Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Серпінге» сенім бар ма?

20.07.2023, 10:40 218

Қайбір жылдары «Серпін» бағдарламасы біраз баланың бағын ашып еді. Жастарды жаппай солтүстік аймақтарға қоныстандыру идеясынан туындаған бұл бағдарлама соңғы жылдары назардан тыс  қалып келеді. Тіпті алты жылдан бері оған бөлінген қаржы игерілмей қалған. Сенат депутаттарының осы жайлы қойған сұрағына Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өзі жауап  берді.

Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап жоғары білім берудегі мемлекеттік гранттар толық көлемде игерілмей келеді. Мәселен, 2021 жылы 5656 грант бөлініп, 2102 адам немесе 37,2 пайыз қабылданды. Осыған орай, «Серпін» бағдарламасы бойынша квота көлемі 10 пайыздан 5 пайызға дейін қысқарып қалған.

– Ерікті қоныс аудару бағдарламасына «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламасының түлектері де қатысады. Алдағы оқу жылында жоғары оқу орындары базасында «Серпін» бағдарламасы бойынша кадрлар даярлауға 3653 грант қаралған, – деді Премьер-министр Ә.Смайылов.

Серпіндіктерге серпін беретін іс-шаралар легі өзінің маңыздылығын жойған жоқ. бағдарламаға қатысушыларды оқу орындарында бейімдеу, жатақханамен, шәкіртақымен, тамақтанумен, жол жүру ақысымен қамтамасыз ету қызметі ұйымдастырылады. Сондай-ақ бағдарламаның іске асырылуын мониторингтеу, бақылау және бағалау жүйесін автоматтандыру және цифрландыру үшін ақпараттық жүйенің жұмысы қамтамасыз етілген. Оқу бітірген соң жастар жұмыссыз қалмайды. Олар үшін түлектерді жұмыспен қамту және оларға жәрдемдесу үшін жоғары оқу орындарының базаларында Мансап және кәсіптік даму орталықтары жұмыс істейді.

Осыдан екі жыл бұрын «Серпін» бағдарламасы бойынша Қостанай қаласында оқып келген Н.Шүрегеевпен  тілдестік.

– 4 жыл бойы Қостанай қаласында «Агрономия» мамандығы бойынша білім алдым. Өзім Қызылорда облысының тумасы болған соң ол жаққа  үйренісуім  қиындау  болды.    Ә дегеннен-ақ «ол жақта қалмаймын» деп шештім. Оқуымды аяқтаған соң магистратураға тапсырдым. Өйткені егер оқуымды әрі қарай жалғастырмасам, шарт бойынша сол жақта қалып, жұмыс істеуім керек. Солтүстікте қалғысы келетіндер бар. Жоқ деп айта алмаймын. Бірақ, Қостанай емес, Көкшетау, Астана қалаларында қоныстануға болады. Қостанайға әлде де даму қарқыны жетіспейтін сияқты. Жастар ол жақта қызығып жұмыс істеу үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылу керек деп ойлаймын, – дейді Н.Шүрегеев. 

 «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген. Жастарды жаппай солтүстіктендірудің алдында кейбір ньюанстарды ескерген дұрыс. Қазір Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистерге барлығы баруға, жастар сол жерлерде болашағын құруға құмар. Өйткені ол қалалар өзгелермен салыстырғанда көш ілгері, даму динамикасы жоғары. Ал солтүстік аймақтар жастар қызығатындай қарқынға ие емес. Гранттардың игерілмей қалып жатқандығының бір ұшы – осында. Сондықтан «Серпін» ең бірінші  сенімнен айырылмауға жұмыс істесе дейміз.

К.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: