Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналист әлеуметтік жағынан да, құқықтық жағынан да қорғалуы керек

28.06.2023, 11:00 1340

Айсұлу   ҚАСЫМОВА, 

«Qyzylorda»   телеарнасы   директорының   орынбасары:

Секунд сайын серпіліп отыратын ақпарат әлемінде сүңгу және дер кезінде салмақтысын сараптай алуға аса жоғары интеллект, қарымды қабілет керек. Оның ішінде бізге пайдалысы һәм жарамсыз жаңалықтар бар. Ескеретін жайт, желіге жазба жүктегеннің бәрі журналист емес. Эстетикалық талғамды шетке ысырып қоя алмаймыз. Сондықтан тарихы тереңнен басталатын қазақ журналистикасының аудиториясына әлі де айтары бар, көрсететіні көп. Бізде бітімге келмей тұрған бір дүние болса,  ол – журналистердің мәртебесі. Шерағаның шимайымен сөйлесек, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» қаламгерлердің қазіргі әрі-сәрі күйі бірізділенсе екен деген үміт бар. Саладағы өзге де мәселелер туралы «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымовамен  аз-кем  сұхбаттасқан  едік.

БИЛІКТІҢ  РЕДАКЦИЯЛЫҚ  САЯСАТҚА  ЫҚПАЛЫ  БОЛМАУЫ  КЕРЕК

– Еліміздегі БАҚ-тың көп бөлігі мемлекеттік басқару моделімен жұмыс істейді. Бұл модельде мемлекет қаржыландырып қана қоймай, редакциялық саясатқа ықпал етеді.  Қалай ойлайсыз, осындай  ықпал  БАҚ-қа  керек  пе?

– Негізі бұқаралық ақпарат құралы дегеніміз үлкен қоғамдық институт болып саналады. Билік пен бұқараны байланыстырып, ел мен жердегі жаңалықтар мен маңызды мәселелерді жіпке тізгендей жеткізетін алтын көпір десек те қате емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін БАҚ-тың дамуында жаңа кезең басталып, мемлекеттік монополия жойыла бастады. Тәуелсіз ақпарат құралдары пайда болды. Биліктің бұқаралық ақпарат құралдарына деген ықпалын төмендету мақсатында қаржыландыру тетігі өзгеріп, ол  мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге аса бастады. Сондықтан БАҚ мемлекеттік басқару моделімен жұмыс істейді дегеннен гөрі, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді деген дұрыс сияқты. Мемлекеттік тапсырыс арқылы билік ақпараттық саясаттың басым бағыттарын жүзеге асырады. Бүгінгі БАҚ үшін мемтапсырыс керек. Ол – үлкен қолдау. БАҚ әзірге өз-өзін 100 пайыз қамтамасыз етуге қауқарсыз. Негізінен ашық, демократиялық қоғам орнатамыз десек, биліктің редакциялық саясатқа ықпалы болмауы керек. БАҚ пен билік мемлекеттік сая­сатты  жүргізуде  әріптестер  болуы  керек.

– Белгілі журналист, сенатор Нұртөре Жүсіп журналистердің мәртебесі туралы заң шығару керек екендігін алға тартып, ұсыныс білдірді. Өйткені журналист не мемлекеттік, не азаматтық қызметкер емес. Заң жүзінде мәртебе берілсе, қалам ұстаған қауым да қуанып қалар еді. Осыған  не  айтасыз?

– Өте дұрыс ұсыныс. Қоғамда бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Қарап отырсақ, журналистер не азаматтық, не мемлекеттік қыз­меткер санатында емес. Мемлекетімізде төтен­ше жағдай болса, бірінші журналис­тер жүгіреді. Тіпті әскери қызметкерлермен пара-­пар қызмет істейді десек те болады. Кеше­гі пандемия кезінде де өмірін қатерге тігіп, тәуе­келге бас тікті. Үй кезегіне тұруға, өзге де әлеуметтік қолдау қызметтерін алайын десе, журналис­терге есік жабық. Қайта осы жылдың басында Үкіметтің қаулысымен квазимемлекеттік сектордың өндірістік мамандарының жалақысы 30 пайызға көтерілуімен қалам ұстаған қауымның еңсесі біраз көтеріліп қалды. Негізінен алғанда жалақы өте төмен. Зерттеушілердің пікірінше журналист әлемдегі қатер­лі 5 мамандықтың қатарында тұр екен. Қазір журналистің қызметіне кедергі келтіретіндер, қоқан-лоқы жасайтындар да көбейіп кетті. Сол себепті де журналистерге мәртебе берілу керек, әлеуметтік жағынан да, құқықтық жағынан да  қорғалу керек деп ойлаймын. Олардың ақпарат алуына ешқандай кедергі болмауы керек. Жазған материалдарына мемлекеттік органдар тарапынан  жылдам реакция  білдіріп  отыруға  тиісті.

БАЙҚОҢЫР,  ТӨРЕТАМ,  АҚАЙ  ТҰРҒЫНДАРЫ  ТЕЛЕАРНАНЫ   ТОЛЫҚ   ТАМАШАЛАЙ  АЛАДЫ

– Телеарна тәуелсіздік жылдарынан бері қандай белесті бағындырды, қандай шаруалар шатқаяқтап  тұр?

– 1991 жылы ең алғаш 30 минуттық хабар­мен  эфирге шықтық. Одан бері қаншама уақыт өтті. Телеарна дамыды, біраз жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде тәулігіне 15 сағат хабар тарата­мыз. Маусым айынан бастап Байқоңыр қаласына, Төретам, Ақай елді мекендеріне 15 сағат хабар тарата бастадық. Жұртшылық бұл бастаманы қуанышпен қабылдап жатыр. Алдағы уақытта Байқоңыр қаласынан тілшілер пунктін ашу жоспарымызда бар. Ресей­ге қарасты болғанымен, Байқоңырда да біздің облыстың тұрғындары өмір сүріп жатыр. Бұдан бөлек, Байқоңырды дамытуға байла­нысты облыста арнайы бағдарлама бар. Оны жүзеге асыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыс­тардан халық хабардар болып  отыруы керек  деп  ойлаймыз.

Телеарнаның жұмысын бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір HD форматында хабар таратылады. Телевизиялық құрал-жабдық, қондырғылардың  барлығы заманауи үлгі­де жұмыс істейді. Мәселен, жаңалықтарды эфирге шығару кезінде бұрын бірнеше теле­о­ператор жұмыс істейтін болса, қазір бір ғана робот-камера, бір оператордың басқаруы­мен  бірнеше камераның қызметін атқарады. Осының өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Сонымен қатар техникалық жүйе толық цифр­ланған. Монтаждалып дайын болған сюжеттерді, бағдарламаларды кабинетте отырып қарап, тексеріп, өзгерістер енгізуге мүмкіндік бар. Дегенмен, техника қазір күн сайын қарыш­тап дамуда. Салаға жаңа технологияларды енгізуге жоспарымыз көп. 1974 жылдан бері жөндеу көрмеген ғимаратымызды күрделі жөндеу  ең  өзекті  мәселелер  қатарында  тұр.

– Қазір әлеуметтік желі, интернет басылым­дарының аты озып тұрған шақ. Бұрынғыдай теледидарға телміретіндер де азайған. Көрермендердің талғамынан шығу да қиындап барады. «Телеарналарда тұшымды дүние жоқ» деген пікірлерді естиміз. Осы тұрғыда сіздің ойыңыз қандай? Көптің пікірінше, қазір телеарналарда көңіл көтеретін, жеңіл-желпі дүние көбейіп кеткен. Соған  пікіріңіз  қандай?

– Бастапқыда телеарналар белгілі бір қар­жылық қиындықтардан шығу үшін жарнамаға, көңіл көтеретін контенттерге басымдық бергені рас.  Бірақ қазір жағдай өзгерді. Халық­ты арзан күлкімен, жылтыраған дүниемен қызық­тыра алмайсың. Көрерменнің салмақты дүние­ге деген сұранысы артты.  Мәселен, Ұлттық арнада көрсетіліп жүрген «Гауһартас» жоба­сын сүйсініп көресің. Халқымыздың руха­ни қазы­насына айналған шығармалар дәріп­теледі. Неме­се «Парасат майданы». Қоғам дамуы тура­лы салмақты мамандардың пікірсайысы. «Абай» телеарнасындағы әріптесім Толқын Қабылшаның «Тағдырлы туындысы» да  көрер­мен  көзайымына  айналды.

Интернет БАҚ жеңіл-желпі дүниелерімен оқырмандардың ой-санасын жаулап жатыр. Олар тек бір сәтте жоғары рейтинг алуы мүмкін. Алайда олар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының орнын баса алмайды. Салмақты,   жан-жақты  зерттелген,  зерделенген  дүние  бәрібір көрерменнің, оқырманның жүрегіне жетеді және орын алады. Екеуінің аражігі осындай. Лайкқа, «охватқа» жұмыс істейтін интернет басылымдар, пабликтер материалды оның байыбына бармай тек естігендерін сала салады. Нақты, рас, шын ақпаратты оқырман тек дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана ала алады. Интернет БАҚ-тың кемшін тұстары да бар. Олар жіті тексерілмеген, зерттеліп, зерделенбеген ақпаратты желіге жүктеп жіберіп, халық арасында түсініспеушілік, ұлт­аралық араздық туғызып, елдің ішкі, сыртқы сая­сатына зиян келтіруі де мүмкін. Болып жатыр ғой неше түрлі жағдайлар. Осы тұрғыдан келгенде телеарна, мерзімді басылым ешқашан өзінің маңызын, беделі мен биігін жоғалтпайды деген ойдамын. Жаңа заманның сипатына сай көпшілігі «киноны, жаңалықтарды жіберіп алсам, желіден көре сала­мын» деп айтып жатады. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен, кейбір елді мекендерде, шалғай ауылдарда аймақ жаңалықтарын тыңдау үшін теле­арна тетігін басып,  үзбей қарап отыратындар бар.  Оны  да  айтып  қою  керек.

Телеарналарда тұшымды хабар жоқ дегенге келіспеймін. Біздің «Үштаған» ақпараттық-сарап­тамалық бағдарламамызды көрермендер күтіп көреді. Бұдан өзге де өзінің аудиториясын жинап үлгерген «Өзекжарды», «Өмірдің өзі…» секілді көптеген бағдарламамыз бар. Көрермендермен кері байланыс жақсы жолға қойылған. Аптаның бес күнінде өтетін тікелей эфир  хабарлары арқылы  көрерменнің кө­кейін­дегі нәрсені  жеткізуге тырысып келеміз.

– Облыстың маңдайалды телеарнасы талай тілшіні қанат қақтырды, бағын жандырды, жолын ашып берді. Шығармашылықтың қайнаған қазанында піскен журналистердің өзге телеарналармен  тәжірибе  алмасуы  жолға  қо­йылған  ба?

– Дұрыс айтасыз, біздің телеарнадан түлеп ұшқан журналистер мен телеоператорлардың, бейнемонтажерлердің бір шоғыры қазір республиканың маңдайалды ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүр. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Ал, тәжірибе алмасуға келсек. Телеиндустрияда күн сайын жаңалық болуда. Бұл көштен қалмай, үнемі білімді, тәжірибені жетілдіріп отыруға үлкен сұраныс. Бұл орайда «Qazaqstan» Республикалық Телерадиокорпорациясында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Мамандар аймақтарға келіп оқытады. Немесе барлық филиалдардың мамандарын жылына бір рет жинап, медиа мектеп базасында оқытып  тұрады. Жақында журналистеріміз Шығыс Қазақстан облысының  «Altai» телеарнасына  барып, тәжірибе  алмасып  қайтты.

БӘРІ  «ТЕЛЕЖҰЛДЫЗ»  БОЛУҒА  ҚҰМАР

– Қазір  журналистика  мамандығында оқитын студенттердің көпшілігі «тележұлдыз» болғысы келеді. Сіздерде жұмыс істегісі келетін жас журна­листерге  қандай   талаптар  қойылады?

– Иә, ол рас. Байқасаңыз, бәрі бірден теле­журналист болғысы келеді, теледидарға шығып сөйлегісі келеді, диктор болғысы келе­ді. Қысқасы тезірек танымал болғысы келеді. Осы мақсатпен журналистикадан мүлдем алыс  адамдар келеді. Өздерінің шығармашылық мүмкіндігіне, деңгейіне, түр-сипатына мән бермейді. Ал телеарнада осының барлығы ескеріледі. Эфирге шығып сөйлеу оңай дүние емес. Камера алдымызға келсе, өзіміз де тартынып қаламыз. Мысы басады. 800 мыңнан аса халқы бар аймақ тұрғындары қарайды, одан бөлек «Отау ТВ» арқылы республикамыз­дың түкпір-түкпіріндегі ел бақылайды. Сонда бір  сөзден жаңылып, қате жіберсең, арты абыройсыздыққа ұласуы мүмкін. Сондықтан сол жауапкершілікті сезіну керек. Бізге жұмысқа тұру үшін талап қатал. Әуелі бос орынға конкурс  жарияланады. Үміткер тестілеуден, содан кейін арнайы комиссиямен әңгімелесу сатысынан өтеді. Барлық талапқа сай болған адам жұмысқа  қабылданады.

– Дикторларға да журналистиканы бітіру  міндетті  ме?

– Жоқ, ондай  талап жоқ. Дикциясы мен келбеті сәйкес келсе, тілдің заңдылық­тарын білсе қабылдану мүмкіндігі бар. Әзір бұл маман­ға  бізде  сұраныс  жоқ.

– Орыстілді журналистердің тапшылығы бар ма?

– Бар. Бұл жалпы біздің аймақтағы журналистикаға тән мәселе ғой деп ойлаймын. Орыс­тілді тілші табу өте қиын. Бар болса, кейбіреу­лері телевизиялық параметрге сәйкес келмей жатады. Орыстілді, шығармашылыққа икемі бар мамандарды әбден шыңдап, дайындап, эфирге шығара бастағанда «жұлдыз» бола­ды да, басқа телеарналар қағып алады. Сол жағы өкінішті. Біздің  телеарна  үлкен  мектеп  қой.

– Сіздерде көрермен назарын бір толқында ұстап қалу үшін қандай жобалар, бағдарламалар жасалғалы  жатыр?

– Телеарнада жылына екі мәрте жаңа мау­сым болады. Біз қазір күзгі жаңа маусымға дайындалып жатырмыз. Көрермен тұшынып көретін бірнеше жаңа жоба әзірленуде. Олардың біреуі бәсекелестік бәйгесінен қалмайтын ұшқыр ойлы интеллектуал жастарды тәрбиелеу­ге арналады. Отбасы құндылық­тарын дәріптеуге, ұлттық күй өнерін насихаттауға арналған бірнеше жаңа хабар ұсынылады. Енді олардың атын атап, түсін түстей алмаймын. Уақыты келгенде өздеріңіз куә бола­сыздар  деген  ойдамын.

«ХАЛЫҚ»  –  БАҒЫТЫ  БӨЛЕК  БАСЫЛЫМ

– Бас алмай оқитын басылымыңыз, үзбей қарай­тын  телеарнаңыз  қандай?

– «Qazaqstan» ұлттық арнасы, «Абай», «Жібек жолы», «24kz» телеарнасын үзбей қараймын. Ал мерзімді басылымдардан «Жас қазақ», «Халық» газеттерін оқимын. «Халық» газеті – өзіндік ұстанымы, айтары бар басылым. Ешкімге ұқсамайтын стилі де бар. Сонысымен маған қызық. Басқа да телеарна, басылымдарды да қарап отырамын. Барлық әріптесімді алда келе жатқан төл мерекемен құттықтаймын. Шығармашылық шыңда талмай талаптанып, ерінбей еңбектеніп, абыройдың асуында жүре  беріңіздер.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: