Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Барлық балабақша мен мектепке аудит жүргізілуі тиіс»

05.10.2023, 10:20 1277

Сәрсенбілік сыр-сұхбат

Өмір  ШЫНЫБЕКҰЛЫ, 

ҚР  Білім  саласының  құрметті  қызметкері:

Мектеп – ұлы орда. Ондағы шәкірттер – еліміздің болашағы. Кешегі Ыбырай, Ахмет, Әлихандарды қайта шығарғымыз келсе, осы мектеп қабырғасындағы мәселелер мен жағдайларға жіті көңіл бөлуіміз керек. Білім саласындағы мәселелер әрдайым айтылып келеді, бірақ нақты нәтиже жоқ. Өткен жылдың маусымында ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді. Яғни мектеп пен жоғары оқу орындарының мәселелері бөлек шешіліп, екі министрлік осыған баса назар аударуы керек болды. Атау жаңашаланды. Аймағамбетовтың кезінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі болып қайта жұмысын бастаған мекеме сол жылдары біраз істің басын ашыпты. Мұны біз емес, салада жиырма жылдық тәжірибесі бар мамандар айтып келеді. Өйткені, жөнді реформа болмаса, мақтанып, марқаятын шәкірт те, оған білім беретін ұстаз да құлдырайды. Бір шалыс жасалған қадам саланың түбегейлі түсіп кетуіне алып келеді. Жә, жалпы, мектептегі мәселе тек реформада тұрған жоқ. Саланың бүгінгі серпіні қандай? Мәртебесін асырып жүрген педагогтеріміз біліктілік категориясын өз білімімен алып жүр ме? Осы сауалдар төңірегінде Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Өмір Шыныбекұлымен тілдескен едік.

ҚАЗІР  «ҰСТАЗ»  КӨБЕЙІП  КЕТТІ

– Өмір аға, өзіңіз 20 жылдан бері білім сала­сында қызмет етіп келесіз. Осы қызметке кіріскен кездегі ахуал мен саланың бүгінгі ты­нысына  қандай  баға  бересіз?

– Кейбіреулер «Кеңестік педагогика мықты еді» деп тамсанып, А.Макаренко, В.Сухомлинский, Ш.Амонашвили секілді кеңестік педагогтерді алға тартып отырады (Антон Макарен­коның НКВД-ның бас педагогі бол­ғаны олардың қаперіне де кіріп шықпайды). Кеңестік педагогика мықты болса, КСРО неге ыдырады? Мәскеу көшелерінде қырғыз, өзбек, тәжіктер мен кавказдықтарды «чернозадый» деп артқа тебетіндер де сол «педагогтердің» ілімімен тәрбиеленген жоқ па?! Ресейді Украи­наға басып кіруге итермелеген Кеңестік педаго­гика емес пе?! Айта берсе жеткілікті…

Кеңестік білім жүйесінің заңды жалғасы ресейлік білім мен тәрбие саласы қай ұшпаққа шыққанын ресейлік Р.Жигалов деген режиссер түсірген «Орман» атты фильмнен көруге болады… Макаренко ілімінен ресми түрде бас тартпаған Қазақстанның білім жүйесі де жетісіп тұрған жоқ. Оған қоғамды жайлаған сыбайлас  жемқорлықты  қосып, жағдайды көзге  елестете  беріңіз.

– «Мұғалімдер көп қазір, ұстаз болу – қиыны»  деген сөз бар. Өзіңіз осы уақытқа  дейін  зерделеген мұғалім мен ұстаз ұғымына  анық­тама  беріңізші.

– Ұстаз – ұлы есім, киелі сөз. Алдыңыздан мыңдаған шәкірт өтсе де, әлі күнге өзімізді біреу «ұстаз» десе, қысылып қаламыз. Қазір «ұстаз» көбейіп кетті. Имамның бәрін «ұстаз» деп жүр. Мектепте 2 жыл істеген кейбір мұғалім «ұстазбын» деп кеудесін қағып шыға келетінін де көріп жүрміз. Меніңше, «ұстаз» деп тек сабақ беретін адамды айтпайды, ағартушылықпен айналысып, қоғамдық санаға өзге­ріс,  тіпті  сілкініс  әкелген  адамды  айтады.

– Қазір  мектепте мәселе жоқ емес. Оның бірін айтсақ, бірін жасырып қаламыз. Біздің бола­шағымыз тәрбиеленетін ордада өзіңізді алаң­дататын қандай мәселелер бар? Және соның  шешімін  де  ұсынсаңыз.

– Мен экс-министр А.Аймағамбетовпен бірнеше рет, қазіргі министр Ғ.Бейсембаев­пен бір рет кездестім. Өздеріңіз білесіздер, министр­ліктен шала құжат өте көп шығады. Пәлен жылдан бері жыр болған оқулықтардағы олқылықтар бір төбе. Бастапқы идеясы дұрыс болғанымен, орындалу жолдары шикі. Мәселен, басшыларды ротациялау дұрыс болғанмен, ротациялау жолдары жетілдіруді қажет етеді. Өткен жылы шу болған денешынықтыру сабақтарын бөліп оқытпау, біліктілік көтеруде «Лессон-стадиді» міндеттеу тағысын тағылар шикі құжаттар екені дәлелденді. Бұл нені білдіреді? Бұл министрлік пен оның айналасындағы құрылымдарда істейтін мамандардың сапасының төмендігін білдіреді. Ал енді жоғарыдан түсіп жатқан бір қайнауы ішінде шикі құжаттарға мектептегі жалған диплом, жалған санатты педагогтер проблемасын қоссақ, не боларын өздеріңіз шамалай  беріңіздер.

Жалған дипломды, жалған санатты кадр­лар министрлік пен оның айналасындағы құрылымдарда жоқ деп айта аламыз ба? Сондықтан, бірінші кезекте білім саласын жалған дипломды кадрлардан тазарту керек. Бұл шара оларды жай ғана жұмыстан шығарып, заңсыз алған ақшаларын қайтарумен шектелмеу керек. Жалған диплом мен жалған санатты кім берді? Соларды тауып қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Мен екі министрге де мектептен бұрын министрлік пен оның айналасындағы құрылымдарды біліксіз мамандардан  тазартып  алуды  ұсындым.

КАДРДЫҢ  «КАРМАНЫНЫНА»  ҮҢІЛУ  БЕР  ЖАҒЫ  ҒАНА

– Бұған дейінгі ҚР Оқу-ағарту министрі А.Аймағам­бетов «Педагог мәртебесі туралы» заңнаманы ұсынып, ол іске асты. Педагогтердің айлық жалақысы жоғары дегенімізбен, артылатын жүк те ауыр. Тіпті, ақысы төленбейтін жұмыстар жүктеледі. Онсыз да уақыты жоқ мұғалімге осындай жауапкершіліктің ілінетінін байқап та жүрген шығарсыз. Осыған ойыңыз қалай? Әлде ондайға бөлек кадр тарту мәселесі қарастырылуы  керек  пе?

– «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдаттық. Заңда педагог міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартылмау керектігі тайға таңба басқандай анық жазылған. Міндетіне жатпайтын жұмыстарға жегілген педагогтер туралы жиі естиміз. Бірақ осы заңды бұрмалаған басшылардың жауапкершілікке тартылғанын естіген  жоқпыз.

– Мектептегі қызметтерді цифрландыруға байланысты көп қаржы бөлінуде. Ол өзін ақтап жатыр ма?  Жалпы, осыған қаражат құя беруді дұрыс  деп  санайсыз ба?

– Цифрландыру туралы айтқанда, алдымен  елдегі  интернет  жылдамдығы  еске  түседі.

А) Алыс ауылдар түгілі облыс орталық­тарында интернет дұрыс ұстай бермейтіні ешкім­ге  құпия  емес.

Ә) Білім ошақтарындағы АКТ (Ақпараттық-коммуникациялық технология)  сапасы  қандай?

Көптеген  өңірлерде  ковид-карантин ке­зінде  онлайн  оқу  үшін алынған сапасыз ноут­букт­ерге  қатысты  қылмыстық  істер қозғал­ғаны  белгілі.

Жауапкершілікке тартылғандар жазаланды ма? Жазаланса, оларға қандай жаза қолда­нылды? Сол ноутбуктерге бөлінген мил­лиардтаған теңге мемлекетке қайтарылды ма? Әлде сапасыз деп танылған ноутбуктер білім ошақтарында тұр ма? Цифрландыру туралы педагогтерге сұрақ қойған журналистер құзыр­лы  органдардан сол сұрақтарға жауап табуы керек  деп  ойлаймын.

– Жемқорлық қай салада да бар. Бұл мектеп басшылығына да қатысты. Соңғы уақытта сыбайластық сарқылып келе жатыр дегенімізбен, іс жүзінде олай емес. Кадрдың «карманына» үңілетін мектеп басшыларына тек айыппұл төлетіп,  жұмыстан  шығарғаны  жеңіл  жаза  емес  пе?

– Жемқорлық барлық салада бар десек те, кез келген өңір бюджетінің кем дегенде 48-49%-ы білім саласына бөлінген қаржы құрайтынын  естен  шығармаған жөн. Яғни, кадрдың «карманына» үңілу бер жағы ғана. Мемлекеттен бөлінген қаншама қаржы мақсатсыз жұмсалып жатқанын ешкім айта алмайды. Мәселен, экс-министр Е.Сағадиевтың кезінде «2016-2019 жылдары білім мен ғы­лымды дамыту» деген бағдарламаға бөлінген 1,5  трлн  қаржы  қалай  игерілді?

Ковид-карантин кезінде онлайн оқытуға ноутбуктер керек деп бөлінген миллиардтар қалай  игерілді? Бұл  қоғам  үшін  белгісіз.

БІЛІМ  САЛАСЫНДА  ӘЛІ  РЕФОРМА  ЖАСАЛҒАН  ЕМЕС

– Бұған дейін «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатыңыз­да министрлер мен министрліктегі­лердің жұмысын сынадыңыз. Рас, салада шикілік көп. Оны бірден шешіле кетеді деу қиын. Бейсембаевтың келгеніне көп болмаса да, қандай жұмысы көңіліңізден шықты? Педагог  ретінде  пікіріңізді  айтсаңыз.

– Ғ.Бейсембаев министр ретінде бірдеңе бітірді  деп  айта  алмаймын.

– Білім саласындағы реформалар жыл са­йын болмаса да жиі өзгеріске ұшырайды. Оған  көңіліңіз  тола  ма?

– Менің ойымша білім саласында әлі рефор­ма жасалған емес. Тек «реформа жасаймыз» деп мемлекеттен қаржы бөлдіру ғана бар секілді.

– Білім саласында 20 жыл қызмет еткен маманның сол аралықтағы тәжірибеден туындаған ұсыныстары бар шығар. Біздің көңіл бөлмей жатқан тұсымыз қайсы? Толығырақ тарқатсаңыз.

– Қазақта  түсінген адамға мағынасы өте терең «әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деген сөз бар. Біздегі білімге жауапты министрлік­тің білім саласына қатысы дәл осындай. Министр­дің өңірлік білім басқармасы басшысын тағайындауға құзыреті жоқ. Білім сала­сында реформа жасаймыз десек, алды­мен өңірлік білім басқармаларын әкімдіктер­дің құзыретінен алып, тікелей Оқу-ағарту министр­лігіне бағындыру керек дегенді  2015 жылдан бері талмай айтып келемін. Екінші мәселе – соңғы 10 жылда білім саласына мемлекеттен бөлінген қаржыға  толық  ревизия  жасалуы тиіс. Үшінші – барлық балабақша мен мектепте толық инвентаризация мен аудит жүргізілуі тиіс. Сонда қолымызда не бар, не жоқ екені белгілі болады да, реформа жа­сауға мүмкіндік туады. Олай  етілмеген жағдайда  бәрі  бос  сөз…

– Әңгімеңізге  рақмет,  аға! Төл мерекеңіз құтты болсын! Шығармашылық жетістік, мол табыс  тілейміз!

Сұхбаттасқан

Ердәулет ҚАЛИЕВ

Пікірлер:
  • Оте дурыс пикир,тексерис жургизилсин сонгы 10 жылда билим саласына болинген каржыга,косыламын…Сагадиев Кози тирисинде жауап берсин..»жумыска турайын десем,беретин акшам жок,бирак колымда табактай диплом «деп журген талай адамды кордим Оз басым…зато»устазбын»дегендерди де корип журмиз,не бала тарбиелеуге,не сабак беруге кулкы жок,бирак акшанын кулы,акша ушин осы мамандык бойынша истеп жургендер жетерлик..кыскасын айтканда,билим саласы абден былыкка баткан,жемкорлык,дипломсыз устаз,кагазбастылык,шаш ал десе бас алып,кузиреттиликти асыра пайдалану,окулыктын сапасы…тагы ,тагы оте кынжылтады

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: