Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайран ұстаз, қадіріңді кір шалды…

23.04.2026, 7:00 47

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап қолымызға қалам ұстатып, әріп танытып, жазуға үйреткен ұстаздарды біз әрдайым ерекше тұлға ретінде қабылдаймыз. Тіпті сол жандарға еліктеп өсеміз. Алайда өмірде ұстаз деген қасиетті атқа көлеңке түсіретін адамдар да кездеседі екен. Оған  өзім  куә  болдым.

Мен 9-сыныпқа дейін бірде-бір рет «4» алмай, сабаққа деген құштарлықпен оқып келген, қызыл аттестатқа үміткер оқушы болдым. Сол жылы біздің сыныпқа тәжірибелі маман, ағылшын тілінің білікті мұғалімі сынып жетекшісі болып келді. Әуелде біз қатты қуандық. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Себебі ол мұғалімнің мектепке ішімдік ішіп келетін кездері жиілей бастады. Басшылық мұны тек ескерту деңгейінде қалдырды. Кейде түнгі көңіл көтеруден кейін үстінен жағымсыз иіс шығып келетін сәттері де болды. Оқушы үшін мұның бәрі қалыпты жағдай емес еді. Бірақ ол кезде біз бала едік, мұндай әрекет­тердің қаншалықты өрескел екенін де толық  түсінбедік. Ата-анаға айтуды да ойламаппыз.

9-сыныптың басында қызыл аттестатқа үміткерлерді ұсыну кезінде менің атымның орнына басқа біреудің есімі жазылып кеткені белгілі болды. Екі есімнің ұқсастығы да жоқ, әріптері де мүлде бөлек. Мұны қалай шатастыруға болады? Бұл салғырттық па, әлде басқа себеп пе? Осы сұрақ әлі күнге  дейін  көкейімде  тұр.

Сол жылы сабаққа жауап беріп, мұғалімдерге құрмет  көрсетіп  жүрсем  де,  кей   пәннен  маған  «4» қойыла бастады. Бұл мені іштей алаңдатты. Өйткені осыған дейін оқу үлгерімімде мұндай жағдай болмаған еді. Соңында 9-сыныпты аяқтағанда  маған көк аттестат берілді. Қолымдағы құжатты  ашып  қарасам, өзім қызығып оқып, түрлі сайысқа қатысып жүрген пәндерден «4» алған екенмін. Сол сәтте аттестатты ұстап тұрудың өзі маған  ауыр  тиді.  Мені  ең қатты күйзелткен нәрсе – аттестаттың түсі ғана емес, сабаққа немқұрайды қарайтын, мектепке келмейтін, мұғалімдермен сөзге келіп жүретін оқушылармен менің дәрежем бірдей болып қалғаны жанымды  жаралады.

Содан кейін маған «4» қойған мұғалімдерді іздей бастадым. Құқық пәнінен сайыстарға қатысып, жүлде алып жүрсем де, ол пән мұғалімін мектептен таба алмадым. Ал химия пәнінің мұғаліміне  барғанда,  ол  маған:

– Сенің физика пәнінің мұғалімі «4» қойды, мен  де  «4»  қойдым,  — деді.

Физика мен химия екі бөлек пән емес пе? Мұндай жауапқа түсінбей қалдым. Кейін ол кісі:

– Сені сынып жетекшің қызыл аттестатқа ұсынбағандықтан,  мен де саған «4» қойдым, — деді.

Бұл – ақылға сыймайтын уәж. Сол күннен бері менің санамда жауапсыз қалған талай сұрақ бар. Ақырында ішімдікке салынып жүрген сынып жетекшіме қоңырау шалдым. Жылап тұрып:

– Білесіз бе, сіз менің өмірімді түбегейлі өзгертіп жібердіңіз. Мен анама бұл көк аттестатты қалай апарамын? Мен барлық сабақты оқып жүрдім ғой. Түсінемін, егер орыс тілі мен ағылшын тілінен «4» қойсаңыздар, оған өзімді толық лайық деп айта алмас едім. Бірақ оқып жүрген пәндерімнен «4» қойып, әділетсіздік жасадыңыз­дар.  Менің  көз  жасыма  қалып  тұрсыз, — дедім.

Ол кісі ештеңе айта алмады. Бұл әңгімеде тек мен сөйледім. Ал мен қойған сұрақтардың бәрі жауапсыз  қалды.

Мектеп  директоры  болса:

– 9-сыныптың аттестаты ештеңені шешпейді. Бұл құжат кейін әр жерде қалып қояды. Саған 11-сыныпта қызыл аттестат береміз. Ол кезде тек 10  және  11-сыныптың  бағалары  есепке  алынады, — деп  жұбатты.

Тіпті Оқу-ағарту министрлігіне хат жазайын деп тұрған сәтімде де «қызыл аттестат береміз» деген сөзбен мені тоқтатты. Бала көңіл бір ауыз уәдеге сенеді екен. Кейін бастауышта оқытқан сынып жетекшім болған мұғалімнен қазіргі сынып жетекшімнің «екі есімді шатастырып алыппын» деп мойындағанын естідім. Осы сөзден ке­йін  ішімдегі  күдік  одан  сайын  күшейді.

Үйге қайтып бара жатқанда, тіпті өзіме қол жұмсау туралы да ой келді. Әрине, бала мұндайда дұрыс болмаса да өзге замандастарынан көргенін қайталауға ынтық болады ғой. «Анама қалай айтамын, әкеме не деймін?» деген қорқыныш жанымды жегідей жеді. Үйге барған соң анам маған қарамай кетті. Тамақ ішуге отырсам, орнынан тұрып кететін болды. Сөйлесем, жауап бермейтін. Кейін жылап тұрып себебін сұрағанда, анам: «Сенің қызың көк аттестат  алды  ма? Менің қызым осыған дейін «4»-пен оқыса да, қызыл аттестат алды ғой» деген сөз естігенін  айтты.

Бұл сөз анама да ауыр тиген. Өйткені мен үйде­гілерге қызыл аттестат алатынымды алдын ала айтып қойған едім. Олар маған үлкен үміт артты, тіпті туыстарға дейін мақтанышпен айтып жүрген. Сол үміттің бәрі бір күнде күл-талқан болды. Сол кезден бастап мен өзімді жоғалтып алдым. Не істеп жүргенімді, не үшін өмір сүріп жүргенімді түсінбей қалдым. Психолог көмегіне жүгінуге тура келді. Себебі жан дүнием күйреп, тірі өлікке айналғандай күй кештім. Бұл жерде мені күйреткен жалғыз нәрсе аттестаттың түсі емес, анамның менен теріс айналғаны болды. Кейін анама бәрін түсіндіріп, әрең  дегенде  ұқтырдым.  Бірақ  ол:

– Әкеңе айтпа, ешкім білмесін, — деді.

11-сыныпқа жеткенде әлгі директор зейнет­ке шығып, мектептен кетті. Оның орнына келген жаңа директор қызыл аттестат беріл­мейтінін ашық айтты. Мен тағы да жыладым. Оқуға деген құлшынысым сөне бастады. ҰБТ-ға дайындалу  болашағым үшін маңыз­ды екенін түсіндім. Бірақ кітаптың бетін ашу былай  тұрсын, мұғалімдерді көргім келмейтін  халге  түстім.

Сол кезде алгебра пәнінен сабақ берген жас мұғалімнің бағалау тәсілі тіпті ақылға сыймайтын. Ол WhatsApp арқылы:

– Сәлеметсің  бе? Бүгін саған баға қоюым керек. Мен 1-ден 10-ға дейін бір сан ойладым. Соны тапсаң – «5», таппасаң – «4», — деп жазды.

Әрине, мен оның қандай сан ойлағанын қайдан білейін? Мен:

– Ертең  сабақ  айтып келсем бола ма? — деп жауап  бердім.

Бірақ мен үшін бұл – әділетсіз әрі ақылға қоным­сыз бағалау. Сондай сәттерде өмірде еш­нәр­сеге  таңғалмау  керек  екенін  ұқтым.

11-сыныптың аттестатын алатын сәтте үйде­гілерді шақырмадым. Менің атым аталғанда, сынып­тастарымның қатарында тұрмай, есіктің сыртында жылап тұрдым. Мен бұл күнді бала кезімнен армандадым. Бірақ сол арманым орындалмады. Тек вальс билейтін сәтте ғана сахнаға шықтым. Оның өзінде жанымдағы жұбым жалғыз қалмасын деген ой болды. Мектеп қабыр­ғасындағы соңғы вальсті билеп тұрып айналама қарасам, барлығының ата-аналары гүл ұстап, әжелері қуанып тұр екен. Сол көріністі көргенде аяқ-­қолым дірілдеп, әлсіреп кеттім. Жылаумен басталған биім жылаумен аяқталды. Қолыма екінші мәрте көк аттестат ұстатты. Бірақ мен әкеме де, туыстарыма да өтірік қызыл аттестат жасатып көрсеттім. Қолымдағы көк аттестатты алып бара  алмадым. Ал осы тұстағы ең ауыр сәттердің бірі – әжемнің  қоңырауы  болды.

– Қызым, мен айтпайтын аурумен ауырып жатырмын. Сен мені мектепте «Үздік ата-ана» тақтасына ілдің. Сенің аттестат алғаныңды көре алмадым. Бірақ маған ауруханаға келіп көрсете аласың  ба? — деді.

Әкемді алдауым мүмкін еді. Бірақ өміріне санау­лы күн қалған әжемді алдау қолымнан келмеді. Телефонды қоя сала жылап жібердім. Ақырында әжемнің иісін соңғы рет иіскеп, жүзін көріп қалу да маған бұйырмады. Бұл өкініш менің өмірімдегі ең ауыр жаралардың бірі болып қалды. Мен осының бәріне сол бір сынып жетекшімнің салғырттығы мен жауапсыздығы себеп болды деп есептеймін. Ұстаз бола тұра, өз жолына адал бола алмаған адамның әрекеті бір оқушының тағдырын осылай өзгертті. Бұл оқиға маған өмірдің әрдайым әділетті бола бермейтінін ерте ұқтырды.

Дегенмен, мен бұл оқиғадан кейін барлық мұғалімге бірдей кінә артудан аулақпын. Себебі өз нанына адал, баланың білімін шынайы бағалап, әр оқушының тағдырына бейжай қарамайтын ұстаздар да аз емес. Осындай жүрегі таза, мамандығына адал жандарға әрдайым құрметпен қараймын. Сол аяулы ұстаздарға шығармашылық табыс, абырой  мен  амандық  тілеймін.

Аруназ  ӘБКЕЙ

Коллажды жасаған Е.Қалиев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: