Әсілінде, киік – қазақ дүниетанымында айрықша орны бар, киелі саналған жануар. Байырғы замандардан бері халқымыз ақбөкенді тек табиғаттың бір бөлшегі емес, тұтас дала тіршілігінің символы ретінде қабылдап, оған құрметпен қарағаны әмбеге аян. Киесіне сеніп, бейберекет аулаудан тыйылған. Тәуелсіздік жылдарында бұл ұстаным нақты саясатқа ұласып, киік Қызыл кітап тізіміне енгізіліп, қатаң қорғауға алынды. Оның етін пайдалануға, мүйізін саудалауға толық тыйым салынған болатын.
Шынында да, кейінгі жылдары киік санының күрт өсуі қоғамда үміт пен қуаныш тудырды. «Киік төлдеп жатыр», «дала қайта жанданды» деген жағымды жаңалықтар жиі айтылып, табиғаттың қалпына келе бастағаны жетістік ретінде бағаланды. Алайда осы көріністің екінші жағын соңғы кездері жадымыздан шығарып жатқандаймыз. Табиғаттағы оң өзгеріс ауыл тіршілігімен бетпе-бет келгенде, мәселенің сипаты өзгере бастайды. Бүгінде шаруашылықпен айналысатын тұрғындар үшін киіктің шамадан тыс көбеюі нақты қиындыққа айналып отыр. Әсіресе, мал бағумен күн көріп отырған өңірлерде жайылым мәселесі ушығып барады. Үлкен табынмен қозғалған киіктер қысқа уақыт ішінде кең алқапты жайпап өтіп, малға тиесілі шөпті таптап кетеді деген шағым жиілеген. Соның салдарынан мал азығы жетіспей, шаруаның шығыны артып отыр.
Яғни мәселе тек «киік көбейді» деген дерекпен шектелмейді. Оның артында табиғатты қорғау мен адам күнкөрісінің арасындағы нәзік тепе-теңдік жатыр.
КИІК САНЫНЫҢ КҮРТ ӨСУІ. ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Киік немесе ақбөкен мәселесі соңғы жылдары экологиялық тақырыптан да тереңдеп барады. Тіпті әлеуметтік-экономикалық дауға айналды деуге негіз бар. Бір тарап оны табиғатты қорғаудағы ең үздік жетістік деп бағаласа, екінші тарап ауыл шаруашылығына тікелей қауіп ретінде қарастыратыны жасырын емес. Қысқасы, киік популяциясы тарихи деңгейден бірнеше есе асып, шаруашылықты жанына серік еткен қауымға едәуір кедергі келтіріп отыр.
Қазақстан бүгінгі күні әлемдегі киіктің негізгі мекені саналады. Ғылыми деректерге сүйенсек, жаһандық популяцияның 99 пайызға жуығы ел аумағында шоғырланған. Әрине, бұл – табиғатты қорғау саясатының нәтижесі. Бірақ дәл осы фактор мәселе ауқымын ұлғайтып отыр.
Популяция динамикасы көзге оттай басылады. 2003 жылы елімізде небәрі 21 мың киік қалған. Бұл түрдің жойылып кету қаупі нақтыланған кезең еді. Алайда кейінгі 20 жылда жағдай түбегейлі өзгерді. Қазақстанда киік саны 2019 жылы шамамен 334 мыңды құрады. 2023 жылы ол 1,2 миллионға жетті. Ал соңғы деректерге сәйкес, 2025 жылы 4 миллионнан астам киіктектес жануар тіркелген. Мұндай өсім қарқыны сирек кездеседі. 2024-тің өзінде популяция 48 пайызға артқан. Ал ресми бағалаулар бойынша 2026 жылдың қорытындысымен киік саны 5 миллионға жуықтауы мүмкін. Бұл көрсеткіштер тарихи максимумнан ары асып кеткен. Кеңес дәуіріндегі ең жоғары деңгей шамамен 1,2 миллионды құраған.
Популяцияның мұндай қарқынмен өсуіне бірнеше нақты фактор әсер етті. Біріншіден, браконьерлікке қарсы бақылау күшейді. Екіншіден, аң аулауға толық тыйым енгізіліп, киік ұзақ уақыт бойы қорғалатын түр статусында болды. Үшіншіден, табиғи көбею циклі мен қолайлы климаттық жағдайлар әсер етті. Ғылыми зерттеулер бұл өсімді жүйелі қорғау саясатының тікелей нәтижесі ретінде бағалайды.
Халықаралық деңгейде бұл жағдай «консервациялық табыс тарихы» ретінде қарастырылады. Мысалы, International Union for Conservation of Nature 2023 жылы киіктің статусын «жойылу қаупі өте жоғары» санатынан «қауіпке жақын» деңгейге көтерді. Бұл дегеніміз түрдің қайта қалпына келгенін білдіреді.
Алайда дәл осы жетістік жаңа мәселені туындатты. Популяцияның күрт өсуі киіктің дәстүрлі көшу аймағын кеңейтіп, ауыл шаруашылығы жерлерімен қабаттасуын күшейтті. 2025 жылғы деректерде фермерлердің егістік пен жайылымның тапталуына байланысты жүздеген миллион теңге шығынға ұшырағаны айтылған. Тіпті көрші Ресейдің кей аймағында да киіктің жаппай миграциясы егінге зиян келтіріп, ауыл шаруашылығына қауіп төндіргені тіркелген
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ мен КИІК АРАСЫНДАҒЫ ҚЫСЫМ
Киік популяциясының күрт өсуі экожүйелік құбылыстан нақты шаруашылық проблемасына айналғанын ең алдымен экономикалық көрсеткіштер дәлелдейді. 2023 жылы арнайы мемлекеттік комиссияның бағалауынша, киіктің егістік пен жайылымға келтірген шығыны 7,9 млрд теңгеге жеткен және бұл 1300-ден астам шаруашылыққа тікелей әсер еткен. Ал басқа есептерде жалпы шығын көлемі 12 млрд теңгеге дейін жеткені көрсетіледі, әсіресе Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды өңірлерінде егістік пен шабындыққа келтірілген зиян айқын тіркелген.
Алысқа барып қажеті не? Қызылорда облысына қарасты Арал ауданының өзінде киік пен ақбөкен сұмдық деңгейде шоғырланған. Қазақстандағы киік санының төрттен бірі Қызылордада екенін ескерсек, Қарақұм, оған қарасты Ерімбетжаға секілді ауылдардағы мал шаруашылығымен айналысатын халықтың төрт түлігі шөптен қиналып жүргеніне біраз болды.
2025 жылға қарай жағдай одан әрі күрделене түскен. Ауыл шаруашылығы саласына келтірілген тікелей зиян тек бір жылдың ішінде 2,2 млрд теңгеге бағаланған, ал кейбір шаруашылықта өнім шығыны 40%-ға дейін жеткен. Бұл – түсімнің азаюымен қатар, алдын ала салынған инвестицияның да қайтпай қалуы деген сөз. Мысалы, нақты кейстерде фермерлер бір ғана алқаптан бірнеше миллион теңге жоғалтқан: 200 гектар жердің 20%-ы жойылып, жалпы шығын 4,8 млн теңгеге дейін жеткен жағдайлар тіркелген.
Мәселе тек қаржылық шығынмен шектелмейді. Ғылыми зерттеулер киік санының артуы мен жайылым өнімділігінің төмендеуі арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетеді. Мәселен, әрбір қосымша 1000 киік жайылымдағы шөп өнімділігін орта есеппен 14 кг/га-ға азайтады деген дерек келтірілген. Батыс Қазақстандағы кей ауданда жайылымға түсетін қысым 60%-дан асып кеткені анықталған. Бұл мал шаруашылығы үшін стратегиялық ресурс жем-шөп базасының әлсіреуіне алып келеді.
Қақтығыстың негізгі себептері де нақты анықталған. Ғылыми еңбектерде төрт басты фактор көрсетіледі: шабындықтың тапталуы, су көздері үшін бәсеке, жайылым тапшылығы және малға жұғуы мүмкін ауруларға қатысты қауіп. Бұған қоса, фермерлердің 70%-ы киікті өз шаруашылығына негізгі кедергі деп бағалайды. Яғни бұл мәселе – жекелеген пікір емес, ауыл шаруашылығында кең таралған көзқарас.
Киіктің табиғи мінез-құлқы да бұл шиеленісті күшейтеді. Олар – бір орында тұрақтамайтын, үлкен табынмен қозғалып, қысқа уақыт ішінде үлкен аумақты басып өтетін жануар. Сондықтан фермерлер қолданатын дәстүрлі қорғаныс тәсілдері – қуып шығу, қоршау көбіне нәтиже бермейді. Бірқатар өңірде егістікті қорғау үшін торлар орнату ұсынылғанымен, бұл тәсілдің өзі толық тиімді емес екені айтылып жүр.
Бұл жағдай тек Қазақстанға тән емес. 2025 жылы Ресейдің Саратов облысында жүздеген мың киік шекара асып өтіп, егістіктерді таптап, ауыл шаруашылығына қауіп төндіргені тіркелді. Фермерлер бұл жағдайды «ауыл шаруашылығының өмір сүруіне қауіп» деп бағалаған. Бұл мысал киік миграциясының кеңейгенін және мәселенің аймақтық сипат алып келе жатқанын көрсетеді.
Нәтижесінде қалыптасқан жағдайды бір ғана «жабайы табиғат» мәселесі деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл – ресурстар үшін нақты бәсеке. Бір жағында – табиғи популяцияның өсуі, екінші жағында – ауыл шаруашылығының өндірістік қажеттілігі. Осы екі жүйе бір кеңістікте түйіскен кезде, қақтығыс заңды құбылысқа айналады.
ШЕШІМДІ ҚАЙДАН ІЗДЕЙМІЗ?
Киік санының өсуі мен ауыл шаруашылығы арасындағы қақтығыс тек Қазақстанға тән құбылыс емес екенін атап өттік. Әлемде жабайы жануарлар популяциясы қалпына келген сайын осындай жағдайлар жиі тіркеледі. Мысалы, Африкада пілдердің көбеюі фермерлердің егістігіне зиян келтіріп, Үндістанда маймылдар мен жабайы шошқалар ауыл шаруашылығына қауіп төндірген. Бұл елдерде мәселе «жануарды жою» емес, дәлірек популяцияны басқару мен адам мүддесін теңестіру арқылы шешіліп келеді. Яғни халықаралық тәжірибе бір бағытты көрсетеді: толық қорғау кезеңінен кейін міндетті түрде реттеу кезеңі басталады.
Қазақстандағы жағдай да дәл осы кезеңге келіп отыр. Ғылыми қауымдастықтың ұстанымы біржақты емес, бірақ ортақ пікір бар: популяция табиғи шектен асып кеткен кезде, оны басқару қажет. Мысалы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мамандары киік санының өсуі экожүйе үшін оң нәтиже болғанымен, қазіргі деңгейде жайылымдық қысымды ескеріп, ғылыми негізделген шешімдер қабылдау керектігін айтады. Олардың пікірінше, басты қағида – «сақтау мен пайдалану арасындағы баланс».
Ғалымдар ұсынып отырған негізгі бағыттардың бірі – популяцияны реттеу. Бұл ең даулы, бірақ ең жиі қолданылатын тәсілдердің бірі. Африка елдерінде, мысалы Намибия мен Оңтүстік Африка Республикасында, жабайы жануарлар саны шектен асқанда квота арқылы реттеледі. Мұндай модельде мемлекет ғылыми мониторингке сүйеніп, белгілі бір мөлшерде іріктеп атуға рұқсат береді. Бұл әдіс экожүйеге шамадан тыс қысымды азайтып, сонымен қатар экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Қазақстанда да бұл ұсыныс бірнеше рет көтерілгенімен, қоғамда этикалық және экологиялық тұрғыда қызу пікірталас туғызды.
Екінші бағыт – экономикалық өтемақымен ынталандыру. Еуропаның бірқатар елінде қасқыр немесе аю шабуылынан зардап шеккен фермерлерге мемлекет тікелей өтемақы төлейді. Бұл тәсіл қақтығысты толық жоймаса да, әлеуметтік шиеленісті азайтады. Қазақстанда да осындай механизм енгізу туралы ұсыныстар айтылып жүр, бірақ нақты, жүйелі модель әлі толық қалыптасқан жоқ. Сарапшылардың пікірінше, өтемақы – тек уақытша шешім, ол мәселенің түпкі себебін жоймайды.
Үшінші бағыт – кеңістікті басқару. Яғни киіктің миграциялық жолдарын, жайылым аймақтарын және ауыл шаруашылығы жерлерін ғылыми тұрғыда бөлу. Мысалы, Моңғолияда жабайы жануарлардың қозғалысын GPS арқылы бақылап, олардың негізгі бағыттарына инфрақұрылымдық шектеулер қойылады. Бұл тәсіл киікке де қолдануға болатын модельдердің бірі ретінде қарастырылады. Алайда Қазақстанның кең аумағы мен ашық дала жағдайы мұндай шешімді толық іске асыруды күрделендіреді.
Тағы бір ұсыныс – киікті экономикалық ресурс ретінде қарастыру. Кей сарапшы киік өнімдерін (ет, мүйіз) заңды айналымға енгізу арқылы популяцияны бақылау мен экономикалық тиімділікті қатар қамтамасыз етуге болады деп санайды. Бұл модель Австралиядағы кенгуру популяциясын басқаруда қолданылып келеді. Дегенмен, мұндай қадам Қазақстанда браконьерлік тәуекелін қайта күшейтуі мүмкін деген қауіп те бар.
Жалпы, ғылыми және халықаралық тәжірибені салыстырғанда, бір ғана әмбебап шешім жоқ екені анық көрінеді. Әр тәсілдің өз шектеуі бар және олардың тиімділігі нақты жағдайға байланысты. Сондықтан сарапшылар кешенді модельді ұсынады: ғылыми мониторинг, шектеулі реттеу, фермерлерді қолдау, ұзақмерзімді саясат.
Қорытындылай келе, қазіргі жағдай табиғат пен адам арасындағы қарапайым қайшылықтан бұрын ресурстарды басқару мәселесіне саяды. Егер саясат тек қорғауға немесе тек шектеуге бағытталса, тепе-теңдік бұзылады. Ал ғылыми негізделген, көпжақты шешім қабылданса, киік те сақталады, ауыл шаруашылығы да тұрақты дамуын жалғастыра алады.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!