10 жылдан кейін Қазақстанда Жапониядан озып кеткен интернет арақты жеңетін сияқты. Ең қауіптісі, оның орнын синтетикалық есірткі басуы мүмкін. Ал «хикикомори» Жапонияның түбіне жетеді. Одан кейін не болады?
Жапония Қаржы министрлігі дабыл қаға бастады. Жапонияның ұлттық алкоголі – сакэні сатудан түсетін салық көлемі 2019 жылдан бері күрт төмендей бастаған. Осы салық бюджеттің негізгі түсімдерінің бірі болатын. Бірақ жапондар арасында сакэ ішу қысқарып келеді. Оған себеп – жастар.
Қазір Жапонияның беделді әлеуметтану институттары «хикикомори» деп аталатын қоғамдық феноменді барынша зерттей бастады. Себебі пандемиядан кейін «хиккилердің» саны миллион адамнан асып кеткен. Жастар бөлмесінен шықпай, компьютердің алдында отырып алады. Күні-түні ойын ойнайды, аниме, манга көреді. Ешкімнен араласқысы келмейді, ешкіммен таныспайды. Ішпейді, кафе-барға барып көңіл көтермек тұрмақ, астындағы дүкенге де түспейді. Тек курьерлер арқылы үйге тамақты да, керек-жарақты да алдырып отырады.
Сатори буынының келуімен «хикикомори» феномені Жапония бюджетіне алдағы 5 жылда бұған дейін болмаған салмақ салады деп болжанып отыр. Биыл Жапония бюджетінің дефициті 270 миллиард долларды құрайтын болады. Оны ресми Токио облигациялар шығару арқылы қарыз алып, сонымен жаппақ. Жапония бюджеті дефицитінің өзі біздің 2022 жылғы жалпы ішкі өнімнен асып кеткенін айта кету керек. Себебі, біздің ІЖӨ – 223,4 миллиард доллар.
Жапонияның мемлекеттік қарызы 9,8 триллион долларға жетті. Бұл оның 4,2 триллион долларға бағаланатын ішкі жалпы өнімінен екі есе артық. Қазір Жапонияға жұмыс істеп салық төлейтін жастар керек. Себебі, зейнеткерлерге зейнетақы, жұмыссыздарға жәрдемақы, студенттерге шәкіртақы төлеу қажет. Бюджет проблемасы – салық базасының қысқаруы және зейнеткерлер армиясының көбеюі.
Жапондарды зерттеп тастадық дейік. Ал өзіміздің қазақтар ше?
Қазақстанға келетін болсақ, бізде Сакэ проблемасы жоқ. 2022 жылы алкоголь саласынан түскен салық 757,3 миллиард теңгені құраған. Бұл – Қазақстан тарихындағы рекорд. Рекорд акциз бағасының қымбаттауы мен цифрландырудың арқасында біраз алкогольді зауыттардың көлеңкеден шығып, салық төлей бастауына байланысты орнады. Бірақ 2023 жылы осы рекорд жаңаратын сияқты және оның ішкі құрылымында қызық құбылыстар болуда.
Ол қандай құбылыстар?
Біріншіден, біз алқаштар еліміз бе? Соны анықтап алайық. Соңғы рет 2018 жылы жарияланған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) зерттеуі бойынша, жан басына шаққандағы ішілген ішімдік көлемі жөнінен Қазақстан әлемдегі 189 ел арасында 76-орын алған. Бір жылда бір қазақтың басына 7,7 литр алкогольдан келеді. Бұдан бөлек, ЦРУ зерттеуі бар. Ол – жаңа зерттеу. ЦРУ есебінше, біз ішетін елдер рейтингінде 100-орын аламыз және жыл сайын бір қазақ орта есеппен 3,73 литр алкоголь тұтынады.
Негізі, осы екі рейтингке қарап, «ее, Қазақстан ішуін азайтыпты ғой» деп айтуға әлі ерте. Себебі, рейтингтерді екі бөлек ұйым жасаған, методикаларында айырмашылық бар. Сондықтан, мен Денсаулық сақтау ұйымының келесі зерттеуін күтер едім. Ол 2024 жылы шығуы тиіс. Сонда 2018 жылғы жағдай мен 2023 жылғы жағдайды салыстырып, нақты вердикт шығаруға болады.
Бірақ, шынымды айтсам, біз аса бір ішкіш ел емеспіз. Тек бізде ішу балансы бұзылған. Мысалы, Еуропада бәрі ішеді. Бірақ аз-аздап, оның үстіне, көбіне табиғи шарап қана ішетін болса, бізде мүлде ішпейтіндер бар және бір ішсе төңкеріп, аяғына дейін ішетіндер бар.
Алкоголь бизнесінің ішкі құрылымындағы қызық құбылыстарға келсек. 2023 жылдан бастап қазақтардың сыраға деген қызығушылығы 9 пайызға төмендеген. Есесіне, коньякті тұтыну екі есеге артқан. Оның астарында не жатыр? Ол жағын біле алмадым.
Сіз білсеңіз, ой қосып, пікір білдіріңіз.
Айбар ОЛЖАЕВ,
журналист
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!