Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыздарға қымтанған дұрыс па?

17.08.2023, 11:20 337

Белгілі  журналист  Нұртөре Жүсіптің  «үш  нәрсеге  тереңдеуге болмайды:  дінге, тарихқа және суға» деген  сөзі  бар  еді. Бұларға бойласаң тек  батасың. Дін – өте нәзік феномен. Оны «ұстай алу – қасиет, ұстай алмау – қасірет» деген де тамаша тәмсіл  бар. Сондықтан дінге келу үшін шешімді  адамның санасынан бұрын жүрегі қабылдауы керек. Адамның санасы дінге келудің қажет екенін біліп тұрғанымен, оны жүрегі қабылдамаса өте қиын. Қазір қаракөз қазақ қыздарының ішінде де орамалдылар саны артып келеді. Бір жағынан көңіл қуантады, екінші жағынан көңілге қаяу түсіреді. Бұл тақырыптың да екі бірдей ұшы бар. Талқылайық.

Тұмшаланған қыз балалар бұрындары ілу де біреу ғана кездесетін. Қазір олардың қатары артқан. Қыздың етек-жеңін жауып, иманға бет бұрғаны жақсы үрдістерден. Алайда қоғамда қазақ қыздарының қымтанғанына қырын қарайтындар көп. Қазақта қыз баласы тұмшаланып жүрмеген, кең етек көйлек, басына тақия киіп, қолы мен шашына әшекей тағып, жайдары жүзін жұрттан жасырмаған дегенге саятын пікірлер айтылып жүр. Қазіргі орану арабтың үлгісі деген де әңгіме кездеседі. Қасиетті Құран кәрімнің «Нұр» сүресінің 30-31-аяттарында былай деп жазылады:

  «Әй, Мұхаммед! Мүміндерге айт! Бөгде әйелдерге қараудан көздерін төмен түсірсін және ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Осы олар үшін ең таза жол. Расында Алла олардың не істейтіндерінен Хабардар. Мүмін әйелдерге де айт! Бөтен еркектерден көздерін төмен түсірсін! Әрі ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Олар тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа әшекейлерін көрсетпесін! Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын! Әрі олар әшекейлерін көрсетпесін! Тек күйеулеріне, немесе әкелеріне, немесе күйеулерінің әкелеріне (яғни қайын аталарына), немесе ұлдарына, немесе күйеулерінің (басқа әйелдерден туған) ұлдарына, немесе аға-інілеріне, немесе аға-інілерінің ұлдарына, немесе әпке-сіңлілерінің ұлдарына, немесе мұсылман әйелдерге, немесе құлдарына, немесе әйел керек қылмайтын еркектерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін жас балаларға көрсетсе онда оған рұқсат. Өздерінің жасырған әшекейлері біліну үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін! Әй, мүміндер! Табыста болуларың үшін барлығың Аллаға тәуба етіңдер!» деген.

Орамал дегеннен шығады. Өнер адамдарының арасында хиджап киіп, қатарынан оқ бойы озғандар бар және дәл сол адамдар артынан көп уақыт өтпей орамалын шешіп, қайтадан баяғы қалыпына оралғандар бар. Атап айтқанда, әнші Роза Әлқожа біраз уақытқа дейін орамалмен көрінді. Алайда  арада  біраз  уақыт  өтпей жатып  қайта  шешті.

– Сахнаға да орамал тағып шығып көрдім. Дизайнерлермен де ақылдастым. Мүмкін емес екен. Мәселен, Мөлдір Әуелбекова «тойға шықпаймын, тек концерттерде ғана анда-санда жүремін» деп отыр. Көп нәрсе тыюға тура келеді. Ал менің ортам, жүрген жерім басқа. Көп апалар жазады: «бас киіміңді кие ғой, бірақ толық беріліп кетпе» деп. Сол аналарымыздыі сөзі жүрегіме жетті. Оған қоса Ержан Төлеутай деген жақсы көретін ағам да «Ауғанстанда паранжа көп насихатталып, олар ұлттық киімдерінен айырылып қалған. Саған еліктеп келе жатқан қыздар көп, солардан «Ауғанстан жасамашы» деді. Меккеден келгеннен кейін біразға дейін қоғаммен араласа жүрдім. Мен ғана тақуа, қалғандары дұрыс емес сияқты болып көрінді. Орамал да – сол эмоциямның көрінісі, – деген еді телеарнаға берген сұқбаттарының бірінде.

Сондай-ақ «Кешью» тобының экс-солисі Ақботанұр Сейтмағамбет те орамал тағып, соңында балаларын асырау үшін оранып жүру кедергі келтіретінін айтты. Бірақ қазір орамалға келген өнер адамдарының қатарында әнші Алтынай Жолдыбаева, Айдана Меденова бар.

Қыздар арасында тұмшаланған осы екен деп тек көзін ғана қалдыратындар бар. Және киімдерінің түсі – қара. Дәстүрге сүйенсек, қазақта қыз-келіншектер үйінде туған-туыстары, ет жақындары қаза тауып, қайғылы жағдайға душар болған кезде ғана қара жамылып, қара түсті киімдер киген. Қазір көшеде қара түсті кең көйлек киген қыз-келіншектердің тек көзінің тұсы ғана жылтырап кетіп бара жатады. Олардың ислам дініндегі немесе радикалды бағыттағылардан екенін Алла ғана біледі.

Осы орайда қазақтың біртуар танымал тұлғасы, белгілі батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қара киінген қыздардың әрекетін құптамайды.

– Некесін қиғаннан кейін бірнеше күн сәукеле киеді. Сәукеленің артында таза матадан жасалған «желек» деген жабуы болады. Беташарда бетін жауып тұратыны сол. Содан кейін келіншек бір жыл бойы желекті салып жүреді. «Желегі түспеген жас келін» дейтін сөз содан қалған. Бір жылдан кейін, енесі нағыз келін болды деп, төңіректегі әйелдерді шақырып, кимешек кигізеді. Қазақ әйелдерінің кимешегіндей әдемі киім жоқ шығар. Ол тіпті ұсқыны келіспеген әйелдердің өзін әдемі етіп көрсетеді. Ойлап қараңыз, бір ғана қыздың басына тағатын әшекейдің түрлі атауы бар. Сондай сұлулықтың бәрін қара орамалдың астына көму керек пе? – дейді Зейнеп Ахметова.

Дінге саналы түрде келген секілді орамалға да жүрекпен келу – парыз. Орамал тағы тренд екен деп жаппай тағып алып, жалықса жайына қоя салуға да болмайды. Орамал тағатын қала тұрғыны Ж.С (аты-жөні өз өтініші бойынша қысқартылып берілді) бастапқыда қоғамнан қалай қысым көргенін айтып берді.

– Алланың қалауымен намаз оқыдым. Ата-анамның рұқсатын алдым. Бастапқыда олар менің намаз оқуыма қарсы болған жоқ. Кейін уақыт өте келе орамалдың парыз екенін білгеннен кейін орамал тағуды бастап едім, алдымнен ата-анам, бауырларым, жора-жолдастарым, өзім араласатын ортам барлығы жақтырмай қарайтын болды. Кейіннен тіпті мектептегі мұғалімдерім де сабаққа орамалмен келуге болмайды деп, маған шешуімді талап етті. Мен қанша тырысқанмен де орамалыма қысым келтіргендер азайған жоқ. Содан соң бір күннің ішінде оқудан шығып кеттім. Арада біршама уақыт өткен соң мектепке қайта қабылдайтын болып шешім шығыпты. Бұл да бір хайырлы іс шығар деп ойладым. Қазір орамал тағып жүрмін. Және одан бас тартамын деп айта алмаймын, – деді  ол.

ТҮЙІН. Әйелдің орамал тағуының Құранда парыз етілгенін айттық. Дінге саналы түрде келген мүмін қыз-келіншек түптің түбінде Алланың қалауымен орамалға келеді де. Бірақ, ағымы теріс, радикалды ұйымдардың ұйығына түспей қаракөздеріміз қорғанда болса екен де тілек бар.

Керім  КЕНЖЕТЕЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: