Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үнемі төзе беруге де болмайды – Тоқаев

09.08.2023, 16:35 254

HALYQLINE.KZ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығын аралап көрді, деп хабарлайды aqorda.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың баяндауынша, техникалық аудит нәтижесінде Екібастұз ЖЭО акционерлерімен бірлесе  қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары дайындалып, бекітілді. «ОАЭК» компаниясы жылу желілерінің әбден тозығы жеткен учаскелері бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы және ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарына қатысты техникалық шешімдерді әзірледі.

Жоспарға сәйкес, «ОАЭК» АҚ-ның жеке қаржысы (8,2 млрд теңге)  және Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен (8,5 млрд теңге)  барлық 10 қазандық агрегаты  (5 бу және 5 су жылыту) жөнделеді. 

– Жағдай күрделі. Көп нәрсе тозған. Бұл мәселемен жүйелі түрде айналысып, әрқашан бақылауда ұстау қажет. Былтыр қыстағы жағдайда осы қалада да немесе басқа қалада да қайталанбауы керек. Бұл – Үкімет пен барлық әкімдердің жауапкершілігі. Болған жағдайдан ащы сабақ алдық. Ел азаматтары мен аталған қалалардың тұрғындарына шыдамдылық пен түсіністік танытқаны үшін алғыс айту керек. Бірақ үнемі төзе беруге де болмайды. Сондықтан тиісті шараларды қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, былтыр қарашаның 26-сынан 27-не қараған түні Екібастұз жылу желісінде апат болды. Екібастұз ЖЭО-сындағы бір қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған. Осыған байланысты Азаматтық қорғау туралы заңның 48-бабына сәйкес, Екібастұз қаласының аумағында жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізілген. Қалада жылу болмауына байланысты балабақшалар жұмысын тоқтатып, мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшкен.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: