Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектепте мін, жүйеде сызат көп

23.04.2026, 7:20 50

Мектеп төңірегіндегі дау-дамай көбейген сайын қоғамның назары бірден оқушыға ауады. Біреу жасөспірімдердің қатыгезденіп бара жатқанын айтады, енді бірі тәртіптің босаңсығанын алға тартады. Тағы бір тарап ата-ананы кінәлайды. Расында да, бүгінгі мектепте буллинг те бар, бейәдеп мінез де бар, сабаққа салғырт қарау да, құқықбұзушылыққа бейімдік те жоқ емес. Бірақ осының бәрін тек баланың мінезімен түсіндіру мәселені тым жеңілдетіп жіберетін секілді. Өйткені мектептегі кез келген келеңсіздік жай ғана пайда болмайды. Оның артында басқару мәдениеті, ұстаз беделі, тәрбие жұмысының шынайы сапасы, мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс, баламен жұмыс істейтін мамандардың міні сияқты ірі мәселелер тұрады. Оқушы кейде сол жүйенің құрбаны болып та жатады. Демек, барлық мәселе үшін оқушыны кінәлай берудің қажеті шамалы. Бізге мектептегі мінді  түзеу  үшін  жүйедегі сызатты бүтіндеп, кем-кетікті ретке келтіру керек. Айтатын мәселе көп,  айтылғаны да,  айта  алмай  жүргеніміз  де қаншама.  Білім  саласындағы салғырттық туралы аз-кем тілге тиек етсек. Күтетініміз – әрине, мәселенің шешілгені. Дегенмен, еститін құлақ болса, айтарымызды  айттық…

Мәселені сала ведомствасы да сынға алды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру ұйымдарындағы сапа мәселесіне тоқталып, кей өңірде педагогикалық ұжымдар арасындағы дау-дамайдың барын ашық айтты. Министр жаңа қызметке келгенде сол оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталса да, кей білім беру ұйымдарына әлі басшы тағайындалмағанын сынады. Бұдан бөлек, шалғай ауылдарға кадр тарту мәселесін жергілікті атқарушы орган­дармен бірлесіп шешуді тапсыр­ды. Байқағанымыздай, мектептегі кем­шілікті тек оқушыдан іздеу үстірт пайым екенін аңғаруға болады. Егер ұжым ішінде тұрақтылық болмаса, мектеп басшылығы әлсіз болса, кадр жетіспесе, оның  салқыны ең алды­мен  балаға  тиеді.

Соңғы жылдары тәрбие бағытына байланысты құжат та көбейді, бағдарлама да жаңарды. 2024 жылғы 30 маусымдағы бұйрықпен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бекітілді, ал 2024–2025 оқу жылынан бастап ол барлық білім беру ұйымдарына енгі­зілгені ресми түрде айтылды. Кейін бұл бағыт «Адал азамат» бағдарламасымен жалғасын тапты. Қағаз жүзінде қарасақ, тәрбие саласына мемлекет құр қарап отырған жоқ. Құндылыққа негіз­делген орта қалыптастыру, ата-­ананы мектеп өміріне жақындату, баламен жүйелі жұмыс істеу туралы бастамалар бар. Бірақ сұрақ – басқа жерде. Егер осының бәрі толыққанды жұмыс істеп тұрса, онда неге мектептегі қысым, әлімжеттік, немқұрайдылық пен құқықбұзушылық жайлы әңгіме азаймай  тұр?

Бұл сұрақтың жауабын беру қиын. Себебі тәрбие құжатының болуы мен оның мектеп ішіндегі шынайы әсері – екі бөлек дүние. Көп мектепте тәрбие сағаты өтеді, жоспар жазылады, мониторинг жасалады. Бірақ баланың жан дүниесіне әсер ететін тірі орта барлық жерде бірдей қалыптасып отыр деу қиын. Кей мектепте психологтың барын да байқамаймыз. Ал кей жерде сынып жетекші бар, бірақ қағазбастылықтан баламен жеке сөйлесуге уақыты жоқ. Кей жағдайда ата-анамен жұмыс жиналыс пен чаттан аспайды. Осындай кезде тәрбие ресми құжат күйінде қалып, мектептің ішкі өміріне толық сіңбей қояды. Соның салдарынан мәселе туындағанда бәрі таңырқап қалады. Шынтуайтында, мәселенің бәрі  мән бермеуден басталғанын байқамай да қаламыз.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіден мектеп қабырғасындағы кей көріністі көріп, не дерімізді білмей қалатын жағдайға жеттік. Бір бейнежазбада  оқушы мұғалімге дауыс көтереді, енді бірінде ұстазға әдепсіз сөйлейді, тағы бірінде сынып ішіндегі қысым мен мазақ ашық көрініп тұрады. Бұрын мұндай оқиғалар сирек естілетіндей көрінуші еді, ал қазір елдің көзіне түсіп, жұрттың талқысына жиі шыға бастады. Осындай сәтте буллинг деген ұғымды тек балаға жасалатын қысым деп қабылдау жеткіліксіз екенін аңғарамыз. Білім саласындағы қорлау, кемсіту, психологиялық қысым кейде оқушының өзіне де, мұғалімге де, тіпті тұтас мектеп ортасына да қатар әсер етеді. 2023 жылдан бері елде буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Ал 2025 жылдың басынан бері 404 әкімшілік іс тіркеліп, оның 238-і бойынша айыппұл салынған. Бұған қоса, буллинг пен зорлық-зомбылықты ерте анықтаудың бірыңғай алгоритмі енгізіліп, үш мыңнан астам кәмелетке толмаған балаға уақытылы көмек көрсетілген. 2025 жылы буллингтің, зорлық-­зомбылықтың  және девиантты мінез-­құлықтың алдын алу бойынша 17 мыңнан астам педагог оқытудан өткен.

Қазақстандағы балалардың жағ­дайы туралы есептерде ЮНИСЕФ зерттеулеріне сүйеніп, оқушылар­дың едәуір бөлігі мектептегі қы­сым­ға ұшырайтыны айтылады. Мектеп ішіндегі қорғаныш тетігі әлсі­ресе, сыныптағы психологиялық ахуал бұзыла­ды. Мұғалім мен ата-ана дабылды кеш естісе, бала өз мәселесімен  жалғыз  қалады.

Ресми мәліметтерде белгілі бір оң динамика да бар. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ағымдағы оқу жылының бірінші және екінші тоқсандарының қоры­тындысы бойынша қылмыс­тық құқықбұзушылықтар саны алты есе азайғанын, әкімшілік құқық­бұзу­шылықтар 29,5 пайызға төмендеге­нін хабарлады. Ішкі істер органдарында есепте тұрған білім алушылар саны да қысқарған. Мұндай көрсеткіштер профилактикалық іс-шаралардың белгілі бір нәтижесі барын аңғартады. Бірақ мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Керісінше, осы деректердің өзі мектептерде құқықбұзушылықтың алдын алуға орасан күш салынып жатқанын көрсетеді. Егер қауіп әлсіреген болса, мұндай көлемдегі бақылау, оқыту, есеп пен араласу да мұнша күшеймес еді.

Мәселен, Атырау облысында 2025 жылы кәмелетке толмағандар арасында 127 қылмыстық құқық­бұзушылық тіркелгені айтылды. Бұл 2024 жылғы 67 дерекпен салыстыр­ғанда айтарлықтай көп. Иә, 2026 жылдың алғашқы үш айында көрсеткіштің  төмендегені  хабарланды.

Хош. Соңғы жылдары мектеп құрылысы, инфрақұрылым, қауіпсіз­дік, цифрлық құралдар жағынан нақты ілгерілеу бар екені анық. Өңірлердегі ресми материалдарда балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, «Қауіпсіз мектеп» жобасын іске асыру, цифрлық платформаларды енгізу туралы тұрақты айтылады. Мұның бәрі керек. Бірақ ғимараттың жаңаруы мен мектеп ішіндегі ахуалдың жаңаруы бір нәрсе емес. Кейде сырты бүтін, іші түтін мектептер болады. Қабырғасы жаңарғанымен, сыныптағы бейберекет сол күйінде қалады. Камера орнатылғанымен, баланың қысым көріп не көрмегенін ешбір құрылғы бірден аңғара алмайды. Электронды журнал енгізілгенмен, мұғалімнің қажуы мен ата-ана­ның селқостығын техника шеше алмайды. Мәселе – осы.

Сондық­тан білім са­ла­сындағы мәселені тек материалдық өлшеммен бағалау жеткіліксіз. Егер мектепте ұстаз өзін қорғансыз сезінсе, басшы әділетсіз болса, ұжым  ішінде ішкі кикілжің өршіп тұрса, оқушыға берілетін тәрбие  де  әлсірейді.

Қоғам мектептегі әрбір келеңсіз­діктен кейін кінәліні тез табуға үйре­ніп алған. Бірде оқушыны жазғырады, бірде ата-ананы, бірде мұғалімді. Бірақ осы тізбектің бәрінен жауап іздей­тін сауал бар. Мектепті кім және қалай басқарып отыр? Тәрбие жұмысын кім шынайы үйлестіріп отыр? Баламен кім тұрақты сөйлесіп жүр? Мұғалімге кім жағдай жасап отыр? Ата-анамен байланысты кім реттеп жатыр? Егер осы сұрақтардың жауа­бын таппасақ, мектептегі мәселені тек оқушыдан іздеу – ақымақтық. Өйткені бала көбіне үлкендер құрған ортаның үнсіз құрбаны болатынын ұмытпасақ дейміз. Кейде тіпті сол ортаның салдарын арқалап жүрген ең әлсіз  буынның  өзі  сол – оқушылар.

Сондықтан мектеп туралы әңгіме қозғағанда барлығына шәкірттерді жазғыра берудің өзі артық. Әңгіме тәртіпсіз балада ғана емес, сол баланы дер кезінде байқай алмаған жүйеде де жатыр. Әңгіме буллинг жасаған оқушыда ғана емес, оны тоқтатуға қауқарсыз болған ортада да жатыр. Әңгіме сабақтан қашқан жасөспірімде ғана емес, мектеп пен отбасы арасындағы сенімнің жұқаруында да жатыр. Мектеп балаға мінез, ар, сауат­тылық, иман, құндылық дарытатын ортаға айналмаса, еліміздегі ең үлкен әскердің жұмысы бір тиын. Ал өз дәуірінің ұлы тұлғасы сол мектепте тәрбиеленсе, ұтқанымыз. Бәрі біздің арманымыздағыдай болса дейміз ғой. Десе де, ештеңе ойдағы­дай бола бермейді. Осындайда «армандау – тегін» деген  сөз  ойға  орала  береді…

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: