүмкін әкесіне айтайын деген аманаты бар шығар, – деген екен.

Ермахан  ШАЙХЫҰЛЫ,

«Алтын  қалам»  сыйлығының  лауреаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: