Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кремль жіберген Костеловская Қазақстанды неге 2 ай ғана басқарды?

14.09.2023, 15:00 453

HALYQLINE.KZ

1917 жылдан бері Қазақстанды басқарған 19 адамның ішінде, не бәрі екі ай ғана басқарып, былықтырып кеткен большевик Мария Костеловскаяның өмірбаянын білгесін ғана бұл сұрақтың жауабын табатын боламыз.

Мария Костеловская 1878 жылы Уфа қаласындағы кіші шенеуніктің отбасында дүниеге келеді. Петербордағы жоғары әйелдер курсынның тарих факультетінде оқып жүргенде, патша саясатына қарсы жасырын маркстік үйірмеге қатысқаны үшін 1901 жылы оқудан шығарып жібереді. Осы үйірмеге қатысып жүргенде, университет студенті болашақ әдеби сыншы Винамин Серафимович Попов-Дубовскийге (1877-1942) күйеуге шығады. Күйеуінің ағасы белгілі пролетариат жазушысы Александр Серафимович (1863-1949) еді. Мария күйеуі екеуі 1903 жылы РСДРП-ға өтіп, большевик атанады. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы кезінде Қырымдағы қақтығысқа қатысып, Новочеркасск, Екатеринодар, Севастополь, Луганск, Орынбор, Москва қалаларында астыртын жағдайда партия жұмысын мүлтіксіз орындайды. Алайда патша жандармериясы тұтқындап, тергеп болып сотқа бергенде, екі жас баласы ескеріліп қамаудан босатылғанмен, астыртын жұмысын тоқтатпаған соң, қудаланып, Сібірге жер аударылатын болғасын, Финляндияға эмиграцияға кетуге мәжбүр болады. Ол жақта да партия аса жауапты тапсырма жүктейді, тұтқындалудан қашып жүрген революционерді заңсыз орыс-фин шекарасынан өтуге коридор ұйымдастырады.

1917 жылы патшаны тақтан құлатқан ақпан революциясы кезінде Пресненский аудандық партия ұйымының басшысы ретінде қарулы топпен шабуыл жасап, «Сычин» баспаханасын басып алып, революцияға солдаттар мен матростарды үгіттеу үшін «Деревенская Правда» газетін шығарады. 1917 жылдың сәуір айында Ленин Финляндиядан келгенде вокзалдан Мария өзінің қарулы күзетімен күтіп алады. 1917 жылдың қазан төңкерісі кезінде Москвадағы революциялық штаб бастығының орынбасары болып, уақытша үкіметке бағынышты мекемелерді басып алады. Большевиктер билік басына келгенмен Петроград пен Москва халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесі бірінші орында тұрды, себебі аш халық большевиктер үкіметін де құлатудың аз алдында еді. Сол кезде Әскери-революциялық азық-түлік Бюросы құрылып, басшылығына Мария Костеловская тағайындалды. Ол 60000 сенімді большевикті бұрынғы империяның барлық жеріне жіберіп, жергілікті жерде «продотрядтар» құрып, халықтан астықты күшпен тартып алды.

1918 жылы азамат соғысы басталғанда Шығыс майданның 62-ші Армиясының комиссары болып тағайындалады. Соғысқа барғысы келмеді ме, Лениннен: «Мен әйел адаммын ғой, неге жіберіп жатырсыз?» деп сұрағанда: «Біз майданға ең сенімді большевиктерді ғана жібереміз» деп жауап берді. 1919 жылы большевиктердің бас газеті «Правданың» партия бөлімінің меңгерушісі қылып тағайындайды. 1921 жылдың сәуір айында Мария Костеловскаяны Қазақстандағы партия ұйымының ұйымдастыру бөлімінің бастығы қылып жібереді. Бұл түсініксіз жағдай еді, қазақ тілі мен дәстүрінен бейхабар адамды неге жібергенін ешкім білмеді. Бұл партия ұйымы құрамының тамырын басып көру еді. 1921 жылдың шілде-тамыз айында Қазақстан партия ұйымының басшысы болып екі ай істегенде бір-ақ білді. Қазақ (Қырғыз) АССР-інің құрамындағы жерлер, әсіресе, батыс пен солтүстік облыстағы жерлер осы қатынның бір бұйрығымен -ақ РСФСР құрамына өтіп кетіп жатты. Тіпті Орал қаласын да орыс жері деп өткізбекші болғанда, үкімет басшысы Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев бастаған үкімет мүшелері қарсы болып өре түргелгесін, Кремль Костеловскаяны кері қайтарып алды. Сол 20-жылдың басында билік үшін қазақтар арасында тартыс күшейіп тұр еді, олар Сейфулинщина, Садуакасовщина, Меңдеевщина, Тоғжановщинаға бөлініп айтысып жүрсе де, қазақ жерін Ресейге қосуына қарсы болып ауызбіршілік таныта білді. Москваға келгесін Мария Костеловская «Безбожник у станка» газетінің бас редакторы болып, Лениннің бастамасымен болған дінсіз қоғам орнатуға белесене кірісіп кетті. Сосын Ленин бастамасымен құрылған «Союз безбожников» одағын басқарып, бүкіл ел бойынша дінге қарсы күресті бастады. Шіркеулер мен мешіттер қиратылды, поптар мен молдалар атылып, соттап, жер аударды. Бұл жұмыстардың барлығына Мария Костеловская басшылық жасады. Сосын ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде одақ бойынша бүкіл МТС-тің бастығы болды, ұжымдастыру кезінде ОГПУ-мен тығыз байланыста болған МТС басшылары «ұжымдастыруға қарсы элементтерді» анықтауда белсенділік танытып, жүз мыңдаған адамды атып, соттап, жер аударда қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін Мария Костеловскаяның өзі ОГПУ-дің Коллегиясының ерекше шешімі бойынша 1935 жылы 5 жылға сотталып кетеді. 1940 жылы жазасын өтеп шыққасын «шаш ал десе, бас алатын» жауыз қатын большевиктердің өздеріне де керек болмай, 1946 жылы одақтық дәрежедегі зейнетке шығарылды. Аса белсенділік танытып большевиктерге беріліп істеген еңбегі жалғыз «Еңбек Қызыл Ту» орденімен атап өтілді.

Жүз мыңдаған адамның қанын жазықсыз төккен Мария Костеловская 1964 жылдың 29 қаңтарында қайтыс болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: