Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есте қалған естеліктер

22.08.2023, 9:00 246

HALYQLINE.KZ

Былтыр Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жыршы-жырау, ақын-жазушы Сардарбек Омарұлы Қожағұлов бұл өмірден бақилық дүниеге кетті. Сардарбек туралы жас кезімізден есте қалған бір ойын түрін қысқаша ғана айтқалы отырмын. Сардар ағамен Қазалы стансасында Титов (бұрынғы Сталин) көшесінде көрші тұрдық әрі туыстық жақындығымыз да бар болатын. Балалық шағымызда асық ойнау, ләңгі тебу, доп ойнау бізден қалған ойындар еді. Бұрынғы үлкен кісілер баланың болашақта кім болатынын ойнаған ойындарына қарап, өздерінше болжап отыратын болған екен. Мысалы, қойдың қозыларын жақсы көрсе, «мына баламыздың отар-отар қойлары көп болады екен», ағаштың бұтағын ат қылып мінсе, «үйір-үйір жылқысы көп, бай болады екен» деп жоритын болған. Енді Сардарбекпен ойнаған мына бір ойын түрін айтайын. Жерге қарама-қарсы қағылған екі қазыққа кесе-көлденең ағаш байлаймыз. Сол ағашқа жеті бөтелкені жіппен байлап, ең бірінші бөтелкені бос етіп, қалғандарына әртүрлі мөлшерде су құйып, соңғы бөтелкеге толық етіп су құйылады. Содан соң бөтелкелерді жіңішке шыбықпен ұрып, әртүрлі дыбыс шығартып, ойнаушы едік.

Ойынды Сардарбек өзі бастап, «До-Ре-Ми-Фа-Соль-Ля-Си» деп айтып көрсетіп беретін. Сөйтіп бірте-бірте дыбыстарға әндерді қосып, айтатын болдық. Сардарбек дыбыстарға «Сәулем-ай, Паравоз» әндерін өте жақсы ойнатып, айтушы еді. Сол «Сәулем-ай» әнін жиі, әдемі айтқандықтан болар, Алла Сардарбекке Сәуле Ордабайқызы өмірлік жар етті. Ал музыкалық түсінігі мол болғандықтан, Алла оған атасы Қарасақал Ерімбеттің рухын дарытып, жырау етті деп, осы күндері мен терең ойда болып жүрмін. Ол жыраулық өнерімен қатар ақын-жазушылық қабілетке де ие болды. Оған оның жазған «Жаңқожа батыр», «Баһадүр Жалаңтөс», «Райымбек батыр» дастандары дәлел бола алады. Ол Сыр бойы сүлейлерінің барлық жыр-термесін тыңдармандарын ұйытып, құлақ құрышын қандырып орындайтын, есте сақтау қабілеті мол термеші, жырау еді. Осындай елге елеулі, халқына қалаулы Сардарбек Омарұлы 2022 жылы 26 тамызда, жұма күні ешкімге салмақ салмастан, ауырмастан, ұйықтаған адамдай бұл жалған дүниеден бақилыққа аттанды. 28 тамыз күні ағайын-туыс, достары қимай қоштасып, Сардар ағаны Алматыдағы Кеңсай зиратында жер-ананың құшағына тапсырды.

Айбол  Битуғанов,

зейнеткер ұстаз.

Алматы облысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: