Бүгін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жалпы республикалық «КITAP TIME – 2023» фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальдің мақсаты – кітапты насихаттау, кітап оқу мәдениетін көтеру. Сондай-ақ қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, өскелең ұрпақтың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту.
Қатысушыларды Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова құттықтап, сөз сөйледі. Кітап фестивалінде қатысушыларға қызыққа толы бағдарламалар дайындалды. Фестивальда «Мәдениеттің мәйегі – кітап» атты кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, көрмеге «Кітап ал» дүкені өз кітаптарын сатуға ұсынды. Сонымен қатар «Білімділер алаңы», «Шебер қолдар алаңы», «Ертегілер қалашығы», «Абай ауылында» тарихшы Жұмабай Байзақ музей қорындағы А.Құнанбайұлының төте жазумен жазылған кітабын таныстырып, жас өнерпаздар сахналық қойылым қойды. «Таңғажайып кітаптар» көрмесіне қазақ, шетел әдебиеттерінен кітап инсталляциялары қойылды. Ақындар аллеясында «Менің жауһар жырларым» атты жергілікті ақын-жазушылармен поэзия кеші ұйымдастырылды. Ал, әдемі безендірілген кафе стиліндегі «Библио-coffee» қонақтар үшін тақырыптық столдар қойып, оқуға мерзімді басылымдар мәзірін ұсынды. Әдеби сұрақтарға жауап берген қонақтарға тәтті кофелер берілді. Сонымен қатар bookcrossing, photozone ұйымдастырылды.
Кітап фестиваліне зиялы қауым өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындары және колледж студенттері, мектеп оқушылары, жалпы 800-ге жуық қала тұрғыны қатысып, тамашалады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!