Бүгінгі сатира
Бүгінгі әншілер бетегеден биік, жусаннан аласа болудан қалған! Олар туралы айта қалсаң: – «Қазақтың бір баласы ғой, қазақтар ғана бірінің мұрынын бірі шұқиды!» деп шаң жуытпайды. «Ұлы дала бұзығы» атанған Айқайбек Шыңғырғанұлы сот алдында отыр.
– Осы сен-ақ, менің алдыма келе бердің? Өткен айда біреумен төбелесіп, тебе бердің, сахнада ақсақалды боқтайсың, өзің бір қып-қызыл шоқтайсың. Айтшы, маған, осы сен қашан тоқтайсың? – деді сот ренжіп.
– Құдай қаласа… – деп міңгірледі әнші.
– Әнші деген атың бар, «Ұлы дала баласы» деген салтың бар, айтшы маған, рульде арақ ішуге қандай хақың бар?
– Құдай қаласа… – деп міңгірледі әнші.
– Немене, Құдай қаласа? Ыржиясың ғой, жас балаша? Кеше сенімен болды тамаша, шегіп алыпсың анаша, ішіп алып, көлікпен зуылдапсың, полицейлермен жанаса. Ал, біреудің миын шашып кетсең, қысқасы, басып кетсең, сосын, қашып кетсең, құрисың ғой!
– Әй, не бопты сонша? Не бопты? Е, бір авторитетіңізді көтерейін деп, жай сөйлеп тұрсам, ал, ішіп алыппын, сіз әпердіңіз бе, арақты? Өлеңдетіп қоймайсыз ғой? Ал, есірткі пайдаланыппын, сіз түк көрмегенсіз ғой! Көп болса, 20 күнге қамаңыз! Бір жылға соттап жібермекшісіз бе? Не бопты, іштім, не бопты? Не бопты деймін? Не бопты, а? Не… – деп қатты дауыстап, жынданып кетті әнші.
Сот сүмірейіп қалды. Жай ғана міңгірлеп: – Ештеңе болған жоқ… – деді. Шынында, не болыпты? Не, «біздегі заң құрттап кеткен, сосын әншілер, шенеуніктер ұрттап кеткен» деп ойлайсыз ба? Ештеңе болған жоқ!
Мұхтар ШЕРІМ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!