Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзімді мансапқұмарлар қатарына жатқыза алмаймын

26.10.2023, 10:40 2269

Лаура  ҚОЛҒАНАТҚЫЗЫ:

Елдің сенім жүгін арқалаған аудандық мәслихаттың депутаты, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Арал аудандық «Халыққа қызмет көрсету» орталығының басшысы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, «Арал-Ару-ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лаура Ибраимовамен депутаттық мандат пен ел алдындағы міндет төңірегінде сұхбаттасқан болатынбыз.

«ӘКЕМНІҢ  АРМАНЫ  МЕНІ  МӘСКЕУДЕ  ОҚЫТУ  ЕДІ»

– Лаура Қолғанатқызы, әңгімені сіздің өскен, өнген ортаңыздан бастасақ, ата-анаңыз туралы айтып берсеңіз…

– Мен 1971 жылы балықшы отбасында дүниеге келдім. Әкем Қолғанат өмірінің соңына дейін «Аралбалық» өндірістік бірлестігінде бас экономист болып еңбек етті. Анам Зәру – Ақшатау ауылының тумасы. Нағашы атам Ералы Қожа – ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған, әулиелік қасиеті бар ишан болған кісі. Анам ағылшын тілінің мұғалімі болған. Кейін бала тәрбиесімен айналысып, қызметтен қол үзді. Бар уақытын бізге арнады десем де болады. Көпбалалы отбасында өстім. Аллаға шүкір, жеті ағайындымыз.

– Бала, бойжеткен Лаура қандай болды? Жастық шаққа саяхат жасап қайтсақ…

– Мен өте ерке өстім. Марқұм әкем менің жақсы оқығанымды қала­ды. Әкемнің арманы мені Мәскеуде оқыту еді. «Қызым, менің орысшам сенің 4 сыныбыңа ғана жетеді. Соған дейін көмектесемін. Әрі қарай өз біліміңді жетілдіруің керек» деп сабағымды қатты қадағалады. Бір өкініштісі, әкем мен 7-сыныпта оқып жүргенде өмірден өтіп кетті. Сонан соң мен «қалайда әкемнің арманын орындауым керек» деген алдыма мақсат қойдым. Бар ынтамды білім алуға аудардым. Қаладағы №14 мектепті өте жақсы оқып, арнайы медаль­ға бітірдім. Мектеп қабырғасында жүргенде белсенді оқушылардың бірі болдым. Оқушылардың комсомол ұйымының хатшысы, пионерлер ұйымының төрайымы болдым. Сол кезде бізге білім берген Гүлсім Сәкенбайқызы деген білікті ұстазымыз болды. Сол кісінің арқасында мен ағылшын тілін ерекше сүйіп оқыдым. Мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы шет тілдері университетіне оқуға түстім. Менің бірінші мамандығым – ағылшын-қазақ тілінің мұғалімі. Кейін Орта Азиялық университетін заңгер мамандығы  бойынша  тамамдадым.

– Ал еңбек жолыңыз қалай бас­талды?

– 1993 жылдан бастап 2003 жылға дейін Арал қаласындағы №64 орта мектепте ағылшын тілі мұғалімі болып еңбек жолын бастадым. 2003-2004 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер, №14, 260 мектептерде психолог болып білім беру саласында еңбек еттім. Кейін өзімді жаңа қырымнан сынап көргім келді. Осылай ел «Халыққа қызмет көрсету орталығы» атап кеткен мекемеге 2007 жылы кеңесші болып орналастым. Кейін басшының орынбасары болдым. Ал 2009 жылдан бастап аталған мекеменің басшы­сымын.

«БІЗ  ЖАЛҚАУЛЫҚ  ҚАМЫТЫНАН  ҚҰТЫЛА  АЛМАЙ  ЖҮРМІЗ»

– Кезекті шақырылымда облыс­тық мәслихат депутаты болдыңыз. Сол кезде аудандағы қандай мәселенің шешілуіне  мұрындық  бола  алдыңыз?

– Дұрыс айтасыз, 2021-2022 жылдар аралығында облыстық мәслихат­қа аудан атынан депутат болып сайландым. Жалпы, мен көбіне әлеу­меттік мәселені көтеріп отырамын. Соның ішінде көпбалалы отбасылар­ға қолдау, ерекше балалардың оңалту орта­лығын ашу, оларға арнап балабақша ашу деген сынды. Және ауданнан жайлы мектеп, орталықтандырылған кітапхана, ерекше күтімді қажет ететін балаларға оңалту орталығын салу сынды бірқатар мәселені облыстық мәслихат отырыстарында алға тарттым. Енді біздің қолымызда тұрған қаржы жоқ. Бірақ халықтың талап-тілегін тиісті сала басшыларына жеткізіп, оң шешілуіне ықпал етіп отырамыз. «Қазақ­стан Халқына» қоры арқылы қаржы бөлініп, қазіргі таңда аудандағы көптеген мәселе оң шешімін тауып жатқандығы қуан­тады. Ал сол қолға алынып жатқан жұмыстарды аудан атынан сайланған депутаттар кезінде мәселе  етіп  көтерген  болатынбыз.

– Көбіне әйелдер ісімен айналысасыз, мүмкіндігі шектеулі балаларды назардан тыс қалдырмайсыз. Нәзік жандылардың қоғамдағы мәселесі оң шешім  тауып  жатыр  ма?

– 2021 жылдан бастап аудандағы әйелдер ісін қолға алдым. Арал аудандық «Аналар кеңесіне» төрайым болдым. 2020 жылы «Арал-Ару-ана» қоғамдық бірлестігін құрдым. Шыны керек, бұл кезде біздің аудандағы әйел­дер мәселесі біршама шеттетіліп қалған. Көмекке мұқтаж әйелдер қайда барарын білмей сандалып жүрген. Аудандағы әр салада озық еңбегімен танылған, отбасында берекелі тұрмыс кешіп отырған белсенді аналардың басын біріктіріп, аудан әйелдеріне моральдық, рухани, кейде тіпті материалдық тұрғыда көмек көрсетуді өзімізге ерікті түрде міндеттеп алдық. Ауыл әйелдері арасында түрлі басқосу өтті. Өткен жылы ауданда облыс­тық деңгейдегі аналар форумын өткіздік. Қайырымдылық шараларын да жиі ұйымдастырып тұрамыз. Қайбір жылы Тұңғыш Президент қорынан «Арал-Ару-Ана» қоғамдық бірлестігі арқылы қаржылай грант ұтып алып, ерекше балаларға арнап өзімнің оңалту орталығымды аштым. Онда арнайы логопед, психолог мамандар балаларды қарап, сабақтар, сауықтыру шара­ларын ұйымдастырдым. Биыл «Евра­зия» қорынан әйелдер ісін жүргізу бойынша грант жеңіп алып, Аралдағы қыз-келіншектерге арнап түрлі іс-шара ұйымдастырып жатыр­мыз. Жақында үй шаруасындағы келіншектер арасында «Мен шебермін» сайысы өтті. Жоғары санатты психолог маманның жүргізуімен «Әйелдер көшбасшылығын қалып­тастыру және шешім қабыл­дай алу» тақырыбында семи­нар-тренинг ұйымдастырылды. Өз саласында жетістікке жеткен нәзік жандыларды насихаттау мақсатында «Қазіргі қоғам және отбасы» тақырыбында кезде­сулер болды. Алда кең ау­қымды аудандық аналар форумын өткізуді жос­пар­лап  отырмыз.

– Сіз қайырымдылықты көп жасайсыз, қалай ойлай­сыз, халық шынымен мұқ­таж ба? Әлде бұл масылдық көзқарас  па?

– Шынымен мұқтаж адамдар бар. Бірақ олар ешқашан алдыңа алақан жайып келмейді. Біз оларды өзіміз сұрастырып тауып аламыз. Ал кейбір адамдар бар он екі мүшесі сау, бірақ оңай олжаны құп көреді. Біз жалқаулық қамытынан құтыла алмай жүрміз. Мәселені өзіміз жасап аламыз. Бірақ оның шешу тетіктерін қарас­тырмаймыз. Сосын барып жомарт жандардың алдында мүсәпір бола қаламыз. Мұндай пиғылдан арылу керек. Қазір ХХІ ғасыр. Еңбек дәуірі. Кім тынымсыз еңбек етсе, ырысы еселене түседі. Ата-ана осы кезден бастап балаға адал еңбекпен нан табудың үлгісін көрсетсе, есейгенде бейне­тінің  зейнетін  көретін  болады.

– Депутат, басшы Лаура Қолғанат­қызын алдағы уақытта басқа лауазымды қызметтен көре алуымыз мүмкін бе?

– Мен қандай іспен айналыссам да сол нәрсені шын жүрекпен қалап, сүюім керек. Өзімді мансапқұмарлар қатарына жатқыза алмаймын. Маған қандай жоғары қызметті ұсынса да, ол істі жақсы көрмесем, бірден бас тартқан болар едім. Өйткені қандай адам болмасын жақсы көріп істемеген ісіне немқұрайды қарайды. Ол істен ешқандай рақат ала алмайды. Ал мұндай қызметкер әлбетте абыройсыз басшы болып шыға келеді. Маған қазіргі жұмысым ұнайды. Ондай жоспарым жоқ. Бірақ болашақта кім біледі, бәлкім, маған ұнайтын қызмет кездесіп жатса ойланармын. Әзірге ондай  жұмыс  кездестірген  жоқпын.

«ХАЛҚЫМНЫҢ  ПАЙДАСЫНА  ЖАРАҒЫМ  КЕЛЕДІ»

– Қызығушылық  туралы айтып қалдыңыз?  Хоббиіңіз  бар  ма?

– Мен керемет бағбанмын ғой (күлді). Расында бау-бақша өсіргенді жақсы көремін. Үйімнің ауласын жеміс  ағаштарына,  көкөністерге  жайқалтып қойғанмын. Күн жылынса, бар ермегім – солар. Бөлме гүлдерін жақсы көремін. Олардың көп бол­ға­нын қалаймын. Және бос уақытымды кітап оқуға арнаймын. Арманым – әлем елдерін аралап, саяхат жасау. Әр елдің мәдениетімен танысып, сол ұлттың ұтымды менталитетін бойыма  сіңіргім  келеді.

– Адамның қандай қасиеттерін жоғары  бағалайсыз?

– Есейген сайын түрлі ортамен танысып жатырмыз. Сол сияқты сан мыңдаған адаммен таныс-біліс, жора-жолдас болдық. Сонда ұққаным, адамның бойында ең бірінші қарапайымдылық болу керек. Сен қанша басшы болсаң да аспандайтын болсаң, ел алдында қадір-қасиетің қалмайды. Қызмет – бір күндік. Қызметтен түскенде сені амалсыз құрметтеген адамдар да жоқ болады. Қазақ сол үшін «Ұлық болсаң, кішік бол» деп айтып кеткен. Ал жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиет әркімнің бойында бола бермейтін ерекше құндылық  деп  ойлаймын.

– Депутаттық  мандат сізге не бер­ді? Сіз депутат ретінде халыққа не бере аласыз?

– Депутаттық  мандат мені халық­қа одан сайын жақындастыра түсті. Елмен етене араласа жүріп адамдарды  таныдым. Ал мен елдің үнін жоғарыға жеткізуге ылғи ықпал етемін. Бұрыннан ойда жүрген мақсатым бар еді, соны биыл қолға алдым.  Ол – ауданнан ерекше балаларға арнап 140 орындық балабақша салу. Қазір құрылыс жұмыстары басталды. Және өзімнің «Арал-Ару-Ана» қоғамдық бірлестігім арқылы әйелдер ісін жүргізуді қолға ала беретін боламын. Жалпы, халықтың пайдасына жарар қызы  болғым  келеді.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен 

Назерке  БАҚЫРАН,

журналист.

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: