Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлы ұсталды

04.07.2023, 10:30 322

HALYQLINE.KZ

Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімге қайтып келді.

«2023 жылғы 3 шілдеде ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери полицияның әскери қызметшілерімен ұйымдастырылған бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Б.-ның орналасқан жері анықталды. Әскери қызметші қызмет атқаратын орнына жеткізілді», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Бұған дейін заңгер Анна Чернова Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған болатын.

  • «Біздің ісіміз бойынша: Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткен, онда оған бұлтартпау шарасы таңдалған, ол бөлім бастығының бақылауында болған.
  • Оны кешеден бері таба алмай жатыр. BMW көлігімен кеткен. Оны көргендер болса, ол тергеуде екенін айта салыңыздаршы», – деген еді заңгер.

Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растап, қатардағы жауынгердің мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашқанын мәлімдеген.  

«2023 жылғы 2 шілдеде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Б. қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды) әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта қашып кеткен», – делінген еді хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін, яғни 11 ақпанда Алматының сауда орталықтары бірінің маңындағы паркингте әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған болатын. Бұл іс қоғамдық дау тудырған.

Бұл оқиға туралы адвокат Олег Черновтың әйелі Анна Димитриевич Facebook-парақшасында жазған. Олар таксиге отыра бергенде бір жігіт жүгіріп келіп, соққыға жығылған қызға көмектесуін сұраған.

Алматы ПД бұл дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Тергеу ісіне қатысты даңты палуан журналистерге сұхбат беріп, ұлына қатысты тергеу ісінің болғанын растады.

«Тергеу амалдары жүріп жатыр. Мен Черновтар отбасынан кешірім сұрадым, қажет жағдайда емдеуге көмек көрсетуге дайын екендігімді айттым. Бірақ, олардан хабар болмады. Алдағы 10 күн немесе 2 апта көлемінде тергеу нәтижесімен таныс боласыздар. Бұл процеске мен араласып жатқан жоқпын», – деген еді депутат мәжіліс кулуарында.

Жуырда Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлының қылмыстық ісіне қатысты пікір білдірді. Ол журналистердің алғашқы сұрағынан қашқақтап, екіұдай пікір білдірді. Төпелей берген сұраққа депутаттың ұлы жауапкершіліктен жалтармайтынына сендіріп баққан.

«Мен үшін барлық сарбаз бірдей. Егер заң мен тәртіпті бұзса, онда жауапқа тартылады. Ешкім де жасырынып жүрген жоқ. Еліміздің заңы бар және тиісті шешім заңнамаға сәйкес жасалады», – деді Руслан Жақсылықов.

Бұл мәжіліс депутаттары арасында баласының істі болып жатқан екінші оқиға. Бұған дейін Жигули Дайрабаевтың есейіп кеткен ұлдары Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірген еді.

Қылмыстық іс бойынша Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Күлкеев, кәсіпкер Елжан Елібай және Дайрабаевтың ұлдары – Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев айыпталды.

Сот анықтағандай, айыпталушылар «Альбион» құлпынай көшеттерін сатып алу үшін мемлекеттен субсидия алып, бір бөлігін жеке қажеттілігіне жұмсаған. Мемлекетке 550 849 430 теңге шығын келтірілді.

Сот төртеуін де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Осылайша Ерлан Күлкеев 6 жылға, Елжан Елібай 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, әрқайсысы шартты түрде 5 жылға сотталды.

Бұдан бөлек, сот Жамбыл облысы әкімдігі қаржы басқармасының мемлекеттік шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арызын қанағаттандырды:

Күлкеев пен Елібайдан мемлекет пайдасына – ортақ тәртіпте 167 924 830 теңге;

Күлкеев, Елібай, Дайрабаев және Молдахалықтан – ортақ тәртіпте 92 400 000 теңге;

Дайрабаев пен Молдахалықтан ортақ тәртіпте 290 524 600 теңге өндірілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: